МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: КӨПШІЛІГІҢІЗ ҮШІН ЖУРНАЛИСТИКА – ЖАЙ ҒАНА МАМАНДЫҚ ЕМЕС, ЖҮРЕК ҚАЛАУЫҢЫЗ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзі:

БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру. Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті.

Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр.

Менің тапсырмаммен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін жедел шаралар топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп ойлаймын.

Сондай-ақ биыл халық көптен күткен ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.

Атап айтқанда, «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталады. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана.

Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек.

Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек.

Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды.

Сыртқы саясат мәселесіне келер болсақ, Қазақстан көпжақты ынтымақтастыққа бейіл. Сондай-ақ қазіргі халықаралық құқықтың негізі ретінде БҰҰ Жарғысының сақталуын табанды түрде жақтайды. Сыртқы саясатта біз ұлттық мүддені басты орынға қоямыз. Барлық даулы мәселені тиімді мәміле негізінде шешуді қолдаймыз.

Биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Келесі аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болады. Мұны кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді.

Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақ дипломатиясының тарихындағы жетістік деуге болады.

Елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өсті, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болды. Бұл – өте маңызды.

Қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды факторына айналды. Ал сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады.

Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз.

Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі.

Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін.

Ұлтымыз қарқынды дамуы үшін қазіргі өзекті проблемалар жөнінде шынайы көзқарас қалыптастырып, ашық пікір алмасу маңызды. Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол.

Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады.

Оң өзгерістер – көбіне күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін дамылсыз жұмыстың нәтижесі. Ол сырт көзге байқала бермейді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Өйткені бұл – мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі.

Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады.

Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады. Оларды барынша дәріптеу керек. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар.

Мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта. Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған.

Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі.

Біз әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс. Қоғамдағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер ұлттық заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешілуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Сонда ғана біз берекелі және әділетті қоғам құрамыз. Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн.

Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз.

Тіпті, кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады.

Көпшілігіңіз үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз.

Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді.

Қазір жаңа медиа дәуірі басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жатыр. Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс. Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *