Халықтың әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыруда, ата-аналар мен балалардың сұраныстарын өтейтін жаңа орталықтар жаңа облыс орталығында күн санап көбейіп келеді. Балалар шығармашылығын жетілдіру бағытында ашылған орталықтар, су спорткешендері, спорт мектептері, шахмат клубтары солардың барлыңын кешенді қамтитын орталықтың бірі де бірігейәәі – Түркістандағы оқушылар сарайы.
Оқушылар сарайының рухани шаһардың оқушылары мен жасөспірімдері үшін қосымша білім беруде, олардың жан-жақты дарын қабілеттерін ұштауда жасап жатқан қызметі ауқымды.
«Мүсін және керамика» үйірмесі оқушылары 15 – 30 наурыз аралығында Алматы қаласында ІІ Халықаралық «Көктем шуағы» фестиваль-байқауына қатыстып, табыспен оралды. Тараз қаласында өткен «Taraz Open» байқауында «Спорттық бал биі» үйірмесінің балалары 1-орын иеленіп, жүлдемен оралды.
Мамыр айында «Қазақстан дауысы» байқауына бір топ жас өнерпазымыз қатысты.
Республикалық «Жұлдызға қадам» хореграфия байқауы бойынша «Заманауи би» үйірмесі оқушы қыздары қатысып, 1-орынды иеленді. Олар Түркия, Қырғызстан елдерінде өтетін байқауға жолдаманы жеңіп алды.
«Жайдарман академиясы» да жемісті жұмыс істеуде. Жас «КТК»-шыларды елімізге танымал жайдарманшы Жолдықожа Бекұлан тәрбиелеп жүр. Жуырда бұл үйірме Нұр-Сұлтан қаласында өз өнерлерін көрсетіп қайтты.
Балалар елордада үйірме жетекшісі Жолдықожа Бекұланмен, және де қонақ ойыншы ретінде жайдарлы жастардың жанашыры, жайдарман академиялары құрылтайшысы Әліби Басаровпен бірге өнер көрсетті. Бір қуантарлығы, биылғы Жайдарман ойындарының гала концертіне тек қана екі оқушылар командасына рұқсат етілді. Соның бірі болып біздің жайдарманшыларымыз сахна төріне шығып отыр. Бұл, әлбетте біздің өнерлі өрендеріміздің үлкен жетістігі деп білемін.
Біздің «Оқушылар сарайы» мен Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуді қолға алып, университет ректоры Ж.А.Темірбекова мен кәсіпорын директоры И.С.Икапова меморандумға қол қойды.
Қос білім беру мекемесі бірлесіп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Жас талант» онлайн байқауын жариялады. Байқаудың мақсаты – оқушылар және студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру, патриоттық сезімін ояту, тәуелсіз елге деген құрметін күшейту. Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ынталандыру және шын талант иесін анықтап, қолдау көрсету. Байқау жеңімпазы атанған талант иесі Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркия Квотасына ие болады, сонымен қатар 2-ші, 3-ші жүлделі орындары берілмек. Ел көлемінде жарияланған бұл онлайн байқау да өнерлі жастарға қолдау көрсетудің бір игі нышаны демекпіз.
«Turkistan-Меdia» холдингімен де меморандум бар. Сол меморандум негізінде апта сайын Turkistan телеарнасында эфирінен берілетін «Бала Time» бағдарламасында әр үйірменің тыныс-тіршілігі мен мүмкіндіктерін таныстырады. Аталған үйірме қатысушылары телеарнаның жас жүргізушісі ретінде танылуда.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжімен меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен ғылыми-әдістемелік бағдарлама, жоба дайындау, мұғалімдердің ғылыми-педагогикалық біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.
«Бизнесті және туризмді қолдау бөлімі» мемлекеттік мекемесі Түркістан қаласы әкімдігінің «Туристерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен меморандумға қол қойылды. Нәтижеде «Визит-центр» ғимаратынан оқушылардың қолынан жасалынған дүниелерді сатуға орын берілді.
Қосымша білім беру бағытындағы бұл мекеме балалардың жазғы демалыс маусымдағы уақыттарын тиімді өткізіп, олардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған шараларға әзір. Олар жүйелі жүргізілетін болады.
– Қазіргі уақытта Түркістандағы 1500-ге жуық бала мен жасөспірім «Оқушылар сарайы»-ЮНЕСКО клубындағы 6 білім беру бағыты бойынша жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық үйірмеде қосымша білім алып жатыр. Соның ішінде ғарыштық технологияның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз спутниктік робототехника үйірмесі – «UniSat» білім беру хабының орны айрықша. 2022 жылдың қыркүйек айында ашылған бұл хаб – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Оқушылар сарайының» бірлесе атқарған жобасы. Жер және ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғылардан аналогтық, цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік жасаған хаб арқылы 30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеріп келеді.
Бұл үйірмедегі хаб ашылғаннан кейін көп ұзамай-ақ, яғни қазан айында Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылды. Салмағы 1-10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталды. Осылайша, қазір ол наноспутниктердің көмегімен ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы және ластануы туралы мәліметтер жинақталып жатыр.
«Бұл үйірмеге 12 жастан асқан, ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады. Бүгінде үйірмеде 30-ға жуық бала білім алатын болса, олардың көпшілігі қыз балалар. Ғарыштық технологияға ден қойған оқушылармыз осыған дейін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де қол жеткізіп үлгерді. Дәлірек айтсам, биыл сәуір айында Мәскеу қаласында халықаралық «ҒЫЛЫМДА БАСТАҢЫЗ» атты байқау өткен болатын. 600-ден астам жас ғалым қатысқан сайыста сарайымыздағы «Физика» үйірмесінің оқушысы Баянбек Камила да бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, оның жетекшісі, сарайымыздың білікті ұстазы Еркін Ақтаевқа «Халық ағарту ісінің үздігі» атты құрметті атақ берілді. Енді оқушыларымыз қазан айында жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, біздің басты мақсатымыз – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру», дейді, оқушылар сараының директоры Индира Икапова бізбен әңгімесінде.