Кейде өмірде кездейсоқ жағдайлардың тағдырыңды өзгертіп жіберетін кездері болады. Дүйсенбай Муталов та сонау 1995-ші жылы желтоқсан айында «Қуаныш» базарының бұрынғы ескі кеңсесінің жылу жүйесін істеуге тапсырыс алғанда, алдағы отыз жыл өмірінің осы мекемемен қатар өрбитінін сезген де жоқ. Базардың бұрынғы кеңсесінің жылу жұмысын бітіргеннен кейін «Жансая» қонақ үйінің жылу жүйесін орнатуды қолға алған. Оны жаңа жылдың 11-қаңтары күні іске қосып кетуі керек еді.
Сол кездегі директор Әбдіғаппар Шаймерденұлы одақ тарап, бұрынғы тұрақты жұмыстарынан айырылып, кездейсоқ табыстармен күн көріп жүрген, қолының өнері бар дәнекерлеуші жігіттерге: «Ақыры өздерің істедіңдер ғой. Мына қыстың көзі қырауда от жағушыны қайдан табамын? Сендерге де қыстыгүні дайын тұрған жұмыс жоқ шығар? Айлықтарыңды алып, осы жерде істей берсеңдерші. Көрерсіңдер, ұнап жатса, қаларсыңдар. Өз мамандықтарыңмен тапсырыс түсіп жатса, ретін тауып жіберіп тұрармын»,- деп ұсыныс тастайды Мұрат Сәрсенбаев екеуіне. Сөйтіп, ойламаған жерден аузы дуалы, кең пейіл жанның арқасында бірлесіп жұмыс істеп жүрген қос жігіт 1996-шы жылдың он екінші қаңтары күні өздері жылу жүйесін орнатқан ғимараттарға от жағушы болып жұмысқа орналасады.
Аға буын адамдарға белгілі, бұл тұрақты жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалар жабылып, жұрттың «екі қолға бір жұмыс таппай» сабылып жүрген кезі екені жұртшылықтың есінен шыға қоймаған шығар? Жұмыс тапқанның өзінде жалақыны уақытылы ала алмай, болмашы азық-түлікпен айырбас арқылы төленіп, халықтың қиналып жүрген кезі болатын. Тіпті, қаладағы электр жарығының өзі бірде бар, бірде жоқ, қаланы да, адамдардың көңілін де қараңғылық басқан күндер өтіп жатты. 1974-жылы Түркістан қаласындағы «СПТУ-21-ге» оқуға түсіп, 1976-жылы дәнекерлеуші мамандығын алып шыққан Дүйсенбай «Ремзаводта» жиырма жыл үздіксіз еңбек етті. Заман өзгеріп, аумалы-төкпелі күй кешкенде көппен бірге ол да жұмыссыз қалды. Әр жұмыстың басын бір шалып, күнкөріс қамын ойлаған заман туды. Алдында ғана «Заготзерно» атты астық қабылдау пунктінде тоғыз ай жұмыс істеп, жалақысын ала алмаған Дүйсенбай Муталовқа базар басшысының ұсынысы «көктен құймақ жауғандай» әсер етіп, нәпақасын қара бейнетпен тауып жүрген бейнетқор жігіттер қуана қабылдайды да, келе-келе осында түпкілікті қалып қояды. Шындығын айтқанда, халықтың сол кездегі бірден-бір күнкөріс көзі осы «Қуаныш» базары болатын. Қалада ай сайын айлық беріп тұратын бірден-бір мекеме де осы. Қиындыққа толы сол күндерді еске алған Дүйсенбай Муталов екі сөзінің бірінде Әбдіғаппар Шаймерденұлын аузынан тастамай айтып: «Әулие адам еді ғой, шіркін! Жаны жәннаттан болсын! Ол кісіні дұғамнан тастамаймын»- деп қамыға сөйлеп отырды. Оның әрбір сөзінен жүрегінен шыққан алғыс, осында өткен отыз жылдық өмірдің жарқын сәттеріне деген сағыныш сезіліп тұрды. Туасы, адам бойында жаратылыстан дарыған жақсы қасиеттер көп. Соның ішінде, қанағатшылдық қасиеттің орны тым бөлек пе деп қалдым. «Қанағат- қарын тойғызар», «Тапқанымызға береке берсін»,- деген даналық нақыл сөздер Дүйсенбай Муталов сынды азаматтарға арналып айтылған ба дерсіз!? Шіркін, асып-тасып жатпаса да, Алланың берген ырыздығына, «біреуден ілгері, біреуден кейін» жүріп жатқан қоңыртөбел тірлігіне риза. Үсті-басы қандай мұнтаздай таза болса, әрбір сөзінен де, жүрегінен де сондай тазалық пен тектілік есіп тұр
«Тектілік шен-шекпенге қарамайды. Адамның болмыс-бітімінде»,- деген тап рас! Біреу келіп, біреу кетіп жатқан көпшілік орында осынша жыл абыроймен еңбек ету ердің ерінің ғана қолынан келеді десем артық айтпаспын. Дүйсекең бұл жылдар ішінде базар өмірімен біте қайнасып, түнгі базарға күзетші, арбакештерге бригадир, жарна жинаушы сияқты талай жұмысты атқарды. Қайда жүрсе де, жұмысын адалдықпен істеді. Олай дейтінім, «Қуаныш» ЖШС-нің басшысы Инара Әбдіғаппарқызы бізге мақала жазуға берген таңдаулы он бес еңбек адамының қатарында Д.Муталовтың болуы — көп жылғы адал еңбектің жемісі. Әкесі Алиханнан тоғыз жасында жетім қалып, анасы Күлайша отыз екі жасынан бастап, 1988-жылы дүниеден өткенше алты баланы жеткізу үшін бар ғұмырын сарп етті. «Қайран, шіркін, аналар арды ойлаған!»- демеске шараң жоқ. Осы тұста балалардың үлкені Дүйсенбайға да салмақ түсті. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты. «Қуаныш» базары өмірге де, еңбекке де құштар жігітке құтхана болып кездесті. Осында келгесін, 1999-жылы Гүлнәр есімді бойжеткенге үйленді. Үш перзентті болды. Көз қуанышы қыздары білім жолында жетістіктерге жетіп, ата-ана сенімін ақтап жүр. Ата-анадан мұраға қалған қара шаңырақты жаңалап, қайта салды. Әрбір пендеге тән үлкенді- кішілі қуаныштар шаңырағын шаттыққа бөлеуде. Адам баласына бұдан артық бақыт бар ма? Дүйсенбай Алиханұлы қазір 64-те. Өткен жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Алайда, әлі жұмысын жалғастыруда. Бұл да болса Ғаппар Шаймерденұлындай асылдың көзі Инара Әбдіғаппарқызының кең жүрегінің арқасы. Ол күнді Дүйсекең былайша еске алады: «Зейнеткерлікке құжат дайындап жүр едім. Баспалдақтан түсіп келе жатсам, айналайын өркені өссін, көп жасағыр Инара Әбдіғаппарқызы кездесіп қалып жөн сұрады.
Мән-жайды білген соң: «Жұмыс істейсіз бе жоқ демаласыз ба?»- деп сұрады. «Жұмыс істе десеңдер де, демал десеңдер де өздерің білесіңдер»- деп едім, «Онда балаларға тәлімгер болып жүріңіз», — деп қуантып тастады. Бүгінгі таңда базардағы автотұрақтың, көліктердің жұмысын қадағалап, басқа да қосымша жұмыстарды атқарып жүріп жатырмын. Базарда жұмыс істегің келсе, әмбебап боласың. Қолыңа ілінген жұмысты атқарып кете беруің керек»-, дейді Дүйсенбай Муталов. Пайғамбар жасынан асса да, қимылы ширақ, әрбір сөзі мен ісінен қайрат-жігер есіп тұрған жігіт ағасы менімен жарқын жүзбен қоштасып, ұзай берді. Біздер, адамзат баласы бақытты алыстан іздейміз. Аңсаймыз. Алайда, сол бір бақыт құсының жанымызда, аялы алақанымызда қонақтап отырғанын кейде сезбей де қаламыз.
Бақыт — Дүйсенбай Алиханұлының қарапайым тірлігі мен еселі еңбегін қанағат тұтып, барды бағалай білуінде. Бүгінгі таңда ақар-шақар ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өнген Муталовтар әулетінің бас көтерер үлкені Дүйсенбай Алиханұлына қазыналы қарттық, батагөй қариялық тілейміз.
P.S.Сұхбатымызды аяқтап, қоштасқалы тұрғанда Дүйсенбай інім Ғаппар Шәймерденұлының азаматтығын аңғартатын бір оқиғаны есіне алды. «Өзіңізге белгілі, сонау 1997-1998 жылдары базарда жас балалар да арба айдайтын заман болды ғой. Ғапекең бір күні Бабыр деген кішкентай баланың өзінен үлкен арба айдап бара жатқанын көріп қалып мені селектормен шақырып алды. «Мектеп жасындағы балаларға арба айдатқанымыз жараспас. Сен олардан да жарна жинап жүрсің бе?»- деп сұрақты төтесінен қойды. «Жоға, Алла сақтасын!»- дедім. Содан сол кездегі заңгеріміз Қ.Қайқыбаевты шақырып, ақылдасып, балаларға арба айдауға тиым салып едік, күн көре алмай отырған жағдайын айтып, шағымданушы ата-аналар көбейді. Ғапекең марқұм қай шаруа болсын шешімін табатын кісі еді ғой, шіркін. Ондай адамдар ілуде біреу. Базарда арба айдап жүрген балаларды жинатқызды. Жиырма бала екен. Ай сайынғы табыстарын есептеткізді де, айына 10 сом ба, он мың сом ба, әйтеуір сол кездегі орташа айлықты балаларға арба айдатқызбай, базардың есебінен беріп тұрды. Мұндай мәрттікті көргеніңіз бар ма? Сосын ол кісінің адам таң қалатын бір қасиеті, «өгіз туды десе сенетін» сенгіштігі. Апырай, таң қалмасқа болмайды. Ол кісіні «жаман» деп айтудың өзі — күнә! Өз басыма, әкемдей жақсылық жасаған кісі. Ғапекеңнің қанынан келген қасиет Инараның бойында да бар. «Қан жібермейді» — деген рас екен!» — дейді Дүйсенбай Муталов. «Қуаныш» сауда орталығы — бақытын еңбектен тапқан жандардың алтын ордасы.
