Қазір қоғамның көзі ашық, елдің саяси белсенділігі де жылдан-жылға арта түсуде. Азаматтар әрбір мәселе бойынша көзқарастарын ашық жеткізіп, өз құқықтарын қорғауға дайын тұрады. Билік те халықтың осынау белсенділігіне сай болуға ұмтылып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі жыл көлемінде аса маңызды саяси реформалар жүзеге асырылды.
Өткен жылы 19 наурызда елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өткені белгілі. Түркістан облысында депутаттық корпустың жаңа құрамы жасақталды. Әділетті Қазақстанды орнату мен халықтың әл-ауқатын арттыруда қайта сайланған мәслихаттар маңызды рөл атқарып келеді.
Бүгінде облыстық мәслихат депутаттарының белсенділігі жоғары әрі сайлаушылармен байланысы нығая түскен. Депутаттар тұрақты түрде қоғамдық және жеке қабылдаулар өткізіп тұрады. Одан бөлек мәслихат қабырғасында түрлі мәселелер бойынша жиындар өткізіп, проблемалардың шешілуіне өз құзыреттері шеңберінде ықпал етеді. Ал, жуырда тағы бір жаңаша бастама жүзеге асты. Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары өңірдегі барлық қалалар мен аудандарды аралап, тұрғындар алдында есеп берді. Соның ішінде Шардара, Келес, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласындағы кездесулерге өзім де қатыстым.
Мақсатымыз – тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету және атқарылған жұмыстар туралы есеп беру. Айта кетерлігі, бұрын депутаттар халық алдында бұлай есеп беріп, кездесу өткізбеген. Бұл бастаманы тұрғындар құптап отыр.
Ел ішінде болып, тұрғындармен тікелей жүздесу өзекті мәселелерді біліп отыруға мүмкіндік береді. Кездесулердің бәрінде де тұрғындар проблемаларын ашық айтты. Халықты мазалайтын мәселелердің көпшілігі әлеуметтік салаға қатысты болып отыр. Яғни мектеп, спорт алаңдарын, Мәдениет үйлерін, денсаулық сақтау мекемелерін салып беруді сұрады. Сондай- ақ, ауыз су, сапалы жол, жылдамдығы жоғары интернет, электр энергиясы, табиғи газ, жұмыспен қамту сынды мәселелер де көтерілді. Бүгінде аталған кездесулерде көтерілген мәселелердің барлығы хаттамаға еніп, олар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі таңда маңызды деген 23 мәселені тұрақты бақылауға алдық. Оның кейбіреуі шешімін тауып та үлгерді. Мәселен, Арыс қаласындағы Қабылсай елді мекеніне қойылған жарықшамдар электр энергиясына қосылмай, осы мәселені тұрғындар 1,5 жылдан аса уақыттан бері көтеріп жүргендерін жеткізген болатын. Біз мәселені толықтай зерделеп, проблеманың тез арада шешілуіне атсалыстық. Нәтижесінде Қабылсай елді мекеніне орнатылған 67 жарықшам түгелімен электр энергиясына қосылды.
Жалпы, депутаттардың тұрғындармен кездесулерінде көтеріліп, облыстық мәслихаттың тікелей бақылауына алынған барлық мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешіледі.
Осы ретте айта кетерлігі, көптеген мәселелердің шешімі бюджеттің мүмкіндіктеріне келіп тірелуде. Түркістан облысының 2024 жылғы бюджеті 1 триллион 352 миллиард теңгені құраса, соның басым бөлігі республикадан келіп түсетін қаржыдан тұрады. Яғни Түркістан облысы дотациялы аймақ болғандықтан, көптеген проблемалардың шешілуі республикадан қаржы бөлінуіне тікелей байланысты болып отыр. Ендеше, облыстық бюджеттің өзіндік түсімдерін қалай көбейтеміз? Оның басты жолдары – өндіріс орындарын көптеп ашу және инвестиция тарту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту мәселесіне баса назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма бергенін ел біледі.
Президент «Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Сондықтан, ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек» деді.
Жалпы, Түркістан облысында бұл бағытта нақты жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қосымша кіріс көздерін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, салық базасын кеңейту, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріліп, түрлі жобалар қолға алынуда. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты жұмыс істеп тұр.
Былтыр шетелдік және отандық кәсіпкерлермен, инвесторлармен 100-ге жуық кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Аустралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасылды. Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтті. Оған шетелдер мен еліміздегі алпауыт компаниялардың басшылары қатысып, бірнеше бағыт бойынша 20-ға жуық меморандумға қол қойылды.
Бүгінде жүйелі жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Атап айтқанда, жаңа жобаларды жүзеге асыру мен жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылды. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнамға іссапармен баруды жоспарлап отыр. Бұл – құптарлық бастама.
Түркістан өңірінде инвесторлар тартуға «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту аймақтық агенттігі зор үлес қосуда. Облыста «Turan» арнайы экономикалық аймағы және 544,52 га алқапты алып жатқан 9 индустриалды аймақ бар. Осы аймақтарда инвесторлар мен кәсіпкерлерге жеңілдіктер, үлкен қолдаулар қарастырылған. Біздің ойымызша, осы экономикалық аймақтардың жұмысын барынша жандандыру керек. Мәслихат депутаттары да елмен кездесуде «Балық берме, қармақ бер» ұстанымын ұстанулары тиіс. Ол – тұрғындарды жұмыс істеуге шақыру, кәсіпкерлікті насихаттау, бюрократиялық кедергілерден құтқарып, оларға жол сілтеу.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деген болатын.
Демек, Президент айтқандай, мәслихаттар халықтың проблемаларын шеше алатын күшке айналуы керек. Ол үшін әрбір депутат белсенді болып, өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарына атсалысуы қажет. Бүгінде облыстық мәслихатта 46 депутат, ал, аудандар мен облыстық маңызға ие қалалардағы 17 мәслихатта 292 депутат бар. Яғни өңіріміздегі барлығы 338 депутат осы жұмыстарды үйлестіруге атсалысса, жақсы нәтижеге жетеміз деп ойлаймын.
Бұл міндеттерді іске асыруға бізде ресурс та, мүмкіндік те жеткілікті. Себебі, қазір әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрған кезеңде Қазақстан инвесторлар үшін ең тартымды елдің біріне айналды. Өйткені, елімізде тұрақтылық пен тыныштық берік орныққан. Бұл – инвесторлар үшін ең маңызды өлшем.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру үшін шағын және орта бизнесті дамытып, өндіріс орындарын көптеп ашуға әрбіріміз өз үлесімізді қоссақ, үлкен жетістіктерге жетеміз деп білемін. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. Білек түре кірісіп, бірлігіміз бен ынтымағымызды көздің қарашығындай сақтап, жұмыла жұмыс істегенде ғана алға қойған міндеттерді еңсеруге қол жеткіземіз.
Нұралы ӘБІШОВ,
облыстық мәслихат төрағасы.