Менің сауалдарымның барлығы дерлік республикалық бюджеттен қаржыландыруға тәуелді мәселелер болды. Түркістан дотациялық облыс болғандықтан, республикалық бюджет қолдауына мұқтаж. Сол себепті ірілі-ұсақты әлеуметтік, шаруашылық нысандардың құрылысына қаражат сұралды.
Түркістан облысында жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді. Бұл жаңа оқу жылында осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Кей сыныптарда оқушы саны 40-тан асса, үш ауысымда оқитын және апатты мектептер тағы бар. 15 аудан, 2 қаладағы 117 мектеп күрделі жөндеуді, апатты жағдайдағы 40 білім ұясы жаңадан салуды талап етеді. Осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.
Нәтижесінде облыстағы мектеп мәселесін шешуге республикалық бюджеттен бірден 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық. 2024-2025 жылдары 63 білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол мектептер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жан-жақты білім алуына қолайлы заманауи үлгіде салынуы тиіс. Биылдың өзінде мектеп саны мыңға жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы» аясында тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеді. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алғаш рет «Таза су» бағдарламасын әзірлеп іске асырып, республика бойынша жалғасын табуына бастамашы болған. Өкінішке қарай, содан бері «Ауыз су» (2000-2010 жж), «Ақбұлақ» (2011-2014 жж), «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» (2015-2021 жж) бағдарламалары қабылданғанымен, көптеген ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Түркістан облысына қарасты 124 елді-мекенде су тұрмақ, құбыры мүлде жоқ. 109,7 мыңдай адам сапалы ауыз суға зәру. 124 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрап, Үкіметке сауал жолдадым.
Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары облыс бойынша 113 елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізіліп, бұдан бөлек 204 ауылда ескірген су құбырлары жаңартылатын болды. Биыл 66 нысанның құрылысына 17 млрд 400 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, қалаларға қарастырылған 3 млрд 200 млн теңгеге – 12, ауылдарға арналған 14 млрд 200 млн теңгеге – 54 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 46-сы биыл, 20-сы келер жылы аяқталуы тиіс.
Арыс қаласын сумен жабдықтаудың 11 жобасын және басқа 3 ауылдық округін сумен жабдықтау бойынша 3 жобасын қаржыландыру бойынша да мәселе көтердім. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында аталған 11 жобаны іске асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 3,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Бұдан басқа республикалық бюджетте 29 жобаны іске асыруға 23,4 млрд. теңге сомасында бюджеттік өтінімді (ҚЕМ – 15 жобаны іске асыруға – 11,5, АЕМ-14 жобаны іске асыруға-11,9 млрд. теңге), оның ішінде Арыс қаласының 4 жобаны іске асыруға 400 млн. теңге Қаржы министрлігінде қарастырылып жатыр.
Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету – Президент тапсырмасы. Былтыр елімізде 11,6 млн абонент табиғи газға қол жеткізген. Бұл жалпы халықтың 59 пайызын құрайды. Ауыл аймақты газдандыру жұмыстары
2015 – 2030 жылдар аралығында жүргізіледі.
Түркістан облысы бойынша 368 ауыл адамдары үйлерін көмірмен жылытып жатыр. Биыл 6 млрд 900 млн теңгеге 22 нысанның құрылысы жүргізілуі тиіс еді. Жалпы, өңірді түгел газбен қамту үшін республикалық бюджеттен 75 млрд 200 млн теңге керек. Мен сайлауалды бағдарламамнан бұрын, сайлаушылардың тікелей айтқан өтініштерін орындауға кірісті. Халықтың сұрайтыны – мектеп, су, жол, аурухана, емхана салу, заңсыз карьерлерді жабу сияқты әлеуметтік мәселелер. Оның ішінде осы газдандыру да бар.
Арыста өткен кездесулерде тұрғындар «Байырқұм», «Жиделі» ауылдық округтерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге атсалысуымды өтінді. Алғашқы жолданған сауалдардың бірі «Жиделі», «Байырқұм», «Көкжиде» және «Аққала» елді-мекендерін газдандыру үшін 2 млрд 26 млн теңгелік жобаны қолдауға арналды. Үкімет жалпы Түркістан облысы мен Арыс қаласына қарасты екі ауылдық округтің газ мәселесі іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асырылатынын айтты. Толық қамтылу үшін облыстық әкімдік газдандыру жұмыстарын Министрлікпен бірге пысықтауы тиіс. Биылғы жылға облыс бойынша мен сұраған 22 жобаны қаржыландыруға 6 млрд 900 млн теңге бөлінді. Биыл 18 ауылға газ кіргізілуі керек.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіспіз» — деп атап өтті. Еліміз бойынша 600 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында баспанаға сұраныс көп. Үйсіз-күйсіз күнелткендердің нақты саны белгісіз. Қалай болғанда да, отбасы көбейген сайын ошақ қасы да керек болады. Қаншама бағдарлама іске қосылғанымен, пәтер жетпей жатыр. Бәрін үлкен мегаполистерге тірей бермей, ауылдардан көп қабатты үйлер салып өркениетке көшу керек. Ал, Қаратау тәжі саналатын Кентау бұрынғыдан да сәулетті әрі дәулетті қалаға айналуы тиіс. Келешекте ірі өндіріс орындары жұмыс істейтін болса, Кентаудың өз жұрты өзінде тұрақтайтын тұғыр керек болады.
2020 – 2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Кентау қаласының «Қаратау» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізуге және қаланың тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, сонымен бірге қаланың «Қарнақ» ауылында мәдениет үйінің құрылысын салу үшін 5 303 592 мың теңге керек. Жоғарыда аталған нысандар сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. «Қаратау» шағын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым құрылысына (жол бөлігі және сыртқы кәріз желілері) –
2 919 584,0 мың теңге, Кентау қаласындағы тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға – 1 033 961,0 мың теңге, «Қарнақ» ауылында 300 орындық мәдениет үй құрылысын жүргізуге – 1 350 047,0 мың теңге сұрадым.
Сол сияқты Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округінің «Мыңшұқыр» елді мекеніндегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, оны тұрақты дамыту мақсатында көпқабатты үй құрылысын жүргізу қажеттілігі бар. Қазіргі кезде «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекенінің «Әл-Фараби» шағын ауданында салынатын 10 көпкабатты тұрғын үйдің жобасы дайын. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 304 170,0 мың теңге, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 303 532,0 мың теңге, № 14 үйге – 303 240,0 мың теңге, № 15 үйге – 303 527,0 мың теңге, № 16 үйге – 314 021,0 мың теңге, №17 үйге – 313 057,0 мың теңге,
№ 18 үйге – 337 874,0 мың теңге, № 19 үйге – 336 353,0 мың теңге, № 20 үйге – 337 598,0 мың теңге республикалық бюджеттен қаржыландыру керек. Жоба жүзеге асырылса, Отырар ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 180 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі және құрылыс барысында аталған нысан бойынша 100-ден аса адам уақытша жұмыспен қамтылатын болады. 2024 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Түркістан облысы Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекені «Әл-Фараби» шағын ауданындағы 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына – 2 821 368,0 млн. теңге (сметалық құны) бөлдіруді сұрадым.
Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Президент жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктейді. Республика көлеміндегі жалғызбасты және жесір аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты барлық мәселелер «AMANAT» партиясының назарында. Әйел – отбасының, мемлекеттің тірегі. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты. Жалғызбасты аналар, олардың ішінде жас аналарды әлеуметтік қолдау – бұл әрбір мемлекеттің отбасылық саясатының бір тармағы болуы тиіс. Жалғасы бар
Қ. БАЛАБИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.