Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Kazinform тілшісіне өңірдегі туризм, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында тың өзгерісстер жайлы сұхбат берген болатын.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өніміндерін өндіруде республикада бірінші орыннан көрінді. Әрине, бұл біріншіден, шаруалардың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Екіншіден, мемлекеттік қолдаудың да үлесі бар екені анық. Дегенмен, бұл салада да шешімін таппаған өзекті проблемалар көп. Соның бірі – мақташылар мәселесі. Мақта бағасы жыл сайын проблема болып көтеріледі. Осы жағдайды реттеудің қандай жолы бар? Әлде, оның балама жүйесі бар ма?
– Түркістан – республикада мақта дақылын өсіретін бірден-бір өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылым бар, оларда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.
2022 жылдан бастап әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілердің бұзылуы және көлік шығыстарының өсуі шетелдік компаниялардың (трейдерлердің) қазақстандық мақта нарығына қызығушылығын төмендетті. Бұл шитті мақта бағасының төмендеуіне әкеліп соқты. Осы орайда бірінші кезекте мақта дақылын рентабельділігі жоғары дақылдарға алмастыру жұмыстары қолға алынды.
2023 жылы мақта дақылы 15,0 мың гектарға қысқартылып, егіс көлемі 111,4 мың гектар болды. Бұл – жалпы егістіктің 13%-ы. Гектар түсімділігі 27 центнерден айналып, 318 мың тонна шитті мақта жиналды. Қысқартылған мақталықтардың орнына дәндік жүгері, бұршақ және мал азықтық дақылдар егілді.
Биыл мақта дақылының егіс көлемі 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға егілді.
Облыста мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы бекітілді. Олар: егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру.
Жол картасына сәйкес, өңірде 75 кәсіпорын мен фабрикалар салу есебінен 9 кластер құру көзделіп отыр. Жоба толық іске асқанда 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылып, алдағы уақытта мақта бағасына экспорттық тәуелділік толығымен жойылады.
Бүгінгі таңда жалпы құны 121,6 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жоба қолға алынды. Олар Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жүзеге асырылады.
– Кентау – Түркістан облысындағы жалғыз моноқала. Биыл қыста қаладағы №5 ЖЭО-да апат болып, тұрғындарды біраз әуреге салды. Тіпті, әлеуметтік желілерде «үйіміз жылымай жатыр» деген кентаулықтар шағымын әлі де көзіміз шалып қалады. Бұған не себеп? Кентауда жаңа жылу-энергетика орталығын салу туралы әңгіме қозғалып еді, мұның аяғы не болды?
– Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқандай, бұл, яғни жылу- электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Кентау қаласындағы жылу орталығы осыдан тура 90 жыл бұрын салынған. Жабдықтардың тозуы шамамен 85 пайызға жеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. №5 жылу-энергетика орталығынан 14 мыңнан астам абонент жылумен қамтылады.
Жылыту маусымына қарай Кентауда 4 қазандық іске қосылды. Олар демеушілер есебінен 600 млн. теңгеге жөнделді. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Сондықтан ЖЭО-ны күрделі қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жаңа қазандықтарға толық көшуді қамтитын ауқымды жұмыстарды Барнаул мен Теміртаудан келген өте тәжірибелі мердігер компания атқаруда.
Сонымен қатар, былтыр басталған екі жаңа қазандықтың құрылысы аяқталып келеді. Жуырда оларды пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін тағы төртеуі жиналады. Жаңа қазандықтар кемінде 20 жылға есептелген. Олар көмір мен табиғи газды отын ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сонда барлық проблема шешіледі. Қазандықтарды қайта жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Биыл жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталуы тиіс.
Жыл сайын ЖЭО-ға бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінеді. Бұл, әрине өзін-өзі ақтамайды. Соның көмегімен еліміз бойынша ең төменгі тариф Кентауда екенін айта кеткен жөн.
Президент монополистерге қызмет көрсету шығындарын көрсету үшін тарифтерді қайта қарау қажеттігі туралы айтқаны белгілі. Сондықтан төлем шығындарға сәйкес болатындай етіп тарифтік саясат қайта құрылады.
Кентауды жылумен жабдықтау мәселесінің тағы бір шешімі – жеке секторды автономды жылытуға көшіру. Өткен жылдан бастап газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады, сондықтан қазір үйлерде жылыту қазандықтарын орнату мүмкіндігі бар. Қалада 2500-ден астам абонент еш қиындықсыз автономды жылытуға ауыса алады. Сонда 347 көппәтерлі үй мен әлеуметтік нысандар әрі қарай да ЖЭО-дан жылу алуды жалғастырады.
Магистральдық жылу құбырларын ретке келтіру керек, олардың тозуына байланысты жылу энергиясының үлкен шығыны бар. Өткен жылы 3,8 млрд. теңгеге оның 4,7 шақырымы жөнделді. Биылға ұзындығы 1,9 шақырым магистральдық жылу құбырын жөндеу және 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырын қайта құру жұмыстарын атқару жоспарланған.
Қазіргі кезеңде бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді болып отыр. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Түркістан облысы халық саны жағынан да, бала саны бойынша да республикада көш бастап тұр. Облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі қалай шешіледі?
– 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. 20 миллионыншы тұрғынның бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.
Облыста 1029 мектепте (мемлекеттік – 908, жеке – 121), 519 мың оқушы білім алады. Жаңа оқу жылында 53 222 бала 1-сыныпқа барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. 4 апатты, 5 үш ауысымды және 11 үш ауысымға өту қаупі бар мектептер жұмыс істеп тұр. Бұл проблемаларды шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Біріншіден, бюджет есебінен 34 мектептің құрылысы басталды (жобалық қуаты – 8 250 орын). Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Екіншіден, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр (жобалық қуаты – 6 650 орын). Үшіншіден, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады (жобалық қуаты – 49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, олар келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланған. Төртіншіден, жеке инвестиция есебінен 17 мектеп салынды (жобалық қуаты – 5 000 орын).
Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алғашқы 15 педагог Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе алмасу семинарларына қатысады деген жоспар бар.
– Облыс аудандарын, елді мекендерін жиі-жиі аралап, халықпен кездесесіз. Қоғамдық қабылдау өткізіп, ашық диалогқа шығып жүрсіз. Өңірде қандай өзекті мәселелер бар? Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың шешілу барысы қалай?
– Облыс көлемінде барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс жоспары бекітілген. Оның ішінде халықпен кездесу – маңызды талап. Иә, өңірдегі барлық аудан, қаланы тұрақты түрде аралап, тұрғындарды жеке қабылдап, «Ашық есік» күнін ұйымдастырып тұрамын. Ашықтық, әділдік, сындарлы диалог мен үшін өте маңызды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында 2023 жылы бекітілген кестеге сәйкес барлық аудан, қала тұрғындарымен жалпы 34 кездесуім өтті.
Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді іске асыру жөнінде барлық аудан, қалалар бойынша іс-шаралар жоспарлары бекітілген. Оған енгізілген сұрақтардың жалпы саны – 293. Басым бөлігі негізінен инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік сала, тұрғын үй және жер мәселелері мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Тұрғындардың әрбір өтініші назарға алынған. Өткен жылы 139 мәселе (48%) шешімін тапты. Қалған 154 ұсыныс-пікірдің 78-і бойынша (51%) құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Кітап оқып, спортпен шұғылданатыныңыздан хабардармыз. Астанадағы кітап дүкенінде жүрген сәтіңіз де желіде жарияланды. Қандай бағыттағы кітаптарды жақсы көресіз? Спортқа да уақыт бөлу үшін не істеу керек, кеңес бере кетсеңіз…
– Кітап оқу адамның ой-өрісін дамытып, жанына қуат береді. Менің ойымша, рухани бай, мәдениетті адам қоғамға, мемлекетке ешқашан қиянат жасамайды. Қай мамандық иесі болсын, рухани бай болса, Отанға адал қызмет етеді. Бала кезімізден кітап оқып өстік. Әлі де қолым қалт еткенде қазақстандық және әлемдік деңгейдегі жаңа шығармаларды оқып тұруға тырысамын. Қазір Түркістан өңірінің тұрғындары кітапқа бет бұрып жатыр десек болады. Барлық аудан, қала әкімдіктерінде кітапхана бұрыштары ашылды. Жуырда Түркістандағы орталық базарда да кітапхана бұрышы ашылды. Арнайы ғимараты, кітапханашысы бар. Руханият саласындағы жұмыстар одан әрі жалғасады деп сенемін.
Ал спорт мәселесіне келсек, спорт – сергектік кепілі. Сондықтан әр адам спортпен шұғылданып, жаттығулар жасап тұрса, өзі үшін пайдалы. Ең бастысы, ниет пен тәртіп керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.