Өткен жылдары «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Түркістан қаласы бойынша көптеген кәмелетке толмаған балалар полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында болған бірнеше құқық бұзушылықты анықтаған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 541 жағдайы тіркелді. Ювеналды полицейлер балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған 19 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 7 фактісі және алкоголь өнімдерін сатудың 5 жағдайы тіркелді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған ата-аналар есепке қойылды. Бұл ата-аналар енді полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Қоғамдық орында мас халде жүрген 8 кәмелетке толмағандар да белгілі болды. Құқық бұзушылыққа бейім 3 бала профилактикалық есепке алынды.
Сарапшылардың айтуынша, шамамен 10 шақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты еді. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, жиі кездеспейтін.
Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауысты. Мәселен, Ақтөбедегі оқиға халықты шошытқан еді. Елімізде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азайған жоқ. Соңғы тіркелген оқиғалар тіпті жаға ұстатарлық. Жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Олардың мұндай жолға түсуіне не себеп? Сарапшылар мұны бірнеше әлеуметтік, қоғамдық фактормен байланыстырады. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар», – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова. Осы орайда бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес.
«Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді А.Тасымова.
Сарапшы жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі нақты мақсат-мүддесінің жоқтығы екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ.
«Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын өзгертулер енгізу қажет деп санаймын», – дейді ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл мәселеге құқық қорғау қызметкерлері де жауапты деп есептейді. Осы орайда интернеттің де өскелең ұрпақтың қалыптасуына өз әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.