Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынған ірі «Ескек есу» арнасының жұмыс барысымен танысты.

Әзімбек Пазылбекұлы Орта Азияда теңдесі жоқ, 100 гектар аумақта бой көтерген «Ескек есу» арнасының ашылу салтанатына дайындық жұмыстарын тексерді. Халықаралық стандарттарға сай салынған спорттық нысанның ұзындығы – 2222 метр, ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метрді құрайды. Арна заманауи автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Мұнда спорт кешендері, 1000 орындық трибуна, қонақ үй, көгалдандырылған жағалау, технологиялық көпірлер, веложолдар және демалыс аймақтары қарастырылған.
Академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спортына арналған жасанды арна демалыс орны, серуендеу алаңы және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізу орталығы ретінде қызмет етпек. Жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де толық мүмкіндік бар.
Қала әкімі нысанды аралау барысында ашылу салтанатына дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысып, тазалығы мен келушілерге қолайлы жағдай қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, «Ескек есу» арнасының ашылу салтанаты 14 қыркүйек күні сағат 18:00-де өтеді. Шара барысында танымал жүргізушілер мен өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, су, лазер, флайборд шоулары мен әуе шарлары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, келушілер үшін гастро жәрмеңке, қолөнер көрмесі, түрлі ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді. Кеш соңында жарқыраған отшашу көрсетіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйламақ.
