Бүгінгі күнде облыстың ауыл шаруашылығы саласында негізгі түйткілді мәселелер – ағын су тапшылығы мен мақта бағасының құбылмалылығы.
Облыста ауыл шаруашылығына тиесілі егіс алқаптарының көлемі – 870,0 мың гектар. Оның ішінде суармалы алқап – 552,0 мың гектар. Жылдық ағын судың қажетті лимиті – 4,4 млрд. текше метр. Ағын су шығынын төмендету бағытында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 32,3 мың га алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген.
Көктемгі тасқын суларды тиімді пайдалану үшін «Боралдай» (45 млн. м3) және «Бәйдібек ата» (68 млн. м3) су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Бұл Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Сауран аудандарында және Түркістан қаласында 67 мың га егістікті суаруға мүмкіндік береді. «Бәйдібек ата» су қоймасы бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға 2023 жылы облыстық бюджеттен 680 млн. теңге, 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Трансшекаралық өзендер мен магистральды каналдарға тәуелді болуына байланысты өңірде ағын су тапшылығы, әсіресе Мақтаарал, Жетісай аудандарында қатты сезіледі. «Достық» магистральды каналы арқылы 140 мың гектар суармалы алқапқа тиісті ағын су көлемі жыл сайын 30-35%-ға кем алынып келеді. Осыған байланысты үкіметтік деңгейде Орталық Азияның мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының отырысында бекітілген кестеге сәйкес, ағын су лимитінің босатылуы бақылауда болады.
– Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында да әкімдерге құрғақшылықпен күрес бағытында бірқатар тапсырма жүктеді. Ағын суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды қолдану, тың тәсілдермен жұмыс істеу керектігін ескертті. Бұл бағытта өңірде қандай жобалар жүзеге асады?
– Иә, кеңейтілген отырыста Президентіміз Түркістан өңіріндегі құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін шешуде су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. Бұл бағытта суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтудің қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі. Берілген тапсырмаларды сапалы орындауға бар күшімізді саламыз.
Жалпы, Түркістан облысында ұзындығы 12,3 мың шақырым болатын 3 мыңнан астам канал, 42 су қоймасы бар. Олардың 75%-ы жөндеуді қажет етеді. Проблеманы шешу үшін «2030 жылға дейін Түркістан облысының суару жүйелерін қалпына келтіру» кешенді жоспары әзірленді. Соның аясында 3 жаңа су қоймасын салу, 8 гидротехникалық құрылыс және 40 суару жүйесін қайта құру қарастырылды. Соңғы бес жылда коммуналдық меншіктегі 245,1 шақырым канал күрделі жөндеуден, 1,1 мың шақырым қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізілді. Нәтижесінде 61,3 мың га жер сумен қамтамасыз етіліп, 45,2 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 канал күрделі жөндеуден өтіп, ұзындығы 488 шақырым қашыртқылар механикалық тазалаудан өтті. Нәтижесінде 7,8 мың га суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, 19,4 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 873,6 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Егіс құрылымын әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар 7,8 мың гектарға артып, 281,2 мың гектарға, жүгері 5,6 мың гектарға артып, 47 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып, 227,9 мың гектарға егілсе, сәйкесінше күріш 1,2 мың гектарға (2 мың га), мақта 6,4 мың гектарға (105 мың га) қысқартылатын болады.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және мал азықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны
32 млрд. теңге болатын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді. Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланып отыр. Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылуда.
Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашуды көздейтін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Түркістан қаласы өндірістік паркінде «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңге болатын, жылына 960 дана жаңбырлатып суару машинасын шығаратын зауыттың 1-кезеңі іске қосылды. Сонымен қатар, «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңге болатын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауытының жобасы әзірленіп жатыр.
Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесін 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда, жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны
17,8 млрд. теңге болатын 11 инвестициялық жоба дайын.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өніміндерін өндіруде республикада бірінші орыннан көрінді. Әрине, бұл біріншіден, шаруалардың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Екіншіден, мемлекеттік қолдаудың да үлесі бар екені анық. Дегенмен, бұл салада да шешімін таппаған өзекті проблемалар көп. Соның бірі – мақташылар мәселесі. Мақта бағасы жыл сайын проблема болып көтеріледі. Осы жағдайды реттеудің қандай жолы бар? Әлде, оның балама жүйесі бар ма?
– Түркістан – республикада мақта дақылын өсіретін бірден-бір өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылым бар, оларда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.
2022 жылдан бастап әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілердің бұзылуы және көлік шығыстарының өсуі шетелдік компаниялардың (трейдерлердің) қазақстандық мақта нарығына қызығушылығын төмендетті. Бұл шитті мақта бағасының төмендеуіне әкеліп соқты. Осы орайда бірінші кезекте мақта дақылын рентабельділігі жоғары дақылдарға алмастыру жұмыстары қолға алынды.
2023 жылы мақта дақылы 15,0 мың гектарға қысқартылып, егіс көлемі 111,4 мың гектар болды. Бұл – жалпы егістіктің 13%-ы. Гектар түсімділігі 27 центнерден айналып, 318 мың тонна шитті мақта жиналды. Қысқартылған мақталықтардың орнына дәндік жүгері, бұршақ және мал азықтық дақылдар егілді.
Биыл мақта дақылының егіс көлемі 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға егілді.
Облыста мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы бекітілді. Олар: егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру.
Жол картасына сәйкес, өңірде 75 кәсіпорын мен фабрикалар салу есебінен 9 кластер құру көзделіп отыр. Жоба толық іске асқанда 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылып, алдағы уақытта мақта бағасына экспорттық тәуелділік толығымен жойылады.
Бүгінгі таңда жалпы құны 121,6 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жоба қолға алынды. Олар Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жүзеге асырылады.
– Кентау – Түркістан облысындағы жалғыз моноқала. Биыл қыста қаладағы №5 ЖЭО-да апат болып, тұрғындарды біраз әуреге салды. Тіпті, әлеуметтік желілерде «үйіміз жылымай жатыр» деген кентаулықтар шағымын әлі де көзіміз шалып қалады. Бұған не себеп? Кентауда жаңа жылу-энергетика орталығын салу туралы әңгіме қозғалып еді, мұның аяғы не болды?
– Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқандай, бұл, яғни жылу- электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Кентау қаласындағы жылу орталығы осыдан тура 90 жыл бұрын салынған. Жабдықтардың тозуы шамамен 85 пайызға жеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. №5 жылу-энергетика орталығынан 14 мыңнан астам абонент жылумен қамтылады.
Жылыту маусымына қарай Кентауда 4 қазандық іске қосылды. Олар демеушілер есебінен 600 млн. теңгеге жөнделді. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Сондықтан ЖЭО-ны күрделі қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жаңа қазандықтарға толық көшуді қамтитын ауқымды жұмыстарды Барнаул мен Теміртаудан келген өте тәжірибелі мердігер компания атқаруда.
Сонымен қатар, былтыр басталған екі жаңа қазандықтың құрылысы аяқталып келеді. Жуырда оларды пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін тағы төртеуі жиналады. Жаңа қазандықтар кемінде 20 жылға есептелген. Олар көмір мен табиғи газды отын ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сонда барлық проблема шешіледі. Қазандықтарды қайта жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Биыл жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталуы тиіс.
Жыл сайын ЖЭО-ға бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінеді. Бұл, әрине өзін-өзі ақтамайды. Соның көмегімен еліміз бойынша ең төменгі тариф Кентауда екенін айта кеткен жөн.
Президент монополистерге қызмет көрсету шығындарын көрсету үшін тарифтерді қайта қарау қажеттігі туралы айтқаны белгілі. Сондықтан төлем шығындарға сәйкес болатындай етіп тарифтік саясат қайта құрылады.
Кентауды жылумен жабдықтау мәселесінің тағы бір шешімі – жеке секторды автономды жылытуға көшіру. Өткен жылдан бастап газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады, сондықтан қазір үйлерде жылыту қазандықтарын орнату мүмкіндігі бар. Қалада 2500-ден астам абонент еш қиындықсыз автономды жылытуға ауыса алады. Сонда 347 көппәтерлі үй мен әлеуметтік нысандар әрі қарай да ЖЭО-дан жылу алуды жалғастырады.
Магистральдық жылу құбырларын ретке келтіру керек, олардың тозуына байланысты жылу энергиясының үлкен шығыны бар. Өткен жылы 3,8 млрд. теңгеге оның 4,7 шақырымы жөнделді. Биылға ұзындығы 1,9 шақырым магистральдық жылу құбырын жөндеу және 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырын қайта құру жұмыстарын атқару жоспарланған.
Қазіргі кезеңде бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді болып отыр. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Түркістан облысы халық саны жағынан да, бала саны бойынша да республикада көш бастап тұр. Облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі қалай шешіледі?
– 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. 20 миллионыншы тұрғынның бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.
Облыста 1029 мектепте (мемлекеттік – 908, жеке – 121), 519 мың оқушы білім алады. Жаңа оқу жылында 53 222 бала 1-сыныпқа барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. 4 апатты, 5 үш ауысымды және 11 үш ауысымға өту қаупі бар мектептер жұмыс істеп тұр. Бұл проблемаларды шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Біріншіден, бюджет есебінен 34 мектептің құрылысы басталды (жобалық қуаты – 8 250 орын). Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Екіншіден, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр (жобалық қуаты – 6 650 орын). Үшіншіден, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады (жобалық қуаты – 49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, олар келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланған. Төртіншіден, жеке инвестиция есебінен 17 мектеп салынды (жобалық қуаты – 5 000 орын).
Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алғашқы 15 педагог Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе алмасу семинарларына қатысады деген жоспар бар.
– Облыс аудандарын, елді мекендерін жиі-жиі аралап, халықпен кездесесіз. Қоғамдық қабылдау өткізіп, ашық диалогқа шығып жүрсіз. Өңірде қандай өзекті мәселелер бар? Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың шешілу барысы қалай?
– Облыс көлемінде барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс жоспары бекітілген. Оның ішінде халықпен кездесу – маңызды талап. Иә, өңірдегі барлық аудан, қаланы тұрақты түрде аралап, тұрғындарды жеке қабылдап, «Ашық есік» күнін ұйымдастырып тұрамын. Ашықтық, әділдік, сындарлы диалог мен үшін өте маңызды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында 2023 жылы бекітілген кестеге сәйкес барлық аудан, қала тұрғындарымен жалпы 34 кездесуім өтті.
Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді іске асыру жөнінде барлық аудан, қалалар бойынша іс-шаралар жоспарлары бекітілген. Оған енгізілген сұрақтардың жалпы саны – 293. Басым бөлігі негізінен инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік сала, тұрғын үй және жер мәселелері мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Тұрғындардың әрбір өтініші назарға алынған. Өткен жылы 139 мәселе (48%) шешімін тапты. Қалған 154 ұсыныс-пікірдің 78-і бойынша (51%) құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Кітап оқып, спортпен шұғылданатыныңыздан хабардармыз. Астанадағы кітап дүкенінде жүрген сәтіңіз де желіде жарияланды. Қандай бағыттағы кітаптарды жақсы көресіз? Спортқа да уақыт бөлу үшін не істеу керек, кеңес бере кетсеңіз…
– Кітап оқу адамның ой-өрісін дамытып, жанына қуат береді. Менің ойымша, рухани бай, мәдениетті адам қоғамға, мемлекетке ешқашан қиянат жасамайды. Қай мамандық иесі болсын, рухани бай болса, Отанға адал қызмет етеді. Бала кезімізден кітап оқып өстік. Әлі де қолым қалт еткенде қазақстандық және әлемдік деңгейдегі жаңа шығармаларды оқып тұруға тырысамын. Қазір Түркістан өңірінің тұрғындары кітапқа бет бұрып жатыр десек болады. Барлық аудан, қала әкімдіктерінде кітапхана бұрыштары ашылды. Жуырда Түркістандағы орталық базарда да кітапхана бұрышы ашылды. Арнайы ғимараты, кітапханашысы бар. Руханият саласындағы жұмыстар одан әрі жалғасады деп сенемін.
Ал спорт мәселесіне келсек, спорт – сергектік кепілі. Сондықтан әр адам спортпен шұғылданып, жаттығулар жасап тұрса, өзі үшін пайдалы. Ең бастысы, ниет пен тәртіп керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.