МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: АҒА БУЫН ЖАС ҰРПАҚҚА ЖОЛ НҰСҚАП, БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРУІ КЕРЕК

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда халықтың рухани кемелденуі арқылы қоғамдағы түйткілдердің шешімі табылатыны туралы мәселе көтеріп, осы бағытта атқарылатын міндеттерді нақтылап берді. Мемлекет басшысы атап көрсеткен рухани кемелденудің басты шарты – өткенге баға бергенде ақиқатқа көз жеткізу, ол үшін байыпты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, жастарды кітапқұмарлыққа баулу іс-шараларын қолға алу, жаман әдеттерден арылу, ең бастысы – адал адам болу,  адал еңбек ету, адал табыс табу. Президент атап өткендей, тарихқа қатысты ғылыми негізде дәлелденбеген пікірлер ел арасына іріткі салатыны, халықты ынтымақ-бірліктен айырып,  берекені қашыратыны анық.

Өскелең ұрпақтың мемлекетшіл, адал азамат болып қалыптасуы алдыңғы буын – зиялы қауымға тікелей байланысты екеніне, қоғамның алға ілгерілеуін тежейтін алауыздықтан, өнбейтін даудан арылу қажеттігіне назар аударған Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін былайша түйіндеді: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын».

Халықтың береке-бірлігін сақтау – зиялы қауым өкілдерінің даналығына келіп тірелетін мәселе. ХХ ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының елді ұйыстырудағы орны айрықша, Отанға қызмет етудегі мемлекетшіл мінездерімен кейінгі буынға үлгі-өнеге.

Қазіргі кезде жас ұрпақтың есірткіге, құмар ойындарға тәуелділігінің артуы, зорлық-зомбылықтың балабақшадан бастап көрініс табуы – дабыл қағарлық қорқынышты жағдай. Мұның барлығы – тәрбиеден кеткен қателік. Кейбір ақпарат құралдарында жеңіл ақша табу, арам жолмен баю жолдары насихатталып жатады. Әсіресе, әлеуметтік желі жастарды аздыратын құралға айналды. Президенттің құрылтайда алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі – адал еңбек адамын қалыптастыру. Ол үшін жаман әдеттен аулақ болу керектігін тілге тиек етіп, мұны түп-тамырымен жоюды ұсынады: «Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын».

Бүгінгі қоғам шын мәнінде де қатыгезденіп барады. Өскелең ұрпақтың тәрбиесінде кеткен кемшілік зорлық-зомбылықтың кез келген түрін тудыруда. Ал, енді осы қатыгез қоғамды қалай түзеуге болады? Әрине, бұл азаматтардың рухани кемелденуі арқылы жүзеге аспақ.  Ал, рухани толысудың негізі өзегі – кітап оқу. Адамның жанын байытып, имандылыққа, сұлулыққа ынтықтыратын, білім мен ғылым тереңіне бойлататын құдірет – кітап. Сол себептен де Президентіміз Ұлттық кітап күнін белгілеу мәселесін көтерді. Бұл туралы: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді… Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп шегеледі.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана бабаларымыз. Құрылтайда қойылған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру әрбір қазақ азаматының қастерлі борышы.  Қасиетті Рамазан айында Президентіміз атап көрсеткен  «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымы барлығымызға басты меже болсын деп тілеймін.

Амангелді МАМЫТ,

Ж.А.Тәшенев атындағы университеті филология факультетінің деканы,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *