ТҮРКІСТАН: ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ТӘРБИЕСІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

 

Түркістан облысында жастар арасындағы тәрбие мен құқықтық сананы жетілдіру шаралары жиі өтуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында кәмелетке толмаған балалар полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында болған 660 құқық бұзушылықты анықтаған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 541 жағдайы тіркелген. Тәртіп сақшылары жасөсіпімдер арасында құқық бұзушылықтар орын алмау үшін Түркістан қаласының тұрғындарына қатаң түрде кеш құрым балаларды қадағалауға, түнде сауық кештерге жібермеу керек екендігін ескертуде.

Елімізде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азайған жоқ. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Осы орайда бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын. Сарапшылардың айтуынша жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі нақты мақсат-мүддесінің жоқтығы екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ.Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын өзгертулер енгізу қажет.

Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елде 6 716 565 отбасы бар. Оның 2 416 364-і ғана жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы – қанағаттанарлық, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 432 отбасының жағдайы нашар (ең көбі Алматы облысында 106 247, Түркістан облысында 85 985, ШҚО-да 69 986 және Алматы қаласында 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, соны¬мен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым. Сондықтан жасөспірімдер қылмысының жиілеуі көп.
Ресми мәлімет бойынша, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Соның ішінде 38 кәмелетке толмаған жасөспірім теріс қылық көрсетсе, 536-сы түрлі деңгейдегі қылмыс жасаған. Мәселен, 254 адам ауырлығы орташа, 225 адам – ауыр, 44 адам – орташа ауыр, 13 адам аса ауыр қылмыс тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың басым бөлігі Алматы облысына тиесілі (66 оқиға). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (50 оқиға), Қарағанды және Түркістан облыстары (47 оқиға) да жасөспірімдер қылмысы көп аймақтар қатарында. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (12 адам) тіркелген.

Сарапшы-ғалымдардың айтуынша, қылмысқа барған жасөспірімдердің әрекеттеріне әлеуметтік тұрғыдан да көптеген себеп ықпал етеді. Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауы, бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру қылмыстық әрекеттің алғышарты саналады. Қолы бос бала айналасындағы ортаның кері ықпалына тез түседі. Әсіресе, ғаламтордың әсері орасан зор. Таңнан кеш батқанға дейін балалар интернет желісінде отыратыны жасырын емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *