ЕЛДІҢ ДАМУ ЖОЛЫ САРАЛАНДЫ

Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайдың биылғы жиыны Амал мерекесімен тұспа-тұс келді. Игі жақсылар бас қосқан жиында еліміздің одан әрі дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелер талқыланды.

Атырау – тасын түртсең тарихы сөйлейтін шежірелі өңір. Бір кездері тұтас ұлттың тағдыры, қазақтың қордалы мәселелері бұрынғы Сарайшық қаласында шешілген. Міне, арада бірнеше ғасыр өткенде тәуелсіз Қазақстанның игі жақсылары шежірелі мекенде бас қосты. Соншама уақыт өтіп, заманның өзгергеніне  қарамастан төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһардың бүгінгі ұрпаққа әлі де айтары бар. Ол – елдің береке-бірлігі!

Ұлттық құрылтайдың бірінші күнінде секциялар азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму сынды тақырыптарды талқылады. Күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, талқылау барысында салмақты сарапшылардан мазмұнды және мағыналы ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Мемлекет Басшысы Ұлттық Құрылтайда ел экономикасын дамытатын жаңа мүмкіндіктерге бет бұру керектігін айтты:

Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбенов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін. Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады.

Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылады. Бірақ қоғамдық этикаға келгенде, заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Барынша мұқият болуды талап ететін бұл шаруаға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алар еді. Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды.

Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды. Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы керек.

Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді.

Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.

Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет. Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті.

Қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршаңыз көріп отырсыздар. Халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді.

Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді.

Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады.

Еліміздегі мемлекеттік аппараттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі популизмді және құбылмалы ахуалдарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек. Мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін шешімдері қайта қаралмайтындықтан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн.

Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер  біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді.

Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім  нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында», деді Мемлекет Басшысы өз сөзінде.

 

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген тақырыпта сөйлеген сөзінде ел тұтастығының зиялы қауым бірлігінен басталатынын айтты. «Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Еліміздегі көрнекті тұлғалар бірін-бірі мойындап, өзара бір-біріне құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түсетіні анық» деді Президент.

Мемлекет басшысы былтыр Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласындағы отырысында бірқатар мемлекеттік наградаларды, атап айтқанда,  ордендерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы ұсыныс айтқандығын және қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынғандығын, қазір, бұл жұмыспен республикалық комиссия айналысып жатқандығын жеткізді. «Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін халқымыздың даңқты батыр ұлдары Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ, награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан бөлек Мемлекет басшысы былтыр күздегі Жолдауында жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді жария еткендігін, осы жылы ақпан айында Үкімет ауысқанын, жаңа құрамдағы атқарушы билікке жаңа міндеттер жүктелгенін айта келіп, нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіздігін, әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындай отырып, нақты шараларды қолға алуымыз керектігін айрықша атап көрсетті.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,

«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы,

Түркістан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *