ТҮРКІСТАН: «ӘР ІС НӘТИЖЕ БЕРУІ ТИІС» — 2

– Прокуратура органдарынының заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын білеміз. Сонымен бірге сіздер құқық қорғау жүйесінің барлық қызметін үйлестіруші болып табыласыздар. Облыс прокуроры ретінде өңірдегі қылмыс және заңбұзушылықтармен күрес нәтижелерін қалай бағалайсыз?

– Өңірімізде қылмыстық қудалау және құзырлы органдардың жұмысын үйлестіру нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі біршама төмендеді деуге болады. Былтыр облыс прокуратурасы «Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқық бұзушылақтардың алдын алу» тақырыбында үйлестіру кеңесін өткізіп, нәтижесінде кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауы, зорлық-зомбылық және қылмыстың алдын  алуға бағытталған «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» КММ құрылды. Орталықта және білім беру ұйымдарына антибуллингтік бағдарламаны енгізу жөніндегі жобалық кеңсе жұмысын ұйымдастырудың жол картасы дайындалды. Прокуратура биылғы 3 айда 32 мыңға жуық азаматтың, оның ішінде 2 370 кәмелетке толмаған жасөспірімнің құқықтарын қорғады. Сонымен қатар облыстық прокуратура тарапынан уәкілетті, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру арқылы бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Атап айтар болсақ, әйелдер мен балаларға арналған сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының жұмысы жолға қойылды. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1 800-ден астам өтініш тіркеліп, оның 65%-ы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында былтыр облыстағы 700-ден астам мектепке бейнебақылау камералары орнатылды. Түркістан қаласында және аудан, қала орталықтарында «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қауіпті аймақтарда жол белгілері орнатылуда. 2023-2024 жылдары құқық бұзушылықты жедел анықтау және ашу мақсатында коғамдық орындарға, көшелер мен үй-жайларға 1 200 бейнекамера орнатылса, биыл олардың саны 2 000-ға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

– Мемлекет басшысы прокурорларға инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырма өңірімізде қалай орындалып жатыр? 

– Инвесторлық жобаларды сүйемелдеу – Мемлекет басшысының прокуратура органдарына берген тікелей тапсырмасы. Осы тапсырма аясында атқарылған жұмыстар туралы БАҚ-та бірқатар материалдар жарияланды. Атап айтқанда, прокурорлық сүзгі – бұл иннвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға қатысты заң бұзушылықтардың алдын алу тетігі. Мұнда прокуратура мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты шешімдері мен әрекеттерін алдын-ала талдап, заңға қайшы келген жағдайда дер кезінде шара қолданады. Мұндағы мақсат – инвесторлардың мүддесін қорғау, сенімді әрі қауіпсіз бизнес орта қалыптастыру. Былтыр облыстық прокуратураның бастамасымен алғаш рет «Инвест-Караван» акциясы өткізілді. Акция аясында 35 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, өңірдегі инвесторлар мен кәсіпкерлердің жұмыс барысында туындаған өзекті проблемаларын шешу жолдары қарастырылды. Мысалы, прокуратура қызметкерлері өткен жылы 15 инвестордың құқығын қорғаса, биыл аталмыш акция аясында 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғаны анықталып, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күші жойылды. Екі инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде, биылғы 3 айда 276 жеке кәсіпкердің және

5 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба бойынша нақты проблемалар шешілді.

– Өзіңізге мәлім, мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар аз емес. Прокурорлар бюджет қаражатын үнемдеуге қаншалықты үлес қосып жатыр?

– Жалпы, бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде заңдылықтардың сақталуы  – прокуратураның жіті бақылауында. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің белгіленген қағидаттарын айналып өтіп, мердігерлерден негізсіз қызметтер мен жұмыстарды сатып алудың жолын кесу бойынша бірқатар шара қабылданды. Прокуратура былтыр мемлекеттік сатып алу саласы бойынша 7,2 млрд. теңгені құрайтын 19 мемлекеттік сатып алудың күшін жойып, 5 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Соның біріне тоқтала кетсем, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасының талаптарын бұзып, 4,2 млрд. теңгені құрайтын жұмысты заңнама талаптарына қарама-қайшы түрде сатып алуды жоспарлаған. Өз кезегінде прокурорлық қадағалау актісімен мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды. Сонымен бірге, мемлекетке келтірілген шығынды өтеу бағытында 989 млн. теңге мемлекет пайдасына өндірілді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *