ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ван Юзүнджү Йыл университетінің бірлесіп  ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Түркістан облысы әкімдігі, Қырғыз-Түрік Манас университеті мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеттерінің  қолдауымен  «ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ИНТЕЛЕКТУАЛДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР»   атты халықаралық симпозиумның өтті.

Айтулы іс-шара – түркі әлемінің әдебиеті мен тарихының, тілі мен мәдениетінің, философиясы мен саяси қатынастарының жаңашылдық үдерістері мен интелектуалдық қозғалыстарына арналды.

Алқалы жиында алғашқы сөз тізгінін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев алды. Ол көпшілік қауымға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау тілегін оқып берді.

Келесі кезекте, университет ректоры Жанар Темірбекова симпозиумға жиылған қонақтар мен ғалымдарға алғыс білдірді.

«Құрметті қонақтар, бүгінгі алқалы жиынға қатысушылар мен әріптестер, сүйікті студенттер! Бүгін біздің университетіміз бен әсем қала Түркістан үшін кезекті маңызды басқосу. Себебі, күллі түркі әлемі жастарының ортақ шаңырағына айналған оқу ордамызда жыл сайын аса маңызды әрі мағыналы түркі әлемінің интеграциясына қызмет ететін көптеген ғылыми және білім беру жобалары іске асуда.

Университеттің алғаш құрылғандағы миссиясы – Түркі әлеміндегі интелектуалдық қозғалыстың көзге көрінетін, ең жарқын мысалы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, халықаралық ұйым деңгейінде, халықаралық университет болып құрылған бізден кейін, түркі әлеміндегі халықаралық ұйымдар құрыла бастағаны тарихтан белгілі»,-деді Жанар Темірбекова. Сонымен қатар, ректор 2023 жылдан бастап, университетімізде өткен маңызды іс-шаралар туралы баяндады. Жалпы ірі көлемде, жоғары деңгейде 8 симпозиум өтсе, оған түркі елдерінен 2000-ға жуық ғалым, ал шетелдерден 800 ғалым қатысқанын жеткізді. Аталған шараларлың барлығы интелектуалды қозғалыстар екенін баса айтты.

Жиында ректор өкілі Наджи Генч те алыс-жақыннан арнайы келген ғалымдар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді. Осы уақыт аралығында өткен түрлі конференциялар мен жиындардан бүгінгі симпозиумның өзіндік ерекшелігі туралы баяндады. Симпозиумға қатысушылардан түркі елдері үшін маңызды ұсыныстар мен жүйелі ойлар ұсынатынына сенетінін жеткізді.

Симпозиум  қонақтары Қырғызстан Түркия Манас Университетінің жауапты хатшысы, профессор Октай Өзгүл мен Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Юсуф Сайит симпозиумның маңызы жайлы тарқата айтты. Түркі елдерінің ғалымдарының басын қосып, бірлік пен ынтымақтастықтың озық үлгісін көрсетіп, ұйымдастырған қос университеттің басшылығына алғыстарын айтты.

Симпозиум өз жұмысын 5 секция бойынша жүргізді. Сондай-ақ секциялық отырыстарда: Түркі әлемі әдебиеттері,Түркі әлеміндегі жаңару кезеңдері мен интеллектуалдық қозғалыстар, Түркі әлемінің зияткерлік(пікір) сәулетшілері, Инновациялық кезең шеңберіндегі қазіргі түркі жазба тілдері, Түркі әлеміндегі баспасөз және ағарту сынды т.б маңызды тақырыптарды қамтылмақ.

31 мамыр күні екі күнге созылған «Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі интелектуалдық қозғалыстар» атты халықаралық симпозиумы өз мәресіне жетті.

Ғалымдардың басын қосқан іс-шара  университетіміз  бен Ван Юзүнджү Йыл университетінің бастамасымен, сондай-ақ, Түркістан облысы әкімдігі, Қырғыз-Түрік Манас университеті мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеттерінің қолдауымен өтті.Симпозиумда: Түркістан, Астана, Ташкент, Ашхабат, Хиуа, Талас, Сырдария, Каспий, Өтүкен, Алтай секциялары мен онлайн секциялар жұмыс істеді.

Айтулы жиынға еліміз бен Түркия Республикасынан және басқа да түркітілдес мемлекеттерден ғалымдар мен оқытушы-профессорлар қатысты. Олардың қатарында Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор, докторы Ислам Жеменей, Өзбекстан Ғылым академиясы Әли Шера Науаи мұражайының директоры Жаббор Ешенкул, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясы Фольклор институтының директоры Мұхтар  Казымоулы-Иманов және т.б бар.

Секцияларда түрлі маңызды тақырыптар қозғалып, ғалымдар өз пікірлері мен зерттеулерін ортаға салды. Атап айтқанда: Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі ортақ терминология қалыптастыру мәселесі және тілдік мүмкіндіктер, Абай Мұрасы – Оқушының Тілдік Тұлғасын Қалыптастырудың Негізі, Түрікшілдік Осман империясындағы жаңару кезеңіндегі интеллектуалдық қозғалыс ретінде және Намық Кемал хаттарындағы түрік тілін қабылдау, Түркі Тілдеріндегі Фразеологизмдер Және Олардың Зерттелуі, Түркі тілдеріндегі сан компонентті фразеологизмдердің ұлттық танымдық сипаты (қазақ-түрік-қырғыз тілдері негізінде) сияқты т.б тақырыптармен толықты.

Осылайша түркі елдерінен жиылған зерттеушілер мен ғалымдар түркі әлемінің күн тәртібіндегі ортақ мәселелерінің шешімдерін іздеп, пікір алмасты. Түркі жұртшылығының мәдени мұрасы мен тарихы, өнері мен ғылымын саралап, ұсыныстары мен ой толғауларын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *