ТҮРКІСТАН: ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

 

Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқан урбанистік орталықтардың бірі ретінде инфрақұрылымдық тұрғыда жаңару кезеңін бастан өткеруде. Қаланың инженерлік жүйелері — соның ішінде электр желілері мен телекоммуникация инфрақұрылымы — тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін басты факторлар қатарында. Осы бағыттағы кемшіліктер мен оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен арнайы жиын өтті.

Аталған жиын қаланың инженерлік инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Онда қала әкімдігіне қарасты тиісті бөлім басшылары, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит», «Қазақтелеком», «Транстелеком» секілді қызмет көрсетуші компаниялардың өкілдері бас қосты. Бұл жиын — тек техникалық мәселені талқылау емес, жауапты мекемелер арасындағы ведомствоаралық өзара байланысты күшейту қажеттігін көрсеткен маңызды алаң болды. Жиын барысында Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Мақсат Батырханов қала әкімінің тапсырмасымен жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысымен таныстырды. Тексеру нәтижесінде қаланың бірнеше аймағында техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы, С.Ерубаев көшесі және Қуаныш базары маңында жарық шамдары мен бағдаршам бағаналарына рұқсатсыз ілінген сымдардың көбеюі, қала секторы аумақтарында ескірген электр және телекоммуникация бағаналарының әлі де пайдаланылып келуі, рұқсатсыз қойылған трансформаторлардың тұрғын қауіпсіздігі мен қала келбетіне кері әсер етуі сынды түйткілдер шығып отыр.  Бұл тек эстетикалық мәселе емес, ең алдымен қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторлар. Электр сымдарының бейберекет ілінуі, трансформаторлардың ережеге сай орналастырылмауы өрт немесе тоқ соғу қауіптерін арттырады.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын барысында анықталған кемшіліктерді дереу жоюды тапсырды. Ол өз сөзінде бұл мәселелердің созбалаңға салынбай, қысқа мерзім ішінде шешілуі қажет екенін нақтылап өтті. Қызмет көрсетуші мекемелер — «Оңтүстік Жарық Транзит», «Қазақтелеком», «Транстелеком» және өзге де ұйымдарға нақты міндеттер жүктелді. Бұған қоса, қала әкімдігі тарапынан ведомствоаралық үйлесімділікті күшейту қажеттігі айтылды. Инфрақұрылым салаларында мұндай үйлесімсіздік жиі кездеседі. Яғни бір мекеме қазып кеткен жолды екіншісі жөндей алмайды немесе бір желі тартылып болғанша екіншісінің сызбасы жоқ болады. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін бірлескен, алдын ала жоспарланған жұмыс форматы қажет. Электр және телекоммуникация инфрақұрылымы — қала өмірінің көрінбейтін, бірақ ең маңызды жүйелерінің бірі. Ол тікелей тұрмыстық қолайлылыққа, қауіпсіздікке және ең бастысы — қаланың сыртқы келбетіне әсер етеді. Қала көшелерінде артық сымдар, қисық бағаналар, қараусыз трансформаторлар болмауы тиіс. Мұндай көріністер Түркістан секілді рухани әрі туристік маңызы зор қала үшін — имидждік мәселе. Бүгінде Түркістан — тек қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де қызығушылық тудыратын тарихи қала. Сондықтан оның инфрақұрылымы да, эстетикасы да жоғары талаптарға сай болуы тиіс.

Қала әкімі жиын соңында тиісті мекемелерге кемшіліктерді жедел түзетумен қатар, мұндай жағдайлардың алдағы уақытта қайталанбауы үшін нақты жоспар түзу қажеттігін атап өтті. Бұл жерде тек жою емес, алдын алу шаралары маңызды. Әрбір инфрақұрылымдық өзгеріс жоспарлы, келісілген және заң аясында болуы керек. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан бақылау және мониторинг жүйесін жетілдіру мәселесі де өзекті. Тексерулердің мерзімділігі, тұрғындардың шағымдарына шұғыл әрекет ету, және ең бастысы — жауапкершілік жүйесінің қалыптасуы арқылы ғана нақты нәтиже болады. Түркістан қаласында электр және телекоммуникация инфрақұрылымына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар — тек техникалық өзгеріс емес, бұл — қаланың қауіпсіздігі мен заманауи келбетінің кепілі. Қала әкімінің талапшылдығы мен нақты тапсырмалары, сондай-ақ тиісті мекемелердің жауапкершілікті сезінуі бұл бағыттағы түйткілдердің жүйелі түрде шешілетінін көрсетеді. Түркістан — тарихи ғана емес, технологиялық дамуға бағыт алған заманауи қала. Сол себепті оның инфрақұрылымы да осы деңгейде болуы тиіс. Мұндай көзқарас пен ұстаным — Түркістанның тұрақты, қауіпсіз және тартымды қала ретінде даму жолындағы басты бағдаршамы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *