Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбаты талай отандасымыздың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап берген дүние болды.
Ел басқару да, отбасын басқару да оңай емес. Қоғамда орын алып жатқан отбасылық оқиғаларға қарап осыны байқауға болады. Ал, ел басқару ісінде ең алдымен саяси реформалар жасалуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан кейін бірден кіріскен ісі ішкі-сыртқы саясатты реттеу болды. Оны біреулер дұрыс түсінбеді. Әлі күнге өзгеріс күтіп жүргендер көп. Кадрлық резерв тұрмақ, жай құрамның өзін жаңалау және толықтыру үшін біршама уақыт кетеді.
Елімізде өтіп жатқан облыс, қала, аудан және ауыл әкімдерінің, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жаңаша ережемен сайлануы осы жолдағы үлкен қадам. Қазір бұқараның өз таңдауымен сайланған 700-дей әкім қызу жұмыс істеп жатыр. Әкімдер сайлауы іскер әрі белсенді азаматтар арасында бәсекелестік ахуал қалыптастырып, қызметке деген қызығушылықтарын арттырды. Сайланып алып өз жұмысын көрсете алмайтын әкімдерді қызметінен кетіруге де мүмкіндік бар. Сондықтан әкімдер енді абыройсыздықтан қорқып, абыроймен қызмет етеді, не кетеді. Өз атына кір келтірмеу үшін өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Көңілдегісін сайлағанына халық та риза.
Қалай болғанда да елде саяси реформалар жүріп жатыр. Басқасын айтпағанда Президенттің өзін-өзі бір мерзімнен артық сайлаудан бас тартып, саяси реформаларды референдум арқылы Конституциямен бекітіп қойды. Бұған Қазақстан азаматтары тікелей араласты. Президент халыққа шектеу қойып жатқан жоқ. Керісінше, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруда. Тіпті, халықтың билікке деген базынасын білдіру үшін митингке де рұқсат етілді. Өкінішке қарай, бізде митингке шығу мәдениеті мен тәртібі қалыптаспаған, соның салдары басбұзарлық пен жаппай тәртіпсіздікке ұласса, халықтың аңғалдығын саяси «содырлар» өз мүдделеріне пайдаланып кетіп жатады. Қаңтардағы бейбіт шерудің қаралы оқиғаға айналуы митинг мәдениетінің қалыптаспағанының дәлелі.
Біреулер несие алып, енді біреулердің жылдар бойы жиған ақшасына ашқан кәсібін талқандау есті адамның әрекеті емес, қасақана қастық. Қаңтардағы қақтығыстарды күштеп тоқтатпағанда, халықтың өзі бір-бірімен қырқысып кетер еді, оның соңы неге апаратынын ойлаудың өзі қорқынышты. Саяси тұрақсыздық егемендіктен айырылып қалуға әкеледі. Төңкерісшілердің көксегені де сол. Сол күндері Президенттің табандылығы мен қарапайым халықтың ауызбіршілігінің арқасында тыныштық орнап, мемлекеттігіміз сақталып қалды.
Президент өз сөзінде бейбіт шеруге тиым салынбайтынын, ал, жаппай тәртіпсіздіктерге жол берілмейтінін қадап айтты. Петициялар мен бейбіт жиналыстарды реттейтін заңдар қабылданған. Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде де халық бейбіт шеруге шығып тұрады. Өз талаптарын айтып, бейбіт мәмілемен тарқап жатады. Президент пәрменімен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бекітіліп, халықпен кері байланыс орнатылып, мүмкіндігінше ең өзекті мәселелер шешіліп келеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, барлық проблема рет-ретімен шешімін табуда. Тек, әйтеуір, жер-жердегі атқарушы билік мемлекеттік міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, өз жұмыстарын адалдықпен атқарса екен. Сонда халық Президенттің игілікті істерінің жемісін көреді.
Ата заңымызда жазылған азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, әділеттілік сақтау үшін Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді. Конституцияға бұрынғыдай ешкім оңды-солды өзгерту енгізе алмайды. Кез келген өзгерту Конституциялық соттың оң қорытындысына сәйкес Парламенттің қарауынан кейін референдум арқылы енгізіледі. Президенттің уәкілетті мерзімін жеті жылдан асырмау және бір рет сайлау да заңмен бекітілді. Кім өзіне осындай «әділетсіздік» қылады? Әділдікті ұстанатын Президенттің діттегені билік емес, мемлекет пен қоғамның дамуы, Қазақстанды озық ойлы ұлт пен озат елге айналдыру.
Әділетті қоғам заңы мүлтіксіз орындалуы тиіс. Ел ішінде тәртіп бұзатын балалар да, үлкен азаматтар да кездеседі. Сөз еркіндігі берілді екен деп ойына келгенін айта салатындар да көбейіп барады. Қазір көп адамның уақыты әлеуметтік желіде өтіп жатыр. Одан қалса, кісінің ойына келмейтін қылмыстар орын алуда. Президент өз Жолдауында әйелдер мен қыздардың тағдырларына алаңдаушылық білдіріп, отбасылық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейетінін ескертті. Қазір Мемлекет басшысының нұсқауымен білім және ғылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Іскер әрі білімді азаматтар тек өз ісімен айналысып, өзгенің шаруасына араласпайды. Озық ұлт құру үшін ең алдымен санамен жұмыс істеу керек. Президент тәрбие мен білімге ерекше көңіл бөлді. Қазір республика бойынша жайлы мектептер салынуда. Жастардың білім алуы үшін барлық заманауи талаптар жасалуда. Тарихымыз түгенделе бастады. Қазақстан тарихының көптомдығы жарыққа шықса, ұрпаққа мол рухани мұра қалады деген сөз.
Президент тапсырмасына сәйкес 2019 жылы 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Былтыр жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Азаматтарды құқықтық, экономикалық тұрғыда сауаттандыру жүргізілуде. Сол сияқты заңды белден басқан сот орындаушылары мен коллекторларды қатаң жазалау мәселесі де қарастырылуда. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар көлемі ұлғайтылып келеді. Мұның бәрі әлеумет үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы ғана.
Еліміздің отын-энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салыну керек. Бұл бастаманы бүкіл ел болып қолдау қажет. Фукусимоны салған жапондар қазір осы шешімдеріне өкінбейді. Апатқа ұшыраса да атом электр стансасын жауып тастаған жоқ. Ішкі қажеттілікті өтеу үшін бізге де сондай тәуекелге бару керек. Жылу электр орталықтарының ахуалы көңіл көншітпейді. Қыс ауасында тоңып, зардап шегіп жатқан қарапайым адамдар. Осы орайда Президент инженерлік инфрақұрылымдарды қарқынды жүргізуді тапсырды.
2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайтып, 450 миллиардқа жеткізу жоспарланған. Дүниежүзілік қаржылық ұйымдар Қазақстанда ондай межеге жеткізетін қарқын барын байқамауда. Ал, Президент ішкі жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 15 пайызға өскенін ескеріп, жоспарланған межеге жетуге болатынын айтты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 13 мың долларға жуықтаған. Осындай қарқынмен 2029 жылы белгіленген межеден асып түсуіміз де бек мүмкін. Президент макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше мән береді.
Мемлекет басшысының бастамасымен билік пен бизнестің қарым-қатынасын реттеу мақсатында Салық Кодексіне, басқа да заңдарға өзгертулер енгізілуде. Үкіметке салық жүйесін жетілдіруде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмауды тапсырды. Экономиканы көтеретін жобаларды қолдайтын инвесторларды қолдауға шақырды. Бюджет кодексі әзірленді. Енді кіріс көздерін көбейту керек. Ол үшін Үкімет халықты салық және басқа төлемдермен қинамай, жұмыс орындары мен табыс түсіретін жаңа жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Жұртшылықтың табысын инфляция жеп жатқанда, салық және басқа төлемдерді міндеттеу жығылған үстіне жұдырық болады. Үкіметтің құзыреті кеңейтілді. Десе де, Президент алмақтың да салмағы барын әдемі ескертіп өтті. Халық тарапынан азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника, үй, көлік, салық, айыппұлдарға қатысты шағым толастар емес. Президент Үкіметке іс-қимыл стратегиясын ширату керектігін дұрыс ескертті.
Кадрлық саясатқа қатысты да сын көп. Мемлекет басшысы мұның да шешімін тапты. Әкімдіктер мен мәслихаттарда жас мамандар бас бола бастады. «Жас келсе іске» деген емес пе?! Елдің Президентке деген сенімін қол астындағы және түкпір-түкпірдегі мемлекетік қызметшілер адал еңбегімен, іскерлігімен, әділдігімен қалыптастырады. Біз Президенттің білімділігі мен біліктілігіне, көрегенділігі мен дипломатиялық қарым-қабілетіне орай дұрыс саясат құрып, даңғыл дамуға бастағанына куәміз. Жаңа Қазақстанды жаңаша өркендету жалпы халықтық міндет. Тек сәттілік тілейміз!
Қайрат БАЛАБИЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.