Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып, «Аманат» партиясының тізімімен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған Қайрат Рахымұлы БАЛАБИЕВ Үкімет алдында өзі туып-өскен өңірдің өзекті проблемаларын үнемі көтеріп келеді. Жуырда өңірімізге келіп, ауылдарды аралап, сайлаушыларымен жүздесіп қайтқан халық қалаулысына бірқатар сауалдар қойылды.
Оңтүстікте жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді
– Қайрат Рахымұлы, Сізді жұрт белсенді азамат, проблемаларды дер кезінде көтеріп жүрген халық қалаулысы ретінде жақсы таниды. Сайлауалды бағдарламаңызда қандай міндеттерді басты кредоңызға айналдырдыңыз? Бағдарламаңыздағы пункттердің іске асырылып жатқандары бар ма?
– Менің сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің барлығы да депутаттық сауалға сұранып тұрған мемлекеттік деңгейде шешілетін істер. Өткен жылға өкпе жоқ. Көптеген елдік проблемалар шешімін тапты. Көбісі қаржыға тірелетіндіктен, кейбір мәселелердің шешімін күте тұруға тура келеді. Атқарушы билік пен халық жергілікті жерде өздеріне қажетті мәселелерді жасырмай айтса, мүмкіндігінше Үкіметке жеткізуге тырысамыз. Ел мүддесі үшін жұмылу – мемлекеттік саясат. Қолдан келгенше қызмет етеміз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанған күннен бастап Үкіметке жиырмадан аса депутаттық сауал жолдаппын. Оның 15-тейі жазбаша берілді. Парламент регламентіне сәйкес депутаттар ауызша және жазбаша түрде депутаттық сауалдар жолдай алады. Менің сауалдарымның барлығы дерлік республикалық бюджеттен қаржыландыруға тәуелді мәселелер бойынша қойылған еді. Түркістан дотациялық облыс болғандықтан, республикалық бюджет қолдауына мұқтаж. Сол себепті ірілі-ұсақты әлеуметтік, шаруашылық нысандардың құрылысына қаражат сұралды.
Түркістан облысында жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді. Бұл – жаңа оқу жылында осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Кей сыныптарда оқушы саны 40-тан асса, үш ауысымда оқитын және мектептер тағы бар. 15 аудан, 2 қаладағы 117 мектеп күрделі жөндеуді, апатты жағдайдағы 40 білім ұясы жаңадан салуды талап етеді. Осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.
Нәтижесінде облыстағы мектептер мәселесін шешуге республикалық бюджеттен бірден 344 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған оқиға. 2024-2025 жылдары 63 білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол мектептер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жан-жақты білім алуына қолайлы заманауи үлгіде салынуы тиіс. Президент Жолдауында «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді» деген болатын. Сөйтіп 2025 жылға дейін салынатын мектептер санын бір мыңға жеткізуді міндеттеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы» аясында тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеді. Өкінішке қарай, көптеген ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Сонымен қатар кейбір ауылдарда «көгілдір отынға» қол жеткізілмеген. Бұлар жөнінде не айтар едіңіз?
– Түркістан облысына қарасты 124 елді мекенде су тұрмақ, су құбыры мүлде жоқ. 109,7 мыңдай адам сапалы ауыз суға зәру. 124 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрап, Үкіметке сауал жолдадым. Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары облыс бойынша 113 елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізіліп, бұдан бөлек 204 ауылда ескірген су құбырлары жаңартылатын болды. Биыл 66 нысанның құрылысына 17 млрд. 400 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда қалаларға қарастырылған 3 млрд. 200 млн. теңгеге – 12, ауылдарға арналған 14 млрд. 200 млн. теңгеге 54 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 46-сы биыл, 20-сы келер жылы аяқталуы тиіс.
Арыс қаласын сумен жабдықтаудың 11 жобасын және 3 ауылдық округті сумен жабдықтау бойынша 3 жобаны қаржыландыру бойынша да мәселе көтердім. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында аталған 11 жобаны іске асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 3,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты.
Мұнан бөлек, 30 мың халқы бар Шардара қаласы және осы аудан көлемінде тұратын 50 мың ауыл тұрғыны да таза ауыз суға мұқтаж. Тұрғындар осы кезге дейін сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ешқандай шаралар қолданылмағанына наразылықтарын айтты. Қаладан 30 шақырым жердегі «Тама Тастанбек» ауылында жер асты бассейні бар. Оның суы тұщы боп шықты. Соны халық пайдалану үшін Шардара ауданынан Шардара топтық су құбыры құрылысын жүргізу керек. Жоба іске асса, Шардара қаласы және 24 елді мекен тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Осыған қажетті 16 975, 526 млн. теңге бөлінсе, шардаралықтар да таза су ішеді.
Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету – Президент тапсырмасы. Былтыр елімізде 11,6 млн. абонент табиғи газға қол жеткізген. Бұл жалпы халықтың 59 пайызын құрайды. Ауыл-аймақты газдандыру жұмыстары 2015-2030 жылдар аралығында жүргізіледі. Түркістан облысында бүгінде 368 ауылдың адамдары үйлерін көмірмен жылытып отыр. Биыл 6 млрд. 900 млн. теңгеге 22 нысанның құрылысы жүргізілуі тиіс еді. Жалпы өңірді түгел газбен қамту үшін республикалық бюджеттен 75 млрд. 200 млн. теңге керек. Мен сайлауалды бағдарламамнан бұрын, сайлаушылардың тікелей айтқан өтініштерін орындауға кірістім. Халықтың сұрайтыны мектеп, су, жол, аурухана, емхана салу, заңсыз карьерлерді жабу сияқты әлеуметтік мәселелер. Оның ішінде осы елді мекендерді газдандыру жұмыстары да бар. Арыста өткен кездесулерде тұрғындар Байырқұм, Жиделі ауылдық округтерін «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге атсалысуымды өтінді. Үкімет жалпы Түркістан облысы мен Арыс қаласына қарасты екі ауылдық округтің газ мәселесі іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асырылатынын айтты. Толық қамтылу үшін облыстық әкімдік газдандыру жұмыстарын министрлікпен бірге пысықтауы тиіс. Биылға облыс бойынша мен сұраған 22 жобаны қаржыландыруға 6 млрд. 900 млн. теңге бөлінді. Биыл облыстағы 18 ауылға газ кіргізілуі керек.
Айыппұл мөлшерін төмендету керек
– Халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты туындап отырған проблемалар аз емес. Әсіресе, баспана, жәрдемақы мөлшері, арнайы жеңілдіктер де Үкімет назарынан тыс қалмауы тиіс деп ойлаймыз.
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіспіз» деп атап өтті. Еліміз бойынша 600 мыңнан аса отандасымыз тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында баспанаға сұраныс өте жоғары. Үйсіз-күйсіз жүргендердің нақты саны белгісіз. Қалай болғанда да отбасы көбейген сайын ошақ қасы да керек болады. Қаншама бағдарлама іске қосылғанымен, пәтер жетпей жатыр. Бәрін үлкен мегаполистерге тірей бермей, ауылдарда да көп қабатты үйлер салып, өркениетке көшу керек деген пікірдемін. Ал, Қаратау тәжі саналатын Кентау бұрынғыдан да сәулетті әрі дәулетті қалаға айналуы тиіс. Келешекте ірі өндіріс орындары жұмыс істейтін болса, Кентаудың өз жұрты өзінде тұрақтайтын тұғыр керек болады.
2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.
Отбасы мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Халыққа жыл сайынғы Жолдауында Президент отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, Үкіметке түрлі тапсырмалар жүктейді. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасыға байланысты. Жалғызбасты аналарды, олардың ішінде жас аналарды әлеуметтік қолдау – бұл әрбір мемлекеттің отбасылық саясатының бір тармағы болуы тиіс. Бүгінде Қазақстанда 837 мың толық емес отбасы бар, оның 758 мыңы – әйел адам және 79 мыңы – ер адам. Жалпы толық емес отбасылардағы адамдар саны –
2 млн. 601 мың. Елімізде екі миллионға жуық жетім бала бар, оның әрбір бесіншісі некесіз отбасыда өмірге келген. Толық емес, асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, ал, жалғызбасты аналар мен әкелерге арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Барлық аналарға 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді және олардың көлемі әртүрлі. Жұмыссыз әйелге бір балаға ай сайын 19 872 теңге, ал, жұмысы бар ананың әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Қазақстандағы барлық әйелдер мен жалғызбасты ер адамдардың бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды, олардың балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін бірінші кезектегі жеңілдіктерді қарастыруды, сондай-ақ, жалпы әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-ке дейін төмендетуді бір топ депутат боп сұрадық. Жалғызбасты аналар мен жалпы әйелдердің жанайқайын жеткіздік. Алайда, министрлік тарапынан әлеуметтік жәрдемақылардың жалпыға бірдей беріліп, жағдай жасалып жатқаны жайында жауап қайтарылды.
Жалғасы бар.