ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰРПАҚТАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫМЕН НЫҒАЯДЫ

Әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, аялы алақан, талай тағдыр талқысы жасырылған терең әжім, оған мойымаған алып тұлға келеді. Иә, әже деген алып тұлға! Ол – ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқанның шоқтығы биік болды. Ал, заңғар жазушы, маржан сөз құдыретінің егесі Шерхан Мұртазаның әжесі Айша немересінің бойына үлкен қасиетті құндақтан сіңіре білген абыз әже. Міне, әже тәрбиесімен тау тұлға болып өскен ұлт мақтаныштары жайында айтылар әңгіме, келтірер мысал таусылмақ емес. Осы орайда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлмен сұхбаттасқан едік.

– Былтыр Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына

10 жыл толды. Әжелер алқасының мақсаты мен тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Өткенімізге ой салсақ, қазақ жері қай заманда да ен байлыққа көз тіккен жат елдің шапқыншылықтарынан көз ашпай, нешеме ғасыр өмірі жаугершілікпен өтіпті. «Үйде туып, түзде өлуге» тас-түйін бекіп, ат үстінде жігер-күшін шыңдап өскен қазақтың әрбір баласы ата-баба қанымен аманат болып жеткен елді, жерді сақтауды өзінің айнымас парызы санаған. Ал, қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі сол ел қорғаны болған азаматы шаңырағының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қалайша бұлжымай орындалып отырды? Әрине, бүкіл бір рулы елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, әке ақылымен бала санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Әсіресе бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашан да жоғары болғаны айнымас шындық. Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын» деген екен. Шындығында, оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыз ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан марқұм қалып бара жатқан жоқ па деген ой мазалады. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы 3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасының іргесін қаладық.

– Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды?

– Жалпы, 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 25 000-нан астам жас тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әже марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстар салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде. Өткен жылы Әжелер алқасының құрылғанына 10 жыл толып, аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – талбесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай Әжелер алқасы облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда. Әжелер алқасы құрылғаннан бергі осы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып таратылды.

– «Аялы әже» деген мүсін-таңбасына дейін жасаған екенсіздер, соның мән-мағынасына тоқталып өтсеңіз.

– Аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи оюланған «Аялы әже» мүсін-таңбасы жасалынды. Бұл мүсін-таңбаның мән-маңызын сараласақ, онда қос алақанның ортасында шашақты тұмар, аспан жұлдыздары бейнеленген. Тұмар – тіл-көзден сақтайтын қасиетті қазақи ұғым болса, шашақтары – ұлтымыздың өсіп-өнген ұрпағы. Жоғарыдағы жұлдыз аспанның ашықтығын, бейбітшілікті бейнелесе, жиегіндегі өрнегі ұлттық құндылығымыз – салт-дәстүрді айшықтайды. Ал, қос алақан – сол ұрпақты мейірім-махаббатымен, кемел кемеңгерлігімен, адастырмас ақылымен, ұлттың ұлық құндылықтарымен суғарылған тәрбие бесігіне бөлеп өсірген әженің аялы алақаны. Қасиетті таңба-мүсінді еліміздің барлық облыстары мен қалаларында қолма-қол эстафета ретінде таратуды іс жүзінде іске асыра отырып, жалғастыру ұсынылады.

– Бұл еңбектеріңіз республика деңгейінде жасалатын жұмыс екен, осы орайда мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Өткеннің жауһарын сүзіп алып, бүгіннің озығымен ұштастырып отырған бұл ұйымның жұмысы Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. Былтыр 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал, мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Біздің Әжелер алқасы Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отырғаны даусыз. Осындай маңызы бар істің біздің оңтүстік өңірінен бастау алғанына қуанамын және мақтаныш тұтамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы орайда қазыналы қарттардың қамын қамдап, ұрпаққа ұлағатын дарытып отырған Ардагерлер кеңесіне әрдайым қолдау көрсететін облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының аға ұрпақ өкілдеріне деген ілтипат-құрметіне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, ардагерлер ұйымдарының жұмысына баса көңіл бөліп, осы ұйымдардың барлық бастамалары мен ұсыныс-өтініштерін орындауға көмектесіп, үлкен азаматтық көрсетіп жүрген аудан, қала басшыларына да алғыс айтамыз. Шындап келгенде, сіз бен біздің бәріміз бір мүддеге – еліміздің ертеңі үшін қызмет етіп отырмыз. Дегенмен, ұлттың тірегі де, алтын арқауы да болған, болып та келе жатқан, бола да беретін қазақтың асыл әжелерінің тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттап, оған мемлекеттік маңыз берудің уақыты әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Сондықтан «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының қолдауымен жаңа бастамамызға «Аялы әже» мәртебесін беріп, Әжелер алқасының он жылдық жұмысының озық іс-тәжірибелерін республика көлемінде таратуды қолға алдық. Осыған орай «Аялы әже» деп атаған мүсін-таңбамызды еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдаймыз. Алғашқы эстафета былтыр 22 қарашада Түркістан қаласында өткен «Аялы әже» форумында салтанатты түрде Жамбыл облысына тапсырылды. Түркістан облысынан бастау алған игі бастама еліміздің барлық түкпірінде жалғасын тауып, ұлтымыздың өресін биіктетуге қызмет ете беретініне бек сенім артамыз.

– Форумда үндеу жариялаған едіңіздер, сол үндеудің мақсатын айтып кетсеңіз?

– Аға буын өкілдерінің ұрпақтар сабақтастығы бойынша мақсаты – жастардың ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосу. Еліміздегі жасампаз жаңалықтар, орасан зор саяси оқиғалар бәрімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлік пен ынтымақта, татулық пен тұрақтылықта және бірлесе атқарғанда ғана алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткіземіз. Мемлекет басшысы

1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «…ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деп атап көрсетті.

Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-бабалар аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені, олардың өлшеусіз рөл атқаратыны ақиқат. Сондықтан «Аялы әже» форумының аясындағы басқосуында айтылған ұсыныстарды, ортаға салынған ойларды, парасатты пікірлерді ескеріп, баршаңызды жұмыла жұмыс істеуге шақырамыз!

– Мағыналы әңгімеңіз үшін көп рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

 

Сұхбаттасқан 

Рауан МУТАИР,

журналист.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *