ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында елдегі ең маңызды деген мәселелерге тоқталды. Осы арқылы әрбір қазақстандықты толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді. Мәселен, сұхбатта еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынасы мәселесі де қозғалды. Сыртқы саясат тек халықаралық ынтымақтастыққа ықпал етпейді, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді» деп атап өтті Президент сұхбатында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарының маңызына айрықша тоқталды. Бұл бастама идеология саласындағы проблемаларды, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас алаңына айналғанын тілге тиек етті. Биыл Құрылтайдың отырысын сәл ертерек, көктемде өткізу ниетін білдірді.
Бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселелер санатына мемлекеттің әлеуметтік-
экономикалық дамуы жатады. Қасым-Жомарт Кемелұлы инновациялар мен технологияларға негізделген бәсекеге қабілетті экономика құру қажеттігін айтты. Шағын және орта бизнесті күшейтуге бағытталған экономикалық бастамалар жаңа жұмыс орнын құру және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі болып табылады. Мемлекет басшысы өткен жылғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айтқан болатын. 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге ұлғайту мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледі.
Елімізде осыдан екі жыл бұрын болған қаңтар оқиғасы да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Елдегі саяси жүйені демократияландыруға жасалған жаңа бағдарға, реформалардың әзірленуіне қарсылық танытқан ықпалды адамдардың астыртын іс-әрекетінен туындаған наразылық шерулері ақыр соңында экстремистік сипат алып кеткенін, сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет болғанын атап өтті. «Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал, жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида» деп өз ойын нақтылады.
Ел қабырғасын қайыстырған осы қасіретті оқиғадан соң Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, билік пен халықтың арасында ашық диалог орнады. Соның нәтижесінде әлеуметтік салада қордаланып қалған түйінді мәселелер жүйелі шешімін таба бастады. Мемлекет басшысы конституциялық реформалар туралы айта келе, сұхбатында «ескі жүйеге оралу мүмкін емес» деп түсіндірді. Сондай-ақ, Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлу мәселесін реттейтін заң күшіне енді.
Президент өз сөзінде бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтарлықтай кеңейгенін айтты. Өнімді жұмыс істеулері үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Ендігі жерде атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет.
Ал, АЭС құрылысы секілді бастаманы жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынғанын айтқан Президент шешімді халық қабылдайтынын ескертті.
Сұхбатта сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы жастардың рөліне баса назар аударылды. Еліміз егемен ел болғалы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң бірнеше рет қабылданды. Соңғысы былтыр көктемде жаңартылып, 1 наурыздан бастап толық күшіне енді. Ел Президенті жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын бірқатар кешенді шара қабылданғанын айтты. Сол кешенді шаралар аясында президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Санасы сергек, ойы ұшқыр азаматтар, кәсіби мамандар іріктеудің бірнеше сатысынан өтіп, мемлекеттік қызметтегі лауазымды орындарға тағайындала бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін беретіні белгілі. «Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазіргідей әлем күн сайын өзгеріп жатқан заманда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастар болашақты тез бағамдай алады. Сондықтан билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек.
Президенттің сұхбатта айтқан бәсекелі экономика жүйесін құру, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту сынды жұмыстары сәтті жүзеге асырылатынына сенім мол. Еліміздің экономикасының жандануына іскер де қабілетті азаматтар өз үлестерін қосатыны сөзсіз.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек алға қарауымыз керек» деген пікір айтып, жалпыұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоюға шақырды. Мемлекет басшысының бұл сөзі барша отандастарымыз ұстанатын басты қағидаға айналуы керек.
Ерлан КҮЗЕМБАЕВ,
облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы.