Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.
Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек.
Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты.
Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында.
Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады.
Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.
Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ. Оны дайындауға Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов та атсалысты. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу материалдарын әзірлеп, оны көптомдықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі.
Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет. Елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Осындай теңдесі жоқ орындардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үстірт қорығы. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді.
Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын.
Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн.
Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады.
Дәл сол сияқты «қарақшы-археологтар» мәселесі де бар. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін.
Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым.
Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.
Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.
Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын.
Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды.