ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ –  МАҚТАНЫҢ МЕКЕНІ

Оңтүстік өңірі атап айтсақ, Түркістан облысы — мақтаның мекені болып табылады. Мақта «ақ алтын» болып саналады. Өкінішке қарай, үлкен сұранысқа ие болған мақта алқаптары азайып барады. Оңтүстік өңірді мақтасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, ақ алтынның жайылып кетуіне жол бермеу керек. Қайта, керісінше, мақта кластерін құрып, өңдеу ісін жолға қою қажет. Мемлекет басшысы да өнімді алған соң, өңдеп түрлі заттар өндіруші елге айналуды алға тартып жатыр. Мақташылар біресе судан, біресе бағадан қиналды. Өздеріне тиесілі гектарлық субсидиясын ала алмай Астанаға дейін ат арылтып келді. Мақташылардың мұңын Үкіметке жеткіздік.

Біріншіден, отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғарғы дәрежелі шитті сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғарғы дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді, екіншіден, шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, үшіншіден, елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұрап депутаттық сауал жолдадым.

Текстиль өнеркәсібі арқылы әлемдік нарықты жаулап жатқан мемлекеттер баршылық. Өзімізде мақта өсіріп, жіп иіріп, мата тоқып, киім тіге алмау ұят болады. Бұған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабын алдық. Онда тоқыма кластерінің 2026 жылға дейін құрылатыны, бұл бағытта бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны айтылған. Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінбей тұрғанда мақта кластері құрылып, бірқатар кәсіпорындар іске қосылған еді. Енді облыстың өз алдына еркін экономикалық аймақ құрып мақта өсіру және өнім өндіру мәселесін мықтап қолға алмақ керек деп есептеймін. Өйткені, мақта алқаптары жалпы егістіктің 70 пайызын құрап,
1 миллиондай адам осы шаруамен айналысып жүр.

Жылыжай көкөнісін өсірушілер де экономикаға үлес қосатын саланың бірі. Алайда, облыстағы жылыжайлардың 94 пайызы диқандардың өз күшімен салынған. Нарықты жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз  ету үшін көп шығындалады. Сол себепті нарқы қымбат болады. Десе де, жылыжайларды заманауи стандарттарға көшіру керек. Отандық өнімді қолдамасақ, импорт жаулап алады. Сол себепті Үкіметтен жылыжай көкөнісін өсірушілерге төмен пайызды несиелеу, электр энергиясы мен көмір, тұқым, тыңайтқыштарды субсидиялауды сұрадық. Премьер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерін ынталандыруға арналған мемлекеттік қолдау шараларының қаралатынын, инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу мен заманауи технологияларды енгізуде шығындардың бір бөлігін өтеу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, «Кең дала» бағдарламасы бойынша несиелеу пысықталып жатыр.

Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдарда мәдени, спорттық нысандар ашу ісін жандандыру мәселесі көтерілген еді. Барлық ауылдарда Мәдениет үйі, Спорт кешені заманауи талапқа сай болса, жергілікті жұртшылықтың игілігіне жарап тұрады. Өйткені, мәдениет те, әдебиет те, спорт та қоғамға қажетті дүниелер. Сайлаушылардың осындай да аманатын тиісті министрліктерге депутаттық сауал етіп жолдадым.

Туризм және спорт министрлігі ауылдар мен қалаларда клуб пен кітапхана және спорт кешенін салу облыстық әкімдіктің міндетіне кіретінін хабарлады. Керек десеңіз, заңмен белгіленген тәртіппен театр, цирк, музыка өнері және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музейді де облыстық бюджет есебінен салынады. Байқаймыз, мәдени іс-шаралар көп, мәдениет ошақтары аз, спорттық жарыстар көп, спортпен шұғылданатын орындар аз  болып тұр. Тиісті басқарма ауылдық жерлерде Президент тапсырмасын іске асырса деген тілек бар.

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Ұлттық экономика министрлігіне 51 жобаны іске асыру үшін 18,9 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 29 өтпелі жобаға 9,4 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде Сауран ауданы «Шорнақ» ауылындағы құны 788,9 млн теңгені құрайтын екі жоба бар. Спорт кешенінің құрылысы кезектілікке сәйкес облыстық бюджеттен немесе «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, Арыста өткен кездесулерде сайлаушылар «Ақдала», «Байырқұм», «Дермене», «Жиделі», «Монтайтас» ауылдық округ жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт кешендері керектігін айтты. «Ақдала» а/о, сметалық құны – 256780,469 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0028/22 сараптама қорытындысы); «Байырқұм» а/о, сметалық құны – 257710,289 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0030/22 сараптама қорытындысы); «Дермене» а/о, сметалық құны – 251554,705 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0031/22 сараптама қорытындысы), «Жиделі» а/о, сметалық құны – 244895,531 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0032/22 сараптама қорытындысы), «Монтайтас» а/о, сметалық құны – 252240,844 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0033/22 сараптама қорытындысы) жобалары дайын болғандықтан, алдағы жылдың бюджетінен қаржыландыруға Үкіметке ұсынылды.

Менің сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің барлығы да – депутаттық сауалға сұранып тұрған мемлекеттік деңгейде шешілетін істер.

 

Қ. БАЛАБИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *