Бүгінгі таңда сот отырысына бейне байланыс құралдары арқылы қатысушылар саны көбейді. Сол себепті, сотқа орнынан тұрып жауап беру, айғақтар мен дәлелдемелер ұсыну бойынша әрекеттер сот отырысы форматына қарай ескеріліп, өзгертілді.
Енді формат жағына ойыссақ, жаңа Заң соттар жұмысын заманауи форматта жетілдіруге күш салады. Онда, артық сот шығындарын қысқарту мәселелері, өндіріп алушыға сот бұйрығын беру және оны орындауға жіберу тарауында бұрынғыдай сот бұйрығын соттың мөрімен куәландырмай, электронды түрде қол қою туралы өзгеріс енгізілген. Және сот актісінің көшірмесі тікелей өндіріп алушының арызымен тиісті сот орындаушыға жолданады. Бұл бұрынғы әуре-сарсаңды азайтады. Сондай-ақ, сот бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу жағдайында борышкер мен өндіріп алушыдан түсіндірме алу үшін сотқа шақырмай-ақ, заңда белгіленген тәртіпке сай, борышкердің арыздары бойынша сот актісін, яғни сот бұйрығын заманауи электрондық форматта шығарады. Оған қоса, куә ретінде шақырылған тұлғаның негізді себептерге байланысты сот шақыруына келе алмаса, оның болған жерінде немесе жаңа жоба бойынша заманауи техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып жауап алынуы мүмкін.
Шешімді шығаратын, үкімнің соңғы нүктесін қоятын сот. Тіпті кейде сот отырыстарында сотты құрметтемеушіліктер де болады. Ашық сот процестерінде, заң бойынша бейнесюжет жасауға, аудио-дыбыс жазуға рұқсат етілген жағдайда олар да ақпараттың шынайылығына мән беруі керек. Сонымен қатар, сот табалдырығының алдында тұрып алып, нақақтан-нақақ ақпарат таратындар оның сұрауы барын білуі тиіс. Ал сот отырысында, сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталса, төрағалық етуші судья заң бұзушыға сот отырысында сол факт бойынша дереу шаралар қолданады. Ол факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Осындай іс-шараларға қатысты мәселелер шешімін тапты. Сот приставының процессуалдық дәрежесі заңнамалық тұрғыда азаматтық іс жүргізу аясында нақтыланды. Пристав сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіпті сақтайды, сотқа процестік әрекеттерді орындауда жәрдем көрсетеді, соттарда судьялар мен процестің өзге де қатысушыларын күзетуді жүзеге асырады. Яғни, төрағалық етушінің өкімдерін және өзіне заңмен жүктелген басқа да өкілеттіктерді орындайды. Азаматтық процестік кодекске екі жаңа бап қосылды. Олар жаңағы айтып кеткен сот приставы мен аудармашыға қатысты баптар. Сондай-ақ, сараптама тағайындау кезінде сот тараптардың өтінішхаты негізінде немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды. Тұлға сарапшыға қоюға тиіс сұрақтарды сотқа ұсынып, жауап алуға құқылы. Сарапшының қорытындысында көрсетілуі тиіс сұрақтарды сот белгілейді. Сот қатысушы тараптан ұсынылған сұрақтарды қабылдамауы жөнінде сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымында көрсетуге міндетті. Аталған бапқа қосымша өзгертулер енгізілген сараптама материалдарын сот айқындайды. Егер сараптама жүргізуде куәлардан қосымша мәліметтер қажет болса, сот оларды шақыруы және сарапшының қатысуымен жауап алуға құқылы. Тараптарға бұл туралы хабардар етіледі. Бірақ олардың келмеуі куәлардан жауап алуға кедергі болмайды. Мұнда жауап алынған куәлар істі қарау кезінде сот отырысына келуден және қайта жауап алудан босатылмайды.
Азаматтық істерде көбіне дау-дамай, отбасылық жағдай, тағы басқалары бар. Жаңа жобада татуластыру рәсімдеріне де көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Мысалға, бұрындары татуластыру рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, жариялы азаматтық-құқықтық қатынастардан шығатын істерге қолданылмаса, енді барлық азаматтық істерге қолданылатын болады. Яғни, қолдану аясы кеңейеді. Сонымен қатар, партисипативтік рәсімді тек адвокаттар емес, енді заң консультанттарының да жүргізу мүмкіндігімен кеңейтілген. Қазір заң консультанттары көбейгеніне байланысты, енді тараптарды татуластырудың бір жолы — партисипативтік рәсімнің қолданылуы жиіледі. Дауды бейбіт жолмен реттеуге кең өріс ашылады.
Қорыта айтқанда, сан-салалы реформаларды жүзеге асырып жатқан сот жүйесі туралы түсіндірме жұмыстары Түркістан облысында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазір қоғамның көзқарасы өзгерген, сауаттылықтары да артқан. Дегенмен де, сот реформалар халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін әлі де үгіт-насихат жұмыстарын күн тәртібінен түсірмеген абзал. Сонда ғана, жалпы қазақстандықтардың, оның ішінде түркістандықтардың заң аясындағы сауаты арта түсуі анық.