Түркістан облыс орталығы ретінде жаңа серпінмен дамып, өркендеудің алғашқы кезеңін өткерді. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен кездесіп, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің 2024 жылдың алғашқы 4 айдың қорытындысы және алдағы жоспарлар бойынша баяндамасын тыңдады.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 230,2 мыңға жетті. Жыл басынан бері Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 326 мың адамнан асып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,6% өсті. Шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58,1% өсті.
Биыл 3967 түркістандық қоныс тойын тойлайды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 400 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 14,5 млрд.теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 645 азамат тұр. Сонымен қатар 2024 жылы кезектегі азаматтарға тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында баспана сатып алуға қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде. «Отбасы банк» арқылы 66 көпқабатты тұрғын үйден 3317 пәтер сату жоспарланған.Өңірде туризмді салмақты табыс көзіне айналдырудың мүмкіндігі мол екені рас. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы жұртшылықты қуантты. Жақында Премьер-министр «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Мәжіліс қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осы заң мәдени мұраны сақтау және жаңғыртуға, дәстүрлі қолөнерді дамытуға, Түркістанды рухани-мәдени, тарихи, туристік орталық ретінде түрлендіруге серпін бермек.
Былтыр Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Бұл шешім – бауырлас елдердің туризм бағытындағы байланысын нығайтуға айрықша ықпал ете түседі.
Облыста туристерге ұсынылатын негізгі 3 бағыт айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. 2023 жылы турист саны 560 мыңнан асып, 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға артты. Былтыр бір күндік келушілер саны 1 млн. адамға жуықтады. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд. теңгеге 7 жоба атқарылды. Биыл 19 жоба іске асады. Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен «Қол-өнер орталығы» жобасы қолға алынды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығы абаттандырылады.
Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ, шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа ипподром нысаны салынады. Түркістан әуежайының ұшу географиясы да кеңейтіліп жатыр. Қазір әуежай 3 халықаралық (Ыстанбұл, Кувейт, Абу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағытына қызмет көрсетеді. Біз туризмді жұмыс орнын ашатын әрі экономикаға үлес қосатын сала ретінде дамыта береміз.
Облыс басшысының сөзінше : Түркістандағы түркі әлемінің ойшылы, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдегі ең үздік сәулет туындыларының бірі. Шаһарымызға жыл сайын түркі елдері мен шетелдерден мыңдаған саяхатшы келеді. Тарихына қызығады. Бұл қала ежелден-ақ Еуропа саяхатшыларына да таныс болған. Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі ретінде дамығанын білеміз. Түркістан – Еуразияның жауһары.Екіншіден, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, елуден астам қол бастаған батыры жерленген.
Ал, жалпы Түркістан облысының барлық аудан, қаласының өзіндік тарихы бар. Оны зерттесеңіз көне замандарға тереңдейсіз. Осынау тарихи аймақта басшы болу – мен үшін зор жауапкершілік. Аймақты дамыту, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеп отырған міндеттер мен бағдарламаларды орындау бағытында бар күш-жігерімді салуға міндеттімін.
Облыс осыдан 5 жылдан астам уақыт бұрын құрылды. Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілді. Міне, осы 5 жылда өңірде аса маңызды жобалар жүзеге асты. 250-ден астам ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Соның ішінде халықаралық талапқа сай спорт кешендері салынды. «Түркістан Арена» стадионы, Халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», «Олимпик центр» спорт кешені және өзге де ғимараттар пайдалануға берілді. Мұның бәрі Түркістанның спорттық әлеуетін көтерді. Облыс орталығында Түркі универсиадасы, қазақ күресінен Азия кубогы, республикалық кешенді спартакиадалар мен халықаралық жарыстар ұйымдастырылды. Халықаралық ірі додаларды қабылдауға дайынбыз.
Президент тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм саласы басшыларының отырысы өтті. Сол жиында Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Бұл шешім – түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді.
ҚР Үкіметі тарапынан қаланың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына және туризм саласының жан-жақты дамуына ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық әуе рейстерін ашудың маңызы аса жоғары. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби және 7 республикаішілік – Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Атап өту қажет, шетелдік авиакомпаниялармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2024 жылдың 16 қаңтарында «Түркістан–Абу-Даби» әуе бағыты ашылды. Мұндай әуе бағыттарының ашылуы Түркістан өңірінің шетелмен сауда-экономикалық қатынастарын нығайтып, туризм саласының дамуына оң әсер етеді. Алдағы уақытта бірнеше халықаралық және республикаішілік әуе рейстерін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар жүк тасымалы динамикасын көтеру – басты мақсаттардың бірі. 2023 жылы әуежай арқылы 360 мың жолаушы тасымалданды. Биыл жолаушылар ағынын 450 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Біз туристерді Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмнен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағытымен де танысуға шақырамыз.
Түркістан күн санап өзгеріп келеді. Бой көтерген ғимараттардың дизайны ерекше үлгіде, қазақы нақышта салынған. Көне шаһар аумағы мәдени-рухани орталық болып қалыптасты. Нысандар ЮНЕСКО-ның келісуімен салынады. Ал, жаңа қаладағы әкімшілік- іскерлік орталықта 20 қабатты үйлер де салынған.
Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын киелі де қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Жаңа қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, қазір 230 мыңға жуықтады. Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген мәселелердің туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де орын алып жатады. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді.
Түркістан – түркі елдерінің туристік астанасы атануына орай, биыл бірқатар нысан қолданысқа берілмек. «Түркі әлемі орталығы», «Достық үйі», «Қолөнершілер орталығы», жер асты мешіті бар «Қылует» рухани орталығы, «Көрме орталығы», «Шығыс базары», жасанды көл мен 5000 адамға арналған орталық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, жаңа тұрғын үйлер, білім, медицина нысандары да салына бастады.