Құқықтық санадағы дәнекер элемент — жеке адамның өз әрекеттерінің заңдылығын өзінің бағалауы. Өздерінің ниетін, мотивтері мен қылықтарын сын көзбен және дер кезінде бағалай білу оның адам мінез-құлқындағы реттеуіштік, алдын алушылық, немесе, керісінше, белсендіруішілік рөлін айқындайды. Өзін-өзі бағалау өзінің заңды әрекеттеріне қанағаттану немесе істелген істері үшін ұялу, өкіну сезімінен көрінуі мүмкін. Адам ожданының көрінісі ретінде ұялу, опыну оның мінез-құлқындағы құқықтық ауытқуды тежей алады. Жеке адамның құқықтық психологиясында ішкі өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастыру- жеке адамды құқықтық тәрбиелеудің және жалпы әлеуметтендіру процесінің міндеті.
Құқықтық идеология дегеніміз құқықтық сананың құқықты және өмір шындығының құбылыстарын тұғырнамалық түрде бейнелеп, бағалайтын заңдық ұғымдарды, принциптерді, теорияны құрайтын жоғарғы қабаты. Адамның күнделікті тәжірибесіне сыйып кететін құқықтық шындықтарды әдетте, сезімдік қабылдауға ұқсас құқықтық психологиядан айырмашылығы- құқықтық идеология бейне бір құқықтық бағалаудың рационалдық деңгейіне сәйкес келеді, құқық пен мемлекет құбылыстарын ой елегінен неғұрлым терең өткізуді бейнелейді.
Құқықтық сана құқықтық реттеу механизмімен тығыз байланысты. Біріншіден, ол заң нормаларын жасаудың алдында жүреді, өйткені, ол нормалар әрқашанда субъектінің санасы мен еркіне туелді; екіншіден, олармен қоса өне бойы іс-әрекет жасалады, өйткені құқық нормалары әрқашанда оларды субъектінің түсінуіне, оның санасы мен еркіне есептелген; үшіншіден, құқықтық сана құқықтағы олқылықтарды түсіндірумен анықталады, заңдарды жетілдіру мен дамытуды қамтамасыз етеді. Құқық теориясында құқықтық сана өзара байланысты 3 міндетке: танымдық, бағалаушылық, реттеушілік міндеттерге бөлінеді. Танымдық міндет құқықтық шындық құбылыстарын субъектінің құқықтағы мәнділігі мен тиістілігі туралы түсініктері тұрғысынан ой елегінен өткізуден тұрады. Бағалаушылық міндет құқықтық шындық құбылыстарын ұқсастыруда, оларды реттеудің нақты ережелерімен сәйкестендіруде болып табылады. Құқықтық сананы иеленушіге байланысты құқықтық сананың жеке, топтық (ұжымдық) және қоғамдық құқықтық сана түрлері туралы айтуға болады.
Жеке құқықтық сана адам күнделікті қатысатын алуан-түрлі әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың ықпалымен, сондай-ақ өзінің психикалы-физиологиялық ерекшеліктерінің әсерімен қалыптасады. Жеке адамның мәдениеті мен білімі деңгейінің әртүрлі болуы, адамдардың әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің бірдей болмауы жеке құқықтық сана деңгейінің әртүрлі болуына себепші болады. Құқықтық сана деңгейін көтеру үшін адамдардың санасы мен мінез-құлқына нысаналы идеологиялық ықпал жасаудың, азаматарға құқықтық тәрбие берудің де маңызы аз емес.
Топтық құқықтық сана тиісті әлеуметтік топтар мен оларға кіретін жеке адамдардың ерекшеліктерімен анықталады. Құқықтық құндылықтар әрбір топта бірдей танылмайды. Олардың ішінде топтық құқықтық сана заңдылық пен әділеттік идеяларын мүлде құрметтемейтіндерінде топтық құқықтық сананың әлеуметсізденуі, қоғамда бар құқықтық идеологиядан шеттеу, құқықтық нигилизмнің ескі түрін консервациялау, тіпті криминогендік жағдайлардың қалыптасуы мүмкін.
Қоғамдық құқықтық сана құқыққа және құқықтық өмір шындығының жалпы қоғамда қалыптасқан құбылыстарына көзқарасты бейнелейді. Қоғамдық құқықтық санада қоғамда жеке адамның бостандығына және жеке меншікке ешкімнің тиіспеушілігіне кепілдік бере алатын теңдесі жоқ әлеуметтік құндылық ретінде құқық түсінігі орнығады. Құқық болмайынша, оның екеуі де жоқ.
Заңдардағы барлық уақытта дер кезінде жаңартыла бермейтін жаңсақтықтар мен жетілмегендіктің қоғамдық құқықтық санадағы құқық бейнесінің көрінуіне теріс әсер етеді. Тыйым салушы нормалар мен қызметтік көзқарастың басым болуы оған бүлдірушілік ықпал етеді. Соның салдарынан қоғамдық құқықтық санада құқықтың мәнін қажеттіліктің пен әділеттіктің шоғырланған көрінісі ретінде емес, қайта күштеу ретінде қабылдау мен түсіну сақталып келеді. Сондықтан да құқық нормаларын сақтауға азаматтан гөрі, мемлекет көбірек мүдделі деген пікір таралып кеткен.
Мазмұнының толықтыққа жақындау деңгейіне немесе дәрежесіне қарай құқықтық сана құқық теориясында дағдылы, кәсіби(заңгерлердің құқықтық санасы) және ғылыми болып бөлінеді.
Дағдылы құқықтық сана дегеніміз адамдардың жаппай түсініктері, олардың күнделікті және өмірлік тәжірибесінің ықпалымен туындайтын құқық пен заңдылық жөніндегі сезімі мен көңіл-күйі болып табылады. Бұл- құқықтық сананың ең жылжымалы түрі, толық емес және үздік-создық, фрагментарлық болған соң ол сонымен бірге құқықтағы жаңалыққа мейлінше сезімтал және құқық қолданудың кемшіліктерін байқауда “қырағы” болып келеді.