ТҮРКІСТАН: «ӘР ІС НӘТИЖЕ БЕРУІ ТИІС»

Қазақстан Республикасының ең негізгі саяси және құқықтық құжаты Ата Заң десек, ондағы заң талаптарының орындалуын прокуратура органдары қамтамасыз етеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін білу үшін біз облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиевпен сұхбаттасқан едік. 

– Мұрат Әжінұрұлы, бүгінгі сұхбатымызды Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралардан бастағымыз келіп отыр. Өңірдегі бүгінгі таңдағы қылмыстық ахуал қандай, осы туралы да әңгімелеп берсеңіз.

– «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру – бүгінде прокуратура органдары жұмысының негізгі бағдарына айналды. Біз осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Мұндағы мақсат – азаматтардың бостандығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, былтыр прокуратура қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен, олардың ата- аналарымен, сондай-ақ оқытушылармен құқық бұзушылық профилактикасы тақырыбында 3000-нан астам кездесу өткізді. Аталған іс-шара биыл да жалғасады. Сонымен қатар, адам көп шоғырланған жерлерде интернет-алаяқтықтың түрлері және осы қылмыстан сақтану жолдары көрсетілген буклеттер таратылды. Облыс аумағындағы 50-ден аса лэд-экран мен 70 билбордтан интернет-алаяқтық қылмыстарының жаңа түрлері туралы бейнероликтер көрсетіліп келеді. «Бұзушылыққа тоқтам» атты құқық бұзушылықты жылдам анықтауға мүмкіндік беретін телеграм-бот әзірленді. Облыс прокуратурасының бастамасымен өткен жылы өңіріміздің барлық аудандарында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ», есірткімен күреске арналған «Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!» және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мақсатында «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» тақырыптарында ауқымды форумдар өткізілді. Біз бұл іс-шаралармен тоқтап қалмай, осы жылдың наурыз айында Түркістан қаласында «Сотталғандарды ресоциализациялау:  проблемалар, оларды шешу жолдары және қоғамның бейімделу процесіндегі рөлі» тақырыбында пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған форум өткіздік. Сотталғандардың қайта қылмыс жасауына бірден-бір себеп – жұмыссыздық. Форум аясында сотты болған азаматтардан қайта кәсіптік білім алуға және бизнес ашуға байланысты 120 өтініш түсті. Жыл басынан бері отбасылық құндылықтарды сақтау және дәріптеу мақсатында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының қатысуымен аудан-қалаларда жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, ақпан айынан бастап интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындарға алаяқтардың ықтимал байланыс нөмірлері жайлы ақпарат тарату мақсатында «Алаяқтан – сақ бол!» телеграм-бот жобасы әзірленді. Телеграм-ботқа облыс аумағында жасалған интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша қолданылған байланыс нөмірлері енгізілген. Кез келген азамат күмәнді нөмірлерді телеграм-ботқа енгізу арқылы өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Осы іс-шаралардың, сондай-ақ ел ішінде жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өңірімізде 3 айдың қорытындысы бойынша құқық бұзушылық деңгейі едәуір төмендеді. Аса ауыр қылмыс – 54,3 %-ға, ауыр қылмыс – 8,4 %-ға, орташа қылмыс – 18,8 %-ға және қылмыстық теріс қылықтар 7,5 %-ға азайды. Сонымен қатар, адам өлтіру – 37,5, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 50, тонау – 20, қорқытып алу – 46,2, ұрлық – 42,4, мал ұрлығы – 17,9, бұзақылық – 45,7, есірткі қылмыстары – 22,1 және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 75 пайызға төмендеді. Қылмыс деңгейінің төмендеуі мен тұрғындардың құқықтық мәдениетінің артуы – прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, әділдік пен тәртіпті нығайта түседі деп сенемін.

– Қазір БАҚ беттерінде білім саласындағы жемқорлық пен заңбұзушылықтар жөнінде көптеген ақпараттар жарияланып жатыр. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

– Аймақтағы білім бөлімдерінің (Бәйдібек, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Сауран, Шардара) лауазымды тұлғалары мен жауапты қызметкерлеріне қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, экономикалық тергеу департаменті және облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша тергеу жүргізді. Бүгінгі таңда білім саласына қатысты барлық қылмыстық іс сотқа жолданды. Жалпы, білім саласында жұмыс істейтін 150 қызметкер мемлекеттік бюджеттен 12 млрд. теңгеге жуық қаражат жымқырған. Тергеу барысында 1,5 млрд. теңге көлемінде келтірілген залал мемлекетке қайтарылып, қылмыстық жолмен табылған 2,9 млрд. теңгенің мүлігіне тыйым салынды. Созақ, Сауран, Сарыағаш және Келес аудандарының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шығып, қалғандарының ісі сотта қаралып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *