«Саябақтағы кітапхана» жобасы — Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының биылғы жылы жүзеге асырып отырған тың ізденістерінің бірі және бірегейі. Жаз мезгілінде балалардың уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге бағытталған бұл өміршең жобаны қолға алудағы мақсат мектеп оқушыларының оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, жаңа оқу жылына рухани дайындықпен келуіне мүмкіндік жасау болатын.
Білікті басшы Рысбек Летаев басқарып отырған ізденіс үстіндегі кітапхана ұжымы арнайы жобаның заман талабынан туындап отырғандығын дәлелдеп, қаншама балаға қуаныш сыйлады. Үш ай бойы кітапханаға тұрақты келіп, ең көп кітап оқыған, белсенділік танытқан оқырмандарды «Жібек жолы» саябағының «Ертегілер әлемі» алаңында марапаттап, «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар табыс етті. «Саябақтағы кітапхана» жобасының қорытынды кешіне оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен жалпы кітап сүйер қауым қатысты. Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының бишілері мың бұрала би билеп, жас әншілер Үсен Бекназар, Момиш Алмаз «Түркістаным — Тұраным», «Қазақстаным» әндерін орындады. «Бала жүрегіне жол тапқан кітаптар», «Үздік оқырман — кітапхана қуанышы» тақырыбындағы мазмұнды көрмені тамашалады. Ауа райы да әдемі көңіл күй сыйлаған кешті «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы, ғалым, ұстаз, Баян Адырбек, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев сөз сөйлеп ашып, үздік оқырмандарға салтанатты түрде марапат пен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Сондай-ақ, кеш барысында ардагер-журналист Роза Нарымбетова, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаздар Несіпкүл Өтебаева, Тұрсынхан Өскенбайқызы, тіл жанашыры, ақын Айгерім Жұмабаева бүгінгі іс-шарамен тұспа-тұс келген «Қазақстан халықтары тілдері» күнімен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Аталмыш арнайы жобаның кітап оқитын ұрпақ тәрбилеуде маңызды орын алатынына баса назар аударды. Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев қорытынды сөз сөйлеп, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жолында тағы да көптеген жобалар жоспарда бар екенінен хабардар етті. Кітап сүйер оқырмандар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Атап айтқанда:
- «Ең зерек оқырман» — Абдумуталип Назерке.
- «Шабытты оқырман» — Байырхан Еңлік
- «Кітапхана досы» — Құлмахан Айару
- «Көркем ойлы оқырман» — Төлжан Аиша
- «Ең жас оқырман» — Кенжетай Айсұлтан
Сонымен қатар, кітапхана ісіне белсене қатысып, өз өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген жас өнерпаздар да назардан тыс қалмады.
«Өнерлі оқырман» номинациясымен — Асылбек Айзере, Асылбек Айназым, Полатхан Қалдыкүл, Құрманбай Сұлтанқұл марапатталды.
Және кітапты өздері сүйіп оқитын әрі балаларына да үлгі бола білген ата-аналарымыз арнайы номинацияға ие болды.
«Кітап оқитын әке» номинациясымен Самат Қанатұлы, «Кітап оқитын ана» номинациясымен Маржан Аймұратова марапатталды.
Шара соңында Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев марапаттау кешінің нүктесін қойып, «Ең үздік оқырман» номинациясымен Абдумуталип Жанерке марапатталып, сыйлыққа ұялы телефон табысталды. Жанерке жазғы демалыстың 3 айында 42 кітап оқып, ең үздік оқырман ретінде таңдалды.
Ойын планшеттері, мектепке арналған оқу құралдарының жиынтығы, доптар, ұялы телефон, велосипед сияқты бағалы сыйлықтарға ие болған үздіктердің «Жаяу келіп, көлікпен кетіп барамыз»-, деп қуанышы қойнына сыймай бара жатқандығының куәсі болдық. Жалпы, бұл жобаға екі жүзден астам оқырман қатысып, кітаппен достасты! Кітаппен достасқан әр бала — ертеңгі білімді ұрпақ!
