ЖАНДЫ ЖЕРДЕ ШАМШЫРАҚ

 

Біз электр энергиясын күнделікті қолдана жүріп, оның қайдан, қалай келіп жатқанына аса мән бермейтініміз шын. Ұлттық маңызы бар электр станциялары, өнеркәсіптік, аймақтық, гидравликалық электр станцияларының жай-күйі қандай? Электр энергиясын өндіру, жеткізу, жабдықтау, тұтыну, басқа да қызмет түрлерінің ел экономикасына, күнделікті тіршілігімізге әсері қандай? Шыны керек, электр қуатынсыз қас-қағым сәт отыра алмасақ та, ол жағына тереңдеп, байыптап ой жібере қоймаймыз.

Осы аса жауапты, күрделі де қаупі басым жұмысты жүзеге асыратын маман иелерінің еңбегін де лайықты бағалай алып жүрміз бе? «Қуаныш» ЖШС-нің электр маманы Аманкелді Ибраевқа жолыққалы келе жатып, басымды осындай ойлар торлады. Жүзі жылы, алпыстың асқарынан асқан жігіт ағасына жолығып, күнделікті жұмыстарының мән-жайына қаныға бастадық. «Қалай десем екен?»- деп бір сәт ойланып қалды да: «Әркімге өзінің мамандығы қымбат. Мысалы, сіздің өзіңіздің кәсібіңіз бар. Сізге ұнайды. Сол сияқты электрик мамандығы өзімнің таңдап, қаншама жылдан бері атқарып келе жатқан кәсібім. Бұл жұмысқа 2001-ші жылдары келдім. «Дядя Вася» деген электрик кісі зейнеткерлікке шықты да, сол кісінің орнына келдім. Ғапекең өзі қабылдап еді жұмысқа. Бас энергетигіміз Серік Маханов деген азамат еді. Ол кісілер де дүниеден өтті»,- деп өткен күндер елесін еске алып өтті Аманкелді Ыбырайымұлы.

Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы №6 мектептің түлегі. Алты ай түн, алты ай күн болып тұратын Мурманскіде әскери борышын өтеген. Кентау қаласындағы тау-кен-металлургиялық техникумын электро механик-техник мамандығы бойынша тәмәмдап, еңбекке араласқан. Соңғы ширек ғасырда «Қуаныш» сауда орталығының электр қуатын жолға қойып, жарықпен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас энергетигі Полат Бекасилов. Қарамағында Аманкелді Ибраев, Қанат Алтышев, Сұлтан Молдабаев, Хамит Тоқбаев, Ықылас Құралбай, Ислам Темірхан есімді өз ісінің мамандары қызмет етеді. Сауда орталығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді. «Колхозный рынок» кезіндегідей ашық аспан астында, электр қуатын қажет етпейтін сөрелер жоқтың қасы. Бәрі жабық, қазіргі заманға сай түрлі технологиялармен, тұрмыстық техника, кондиционерлермен жабдықталған. Әр тәулікке кезекшілікке үш маман түсіп, сауда орталығының электр қуатымен мүлтіксіз қамтамасыз етілуін қадағалайды. Зақымданған желілердің себебін анықтап, әп-сәтте қалпына келтіруге күш салады. Электр қуаты — қазіргі заманның нағыз тіршілік көзі. Сонымен қатар жауапсыздықты, бейқамдықты кешірмейтін сала. Аптаның дүйсенбісі — еліміздегі барлық базар, сауда орталықтары үшін «Демалыс күні» болып белгіленгені баршаға аян. Міне, осы демалыс күні сауда орталығының электр мамандары үшін — нағыз жұмыс күні. Барлық электр нүктелерін тексеріп, жалғайтынын жалғап, жөндейтінін жөндеп, ретке келтіріп алады. Электрик-техник үнемі пультте, бақылап отырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл мамандар жүздеген адамдардың өмірі мен дүние мүлкіне жауапты екендерін еш уақытта естен шығармайды. Мұнда еңбек ететін әрбір электр қызметкері уақыт тезінен, әріптестер мен басшылар сенімінен өткен өз ісінің майталмандары. Солардың арасында көпшілік ықыласына бөленген, үш перзенттің әкесі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған сегіз немеренің атасы, Бибі Фатимадай киелі анамыздың есімі берілген Фатима есімді адал жары бар Аманкелді Ибраев та бар. «Сіздердің мамандықтарыңыз қауіпті, тәуекелшіл мамандық қой»-, дедім кеудеме лықсып келген қобалжуымды жасыра алмай. «Көз — қорқақ, қол – батыр»- дегендей, көзге қорқынышты көрінгенмен әбден ысылып, үйренген жұмысымыз»,- деп жымияды ол. Күні кеше ғана Қазақстан халқына жолдаған жолдауында Ел Президенті Қ.Тоқаев: «Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гиговат болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған»- деп атап өткен болатын. Міне, Мемлекет басшысы назар аударып отырған энергетика саласының сарбаздары қатарында киелі қаладағы ірі сауда орталығының шамын жағып, шамшырағын жарқыратып жүрген «Қуаныш» ЖШС-нің энергетика қызметкерлері де қарыштап қадам басып келеді! «..Жұлдыздың, айдың орнына, отынсыз, майсыз, түтінсіз, Жанды жерде шамшырақ!»,- деп жазған екен 1932-жылы қазақтың Ілияс Жансүгірові. Шамшырағымыз жана берсін!

 

Роза НАРЫМБЕТОВА.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *