
– Түркістан облысында жыл сайын жер мәселесі көтеріледі. Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қай сатыда? Басқа да прокурорлық қадағалау актілері енгізілді ме?
– Оңтүстік өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жер мәселесі. Жасыратыны жоқ, бұл салада заң бұзушылықтар бұрыннан бар. Атап айтсақ, былтыр прокуратура органдары 55 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жұмыстармен тоқтап қалмай, осы жылы біз мемлекетке 314 млн. теңге залал келтірген Сауран ауданындағы 2 000 гектар жердің жалған құжаттар арқылы ресімделгенін анықтадық. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тағы бір мысал, Төлеби ауданында жалпы 62 жер телімі заңсыз ресімделген. Жердің бағасы да бірнеше есе артық көрсетілген, яғни 3 млн. теңге тұратын жерді құжатта 37 млн. теңгеге дейін бағалаған. Прокуратура құны 2 млрд. теңгеден асатын 7 000 гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтарды. Бұдан бөлек құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Түркістан қаласындағы аукционсыз берілген 604 гектар жер учаскесін сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткіздік. Қазіргі таңда жер мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар барлық қала, аудандарда жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы саласына субсидия беруде де заңсыздықтар жиі орын алып жатады…
– Өзіңізге белгілі, прокуратура органының қадағалау бағыттарының бірі – мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдалануға жүйелі түрде баға беру. Өткен жылы прокурорлық тексерулердің нәтижесінде бірқатар шаруа қожалықтарының мемлекеттен жалған құжаттармен заңсыз субсидия алғанын анықтадық. Олар жалпы 271 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Мысалы, бір ғана шаруашылық 400-ден астам ірі қара мен 5 мыңнан астам уақ малдың жалған деректерін пайдаланып, ақша алған. Қазіргі таңда бұл факті бойынша 5 адамның ісі сотқа өткізіліп, олардың құны 120 миллион теңгені құрайтын мүліктері тәркіленіп, тергеу барысында 20 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Прокуратура соңғы бір жылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау саласында мемлекет қаржысын жымқыру немесе мақсатсыз игеру фактілерін анықтады. Мәселен, Сауран ауданында мал шаруашылығына бөлінген 281 млн. теңгені, ал, Сайрам ауданында балық шаруашылығына арналған 132 млн. теңгені жымқыру фактілері анықталды. Оларға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге Арыс, Бәйдібек және Төлеби аудандарында жалпы құны 229 млн. теңгеден асатын субсидиялау тәртібінің бұзылғандығы анықталып, бүгінгі таңда прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде осы қаржыларды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
– Қазір Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие. Осы мәртебеге лайық болу үшін өңір қай бағытта дамуы қажет? Сіздің түсінігіңіздегі рухани астана қандай сипаттарға ие болуы керек?
– Түркістан – қазақтың, күллі түркі әлемінің рухани астанасы атанып, ерекше мәртебеге ие болды. Осы атқа сай болу үшін бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – алкогольден бас тарту. Өңірдегі 60-тан астам ауылда алкогольдік ішімдіктер мүлдем сатылмайды. Бұл ұлттың денсаулығын, рухани тазалығын және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Бұл бастама басқа өңірлерге үлгі болуы керек. Түркістан – тарих пен болашақтың тоғысқан мекені. XІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынған шаһар Түркі әлемінің діни орталығына айналса, 2018 жылы рухани және тарихи орталығымыз ретінде қайта жаңғырды. Түркістан қаласының аумағында 100-ге жуық киелі орын бар. Мұнда қазақтың қаншама хан-сұлтандары, билері мен батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Бұған қоса, көне шаһардың қазақтың салт-дәстүрін, тілін, дінін, рухани келбетін сақтаудағы орны ерекше. Біз оны сақтап қана қоймай, ары қарай дамытуымыз қажет. Ол үшін қалаға инвестициялық жобаларды көптеп тарту керек деп ойлаймын. Сонда жұмыс орындары көбейіп, жергілікті тұрғындардың табысы да көбейеді. Ал, бұл еліміздің экономикасына серпін береді деп есептеймін.
– Өзіңіз жұмыстан тыс уақытта қандай істермен айналысасыз? Құқық қорғау саласынан өзге қандай жұмыстарды өзіңізге серік етесіз?
– Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, жұмыстан босаған кезде де жұмыс жайлы ойланамыз десем, өтірік емес. Бірақ, кешкі уақытта газет, кітап оқығанды дағдыға айналдырғанмын. Өзім волейбол ойынын ұнатамын. Ол ептілік пен командамен жұмыс істеуді үйретеді. Бұл тек ойында ғана емес, жұмыс барысында да көмегін тигізеді. Адам әр ісін саналы түрде өзіне пайдалы болатындай етіп істеуі керек. Әр іс нәтиже беруі тиіс. Сондықтан кітап оқу, спортпен айналысу және т.б. әрекеттердің барлығы өзіңе пайдалы болуы қажет екенін ескерген жөн.
– Мұрат Әжінұрұлының қарапайым азамат ретіндегі ұстанымдары қандай?
– Менің негізгі ұстанымым – осы мемлекеттің азаматы ретінде елімнің өсіп, өркендеуіне өз үлесімді қосу. Болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру, оларды ата-анаға құрметпен қарауға баулу. Менің ойымша, болашақ – жастардың қолында десек, оларды елімен, ана тілімен, мәдениетімен мақтанатын және ұлттық құндылықтарды құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеу – біздің парызымыз. Жастар өз күштеріне сенсе, елдің болашағы да жарқын болады. Өйткені, олар тек армандаумен шектелмей, соны жүзеге асыру үшін әрекет етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бастамаларды біріге жүзеге асырсақ, Қазақстанның болашағы жарқын болады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Бауыржан ЕРМАН
