Өткен жыл облысымыз үшін табысты жыл болды. Түркістанды түлету, облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстар толассыз жүргізілді. Осы орайда, өткен жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындап алудың сәті келіп отыр.
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың ойын еркін білдіретін жергілікті өкілді орган. Бүгінде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихаттар маңызды рөл атқарады.
Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың сәуір айынан бастап жаңа сегізінші шақырылымдағы мәслихаттар жұмысына кіріскен болатын. Облыстық мәслихатқа 46 депутат сайланды, 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары бекітілді.
Жалпы, мәслихаттардың әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдау тұрғысынан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі өте зор. Өткен жылы облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданды, оның ішінде 29 шешім (нормативтік-құқықтық акт) облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Қабылданған әрбір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды. Атап айтқанда, 2023 жылы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 91 мәселе қаралды. Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның
8 отырысы өткізіліп, 44 мәселе қаралды.
Сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 4 рет нақтыланды. Депутаттардың белсенділігін арттыру мақсатында регламентке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 14 мемлекеттік мекеменің есептері тыңдалды. Есебі тыңдалған мекемелердің жұмыстарын зерделеу үшін алдын-ала арнайы уақытша депутаттық топтар құрылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек, депутаттық топтар өткен жылдың 23-31 мамыр аралығында өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы спорт нысандарының, 14-28 тамыз аралығында барлық аудан, қалалардағы білім саласы мекемелерінің жағдайларымен танысып, жұмыстарына зерделеу жүргізді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен білім басқармасының жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға берілді және тиісті ұсыныстар жолданды.
Одан бөлек, облыстағы уран өндіруге бөлінген жер учаскелері, экологиялық жағдай және кәсіпорындардың әлеуметтік-экономикалық дамуға төлемдері туралы мәселелерді қарадық. Арнайы құрылған уақытша депутаттық топ «КазАтомПром Сауран» компаниясына іссапармен барды. Зерделеу жұмыстары кезінде 10-15 жылдан бері уран өндіретін компаниялар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына біржолғы төлемді ең төменгі шекте төлейтіндігі анықталды.
Депутаттар облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, министрлік пен уран өндіретін мекемелер арасында жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, әлеуметтік-экономикалық дамуға төленетін төлемдерді инвестиция көлемінен 2 пайызға ұлғайтуды ұсынды. Нәтижесінде «КазАтомПром Сауран» компаниясы келісім-шартты өзгертіп, төлемді инвестиция көлемінен 2 пайызға көтерді. Қалған компаниялармен де жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, депутаттар сессияларда саяси маңызды мәселелерді де қарап, тиісті шешімдер қабылдады. Солардың ең маңыздысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арнаған Жолдауларында берген тапсырмаларына сәйкес, облыстық мәслихат 2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалалар тізбесін және сайлау күнін белгілеп, шешімдер қабылдады. Шешімдерге сәйкес, 2023 жылғы 5 қараша күні Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайланды.
Одан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық Заңға сәйкес саяси партиялардың ұсыныстары негізінде аумақтық сайлау комиссиясының 7 мүшесі сайланды. Жаңа құрам жыл басынан жұмысын бастап, төрағасы мен оның орынбасарын, хатшысын бекітті.
Сонымен қатар, облыстық тексеру комиссиясының ұсынысымен тексеру комиссиясының мүшесі ретінде Н.Тағаевты, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұсынысымен Түркістан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Ғ.Тәпеевті тағайындау туралы шешімдер қабылданды.
Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдады. Оның 231-і немесе 63%-ы қанағаттандырылып, орындалған. Қалған 130-ы орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.
Нұралы ӘБІШОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы.