Менің сауалдарымның барлығы дерлік республикалық бюджеттен қаржыландыруға тәуелді мәселелер болды. Түркістан дотациялық облыс болғандықтан, республикалық бюджет қолдауына мұқтаж. Сол себепті ірілі-ұсақты әлеуметтік, шаруашылық нысандардың құрылысына қаражат сұралды.
Түркістан облысында жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді. Бұл жаңа оқу жылында осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Кей сыныптарда оқушы саны 40-тан асса, үш ауысымда оқитын және апатты мектептер тағы бар. 15 аудан, 2 қаладағы 117 мектеп күрделі жөндеуді, апатты жағдайдағы 40 білім ұясы жаңадан салуды талап етеді. Осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.
Нәтижесінде облыстағы мектеп мәселесін шешуге республикалық бюджеттен бірден 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық. 2024-2025 жылдары 63 білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол мектептер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жан-жақты білім алуына қолайлы заманауи үлгіде салынуы тиіс. Биылдың өзінде мектеп саны мыңға жетті.
Мәжіліске депутат болып сайланғанғалы облыс бойынша маған мұңын шағатындар өте көп. Өз сайланған округқа қарамаса да, одан тыс жерлерден шағымданушыларға құлақ аспасқа амалым жоқы. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тас жол жыр болды. Расында да, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Ол республикалық трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілер жанайқайын Үкіметке жеткіздім.
Осы тұста айта кететіні министрлік өкілдері ескерту белгілері қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалған жағдайда, айыппұл салынбай, базадан алынып тасталатынын айтқан. Алайда, халық олай болмай жатқанын ашынып айтып жатыр. Үстін-үстіне айыппұл салынып, көбісінің қайдан пайда болып жатқанын түсінбей жүргендері жетерлік. Бұлайша айыппұл өндіруді тексеру қажет. Онсыз да айыппұл мен салық айналасында дау мен шағым, наразылық өте көп. Реттейтін уақыт жетті деп есептейміз.
«Ескерту белгілері» жол қозғалысы ережелерін сақтауды және бұзушылықтардың алдын алу мақсатына қызмет етеді. Ескертілген жүргізуші заңды ешқашан бұзбайды. Ескертілмесе, шектеу қойылғанын қайдан біледі? Оның үстіне қазір «жасырын камералар» аздай, күре жолдардағы қозғалысты шектеу қойылмағанына қарамастан, дрон арқылы қозғалысты заңсыз бақылау байқалған. Бұл да Жол полициясының өз қызметін асыра пайдалануға жатады. Бұдан бөлек, айыппұл төленгенімен, полицейлердің планшетінен өшірілмей, жүргізушілерді ретсіз тоқтатып әлекке салып жатыр. Себебі төленген түбіртектерді бір базаға жинақтау жағы қарастырылмаған. «Қазпошта» кассасына немесе «Каспий» қосымшасы және Жол полициясының кассасына, яғни, әркім әр жақтан төлесе де, төленгені жайлы мәлімет полицияның планшетінен шықпайды. Соның салдарынан Жол полициясы мен жүргізушілер арасында түсініспеушілік туындауда. Бір жүргізушілер айыппұлды төлеп қойса да, Жол полициясы үшін сақтап жүрген түбіртектердің сиясы кетіп қалғанын, полицияның жазықсыз жазғырып жатқанын айтып шағымдануда.
Тағы бір маңызды мәселе, айыппұл көлемін азайту және тізімін қысқарту керек. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 70 мың теңге болса, 61 260, 48 300, 69 000, 138 000, 207 000 теңге айыппұл тағайындау қисынға келмейді. Несиеге көлік мініп, күнін әзер көріп жүрген халыққа жығылған үстіне жұдырық етуге болмайды деп санаймыз.
Үкіметтің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы барлық бейнебақылау камера алдына ескерту белгісін міндетті түрде орнатуды заңнамалық тұрғыдан бекітуін, «Жол жүру ережесінің» талаптарына сәйкес стационарлық бейнебақылау камералары және жылжымалы қондырғылардың алдында «Ескерту белгілері» болмағанда айыппұлды жарамсыз деп тануын, осы уақытқа дейін және кейін ескерту белгісі қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалғандарға салған айыппұлдарды мен айыппұлы төлеушілер тізімінен алып тастауын, айыппұл соммасын азайту мен айыппұл түрлерін қысқартуын сұрап сауал жолдауға тура келді. Өкінішке қарай, көпшіліктің осындай қалауы мен талап-тілегіне Үкімет әлі жауап берген жоқ. Біздіңше, айыппұл мөлшерін төмендету керек. Жол ережесін бұзғандар төлейді.
Қ. БАЛАБИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.