Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған еді. Мемлекет Басшысының аталған Жолдауы Түркістан облысының тұрғындары тарапынан зор қолдау тауып, келер күнден зор үміт артып отыр.
Біздің еліміздің одан әрі даму бағытының негізгі векторларын айқындауына байланысты, стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Әрине, Жолдауда саяси, экономикалық және әлеуметтік сұрақтармен бірге азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтарына да ерекше назар аударылған.
Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екендігін атап өткен Президент сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.
Аталған бағыттарда белгілі бір жұмыстар атқарылып та келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жыл отандық сот жүйесі дамуының маңызды кезеңі болды. Ұлт Жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған 17 заң жобалары дайындалды. Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, соттардың жайлылығы артты, республика соттарында қазіргі заманғы және келушілерге қолайлы фронт-офистар ашыла бастады.
Мемлекет Басшысының өз Жолдауында баса назар аударған сот шешімдерінің сапасын арттыруға жеке тоқтала кету керек. Жоғарғы Сот жергілікті соттар және заң қауымдастығымен бірлесіп аталған бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Аталған жұмыстың нәтижесіде Жоғарғы Соттың «Сот үкімі туралы» және «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» жаңа нормативтік қаулысы қабылданды. Бұрын егер сот шешімдері жүйеленбеген, көптеген керек емес ақпараттардан тұрса және қарапайым азаматтарға түсініксіз және қол жетімді болмай «ауыр» заң тілінде жазылса, қазір сот актілерінің нысаны мен тілі күрт өзгерді. Сот актілері қысқа және үйлесімді, заң терминологиясының артық «кептелуінсіз» жазыла бастады, халықаралық соттардағыдай анық құрылымы мен бөлімдердің нөмірленуі бар, тараптардың әрбір дәйектеріне уәжделген жауаптардан тұрады.Ең бастысы, енді іс бойынша шешім жариялағаннан кейін судья процес қатысушыларына қабылданған шешімнің уәждерін түсінікті және қарапайым тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Бұл жаңашылдықтар практикада өзінің тиімділігін дәлелдеп берді, сот актілерін жоғары тұрған сатыларда шағымдалған сот актілерінің саны анағұрлым азайды.
Сот саласында жүріп жатқан түрлі реформалар қатарына «Азаматтық процестік кодекстегі соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқартуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жатады.
Дәуірдің, заманның илеуіне қарай, заңдар да жаңарып, толықтырылып өндіріске енуде. Бұл уақыттың талабы. Сан-салалы реформаларды жүзеге асырып жатқан сот жүйесін сараптайтын болсақ, соттарға артылған жүктеме қара нарға артқан жүктей. Сот жұмысының жүктемесін жеңілдету, бұқара халықтың сотқа деген сенімін арттыруда қыруар шаруалар атқарылды. Арғы жағын айтпай-ақ, 2016 жылы өткен VII съезінде қабылданған шешімдер жүзеге асуда. Соның бір парасы Азаматтық процестік кодекстегі өзгерістер мен толықтырулар. Олар сот отырысы тараптарының уақыты мен қаражаттарын үнемдеуге, сот жүктемесін жеңілдетуіне алып келді. Тек мұнымен шектелмей біраз сұрақтар, оның ішінде, сот отырысына қатысты, бұйрық арқылы іс жүргізу, татуластыру рәсімдері, сот шешімдері және өзге де өзекті тақырыптар, сотта шешілетін мәселелер құзіреті кеңейді.
Қазір біз технологиялық дәуірде өмір сүрудеміз. Сағат сайын, тіпті минут сайын ғылыми жеделдетілген әрі автоматтандырылған құрылғылар қолданысқа енуде. Соның бірі сот саласын цифрландыру. Енді бұл техникалық құралдарды пайдалану бойынша заңға: «Соттың рұқсатымен тараптар, куәлар, сарапшы-мамандар, аудармашылар техникалық құралдарды қолдануына құқылы және техникалық құралдар сот отырысы барысында қосымша дәлелдемелер, ақпараттар ұсыну мақсатында қолданылуы мүмкін. Алайда, аудио және бейнежазу бойынша сот отырысына қатысушы осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидаларын сақтамаса, аталған жазбаны тарату мен кейін қолдану мүмкіндігінен айырылып, сотқа құрметтемеушілік көрсеткені үшін оны жауапқа тартуға негіз болады»-деген өзгеріс енді.