«ҚАЛДЫҚСЫЗ ӨНІМ» ҚАҒИДАСЫМЕН МЕГА ЖОБАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

 

Бір қарағанда көп кәсіпкердің жасап жатқан жұмысы – мал бордақылау алаңы салынып жатыр дерсің. Бірақ, қолға алынған іске терең үңілсеңіз, қара малды бағудан бастап оның қанына дейін қайта өңделмек. Ендеше тарқатып айтайық.

Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде Мырзахан Байтұрсынов деген кәсіпкер 10 мың бас қара малды бордақылауға арналған қора салып жатыр. Жанынан оған қажетті мал сою алаңы, ірі көлемде үй жануарларына қажетті жем өңдейтін, тері өңдейтін цех бой көтеруде. Одан бөлек кәсіпкер малдың қиынан газ өндіруді және сойылған малдың қанын ұнтаққа айналдырып, егін шаруашылығына пайдаланатын тыңайтқыш шығаруды да осы жоба аясында іске асырмақ.

Апта басында игілікті істің бастау алғанын естіген соң аттың басын Бабайқорған ауылдық округіндегі «Мырзахан» шаруа қожалығына қарай бұрдық. Бізді жобаның үйлестірушісі Марат Айтбаев қарсы алды. 20 гектар аумақты алып жатқан мал шаруашылығын дамыту бағытындағы көпсалалы кешеннің ғимараттары бой көтеріп жатыр екен.

  • ҚИЫ ТАЗАЛАНБАҒАН ҚОРАДАҒЫ МАЛДЫҢ ЕТІ АУРУҒА ШАЛДЫҚТЫРУЫ МҮМКІН

10 мың бас мал бордақылайтын жалпы алаңы 50 688 шаршы метрді құрайтын қораларды көрдік. Құрылысының қырық пайызға жуығы жүргізілген қыстық және жаздық болып бөлінеді. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталатын қорадағы малдың қиы әрбір жарты сағат сайын тазаланып тұрады. Сонымен бірге, қораның желдеткіш жүйесіне ерекше мән берілген. Себебі, малағына малытып қараңғы жерде семірген малдың өз қиына уланып, етінің сапасы төмен болатынын, тіпті малдан келетін аурулардың да адам ағзасына таралу ықтималдығы жоғары екенін айтуда. Сондықтан қора ішін үнемі желдетіп, қиын жиі-жиі тазалап тұру мал етінің табиғи және сапалы болуының кепілі болмақ. Аталған қораға сырттан жеткізілген мал бірінші арнайы жасалған ашық аспан астындағы карантиндік қорада 10 күнге тарта тұрады екен. Сонан соң бордақылау алаңына кіргізіледі. Айта кетерлігі, жоба үйлестірушісі Марат Айтбаев келешекте бұл қорада өзінің малын бордақылаймын дейтін азаматтарға ақылы қызмет көрсетілетінін жеткізді. Егер сіздің қораңызда мал бағуға уақытыңыз жеткіліксіз немесе арнайы орыныңыз болмаса, осында жеткізіп семіртемін десеңіз, тиісті талаптарға сай қызмет көрсету шаралары қарастырылыпты мұнда.

 

  • РЕСЕЙ ӨНІМІНЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛАМЫЗ

Дәл осы қоралардың іргесінде ұзындығы 250 метр, ені 20 метрді құрайтын жем өңдейтін зауыттың қабырғасы қаланған. Қолдағы малға алыстан арбалап жем іздегенді құп көрмеген шаруа қожалық жоғары сападағы жем өндіріп, өздеріне қажетті жемді және өзге де аймақтардан түсетін сұраныстарды өтеуге ниеттеніп отыр. Игі істің басында жүрген маманның айтуынша, ел аумағында мұндай мал азығын қайта өңдейтін зауыт жоқ көрінеді. Көбінде шикізат күйінде Ресейге жөнелтілетін жем сонда қайта өңделіп, жоғары бағамен елімізге қайта сатылады екен. Егер біз көрген зауыт қолданысқа берілсе осы үрдістің жолы кесіліп, отандық өнімнің саудалануына жол ашылмақ. Мұндай үй жануарларының барлығына дерлік қажетті жем түрлері қайта өңделіп, ресейлік өнім түрінен кем түспейтін жоғары сапалы мал азығы шығарылмақ. Ол үшін қажетті шикізат қорын алу жолдарын да қарастырып қойыпты жаңа жоба өкілдері.

 

  • ЕСКІ ӘДІС БҮГІНГІ КҮНДЕ ДЕ ӨМІРШЕҢ

Аумағы 1800 шаршыметрді құрайтын мал сою алаңында болдық. Негізгі бөлігі мал соятын орынға арналған ғимаратта қан жиналатын, ішек-қарын тазалайтын, басы мен сирақтары тазаланатын, етті желдетіп кептіретін (сушилка) және мұздатқыш бөлмелері қарастырылған. Ет бірінші кезекте желдетілетін бөлмеге кіргізіліп, одан соң барып мұздатылады екен. Бұл тұтынушыға баратын еттің құрамындағы сөлдері кептіріліп, сапасы артатынын айтуда мамандар. Әлемдік тәжірибеде осы әдіс кеңінен қолданылатын көрінеді. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан етті далаға жайып, сүрлеу секілді ескі әдістің тиімділігі мен өміршеңдігін көрсетсе керек.

 

  • БІР БҰҚАНЫҢ ТЕРІСІНЕН 1 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ ТАБУҒА БОЛАДЫ

Алдағы уақытта құрылысы басталғалы тұрған 3 мың шаршы метрді құрайтын тері өңдеу зауытының жобасымен таныстық. Ірі қара терісінің қазіргі қазіргі күні құны жоқ десек болады. Салдарынан еліміздің, тіпті облыстың бірқатар аймақтарында ашық алаңқайларға тасталған мал терісі айтарлықтай мәселеге айналып келеді. Егер Сауран ауданындағы осы жаңа жоба іске қосылса аталған мәселелердің күрмеуін шешетін күн жақын деуге болады. Осы зауыттың тиімділігін арттыру үшін жоба иелері арнайы италиялық мамандармен кездескен және онда қолданылатын технологиямен танысқан. Марат Айтбаев өз сөзінде: «Әлемге сәнді және сапалы аяқ киім өндірісімен танымал Италияда жоғары сұрыпты терінің қалай өңделетіні, одан тігілетін аяқ киімдердің бағасы мен сапасының жоғарылығын және түсетін табысын зерттедік. Егер бір соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен өзіміздің мал терісін қайта өңдеуге қол жеткізсек, бір бұқаның терісінен 1 млн теңгеден астам қаржы табады екенбіз. Есебіміз бойынша бір теріден жоғары, орта сұрыпты былғары өндіріледі. Соның жоғары сұрыпынан 17 дана аяқ киім тігуге болады екен. Ал қалған бөлігінен 25 дана көлемінде аяқ киім шығаруға болады. Біз кейінгі 25 дананы есепке алмай алғашқы 17 дана аяқ киімді тігіп, сататын деңгейге жетсек оның әрбірін 50 мың теңгеден жоғары бағаға сатуға болады екен. Ол үшін осы салада тәжірибесі мол мамандармен де ақылдасып, келісіп отырмыз. Ал орта сұрыптағы былғарыдан өндірілетін аяқ киімнің бағасы кемі 10 мың теңге деп есептей беріңіз. Үлкен жоба болған соң әрбір есебіміздің артында негізі бар. Тері өңдесек оны сату немесе аяқ киімге дейін өндіру жұмыстарына да оңтайлы жолдар қарастырып отырмыз», — дейді.

 

  • МАЛДЫҢ ҚИЫНАН ТАБИҒИ ГАЗ ӨНДІРМЕК

Мыңдаған бас қара малдың малағы қорадан үзіліссіз шығатыны белгілі. Сол үшін мұнда әрбір жарты сағат сайын қи тазалайтын құрылғы орнатылып отыр. Оның барлығы сол сәтте арнайы жабдықталған орынға жиналып, арнайы қоспа арқылы ашытылады екен. Осыдан көгілдір отын өндірілмек. Бұл әдісті ел ішінде естіп жүріп, Өзбекстанның Сухандария облысында өндіріліп жатқанын көріпті жоба жетекшілері. Ескіше әдіспен қара малдың қиынан өндіріліп жатқан газды көрші ағайын тәп-тәуір кәдеге жаратып отыр екен. Ал «Мырзахан» шаруа қожалығы қидан шығатын газдың өндіріс ошағын соңғы үлгіде жасамақ.

 

  • БҰҚАНЫҢ ҚАНЫ ТАПТЫРМАЙТЫН ТЫҢАЙТҚЫШ ҚАТАРЫНДА

Ірі қараның қанын өңдейміз дегенді осы жобамен танысуға келгенде алғаш рет естідік. Сөйтсек сойылған малдың қанын қайта өңдеп, егін шаруашылығына таптырмас тыңайтқыш өндіруге болады екен. Жоба жетекшілерінің сөзіне сенсек, Отырар ауданында қытайлық инвесторлардың сор далаға еккен мақта талшығының белуардан келіп, мол өнім беруі тікелей осы қаннан өндіретін тыңайтқыштың күші көрінеді. Бұны да мамандар Қытайға жасаған сапарында арнайы әдіспен жасалып жатқан тыңайтқыш өндірісін көріп көз жеткізіпті. Айтуларынша аса қиындық тудырмайтын жобаны осында іске асыруға толық мүмкіндік бар екен.

 

Қорыта айтқанда, бұл жұмысты қолға аларда арнайы қаржы бөліп, жоба жетекшілері көршілес елдермен қатар әлемнің бірнеше мемлекетінде болыпты. Содан тұжырым жасалып, кешенді жобаны іске асыруға бел байлаған. Марат Айтбаев бізбен болған әңгімесінде іргеміздегі Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінде жүргізіліп жатқан жобаларға қарап өз еліміздегі тірліктердің кешеуілдеп келе жатқанына көз жеткізгенін айтады. Аса қымбат құрылғылар болмаса да қолдарынан келгенінше қажетті жабдықтарды өздері жасап, тың бастамаларды шағын ауылдарда іске асырып отырған көрші ел азаматтарының еңбегі бізге қарағанда өнімді әрі тиімді болып отырғанын жасырмады.

Иә, ел азаматтарының осы секілді ірі жобаларды қолға алып тәуекелге бел буып, іске кірісіп жатқанда оларға іске сәт деген тілектен басқа айтарымыз жоқ. Енді көп ұзамай Бабайқорған ауылдық округіндегі еңбек жасындағы 300-ге тарта азаматқа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *