Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жаңа әлеуметтік дүкен ашылды. Әлеуметтік дүкендер жобасы тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығын сақтау және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Жоба аясында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалып, дүкенге 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жеткізіліп тұрады. Сонымен қатар, «Ордабасы құс», «Ордабасы нан», «Бөрте Милка», «Инфрастрой ЛТД» ЖШС сияқты жергілікті кәсіпорындармен де әріптестік орнатылған. Аталған кәсіпорындардың өнімдері дүкен сөрелерінде өндіруші бағасымен, яғни нарықтағы бағадан шамамен 20 пайызға төмен сатылады.
Айта кетейік, аталған әлеуметтік дүкенде 18 түрлі азық-түлік өнімі қолжетімді бағада ұсынылған. Мысалы, 10 дана жұмыртқаның бағасы 450 теңге болса, 1 келі ұнның бағасы – 190 теңге. Сонымен қатар, күріш (1 келі) – 350 теңге, картоп (1 келі) – 130 теңге, пияз (1 келі) – 65 теңге, сәбіз (1 келі) – 110 теңге, 1 литр пісте май 610 теңгеден сатылуда.
