ДИЛЬБАРДЫҢ ТӘТТІ ТОРТТАРЫ

 

Торт тағамы бүгінгі таңда біздің дастархан мәзірінің ажырамас бөлігіне айналды. Шынында да, дәмі тіл үйіретін, сыртқы көрінісі көз тартатын, үлкен де, кіші де сүйсініп жейтін торт — мерекелік көңіл-күйдің, қуаныштың жаршысы іспетті. Тек туған күн, үйлену тойларында, мереке күндері, той-томалақ, жиындарда ғана емес, өмірімізде елеулі-елеусіз қуанышты жағдай болса да, біреуге деген ыстық ілтипатымызды білдіргіміз келсе де, үлкенді-кішілі, қызылды-жасылды торттарды бір-бірімізге сыйға тартамыз. Біреу торт ұстап бара жатса, «мына кісінің үйінде бір қуанышты жағдай болған-ау… Әлде жалақы алды ма екен?» деп сырттай сүйсініп, таңырқап, бірге қуанып жатамыз.

Көпшілік тойларда кісі бойымен бірдей үлкен торттарды ортаға шығарып, әуелі отбасымен тәтті торттан ауыз тиіп, сосын жиналған жұртқа тарататын заманауи үрдіс те қалыптасты. Ал енді, осы өмірімізге тереңдеп еніп кеткен торттың шығу тарихы қандай екен деген оймен біраз дереккөздерді ақтарып көрсек, алғашқы торттар адамдар бидайды жинап, ұнды өңдеп үйренген кезде пайда болыпты. Аспазшылар қантты қолдана бастаған кезде торттар кеңінен таралады. Үндістанда алғаш рет өндірілген қамыс қант Араб елдеріне таралып, қиыр Шығыстан әкелінген дәмдеуіштер мен хош иісті дәмдеуіштермен шебер араластырылады. Ал келесі бір мәліметке сүйенсек, оның отаны ежелгі Египетте пайда болған екен. Бұрынғы ежелгі Египет әулеті 5500 жыл бұрын (б.з.б.35 ғ.) басталып, б.з.б. 332 жылы аяқталса керек. Бір сөзбен айтқанда, торт — қант қосылған қамырдан жасалатын дәстүрлі тәтті тағам түрі екені баршаға белгілі.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де киелі қаламыздағы ежелгі сауда орны «Қуаныш» ЖШС-де жиырма жылдан астам еңбек етіп, түркістандықтарды тәтті де сапалы торт өнімімен қамтамасыз етіп келе жатқан Дильбар Мамадалиева. Нан өнімдерін сататын жабық павильонның бірнеше қатарына тәтті өнімдерін жайып, сауда жасап тұрған замандасымыз ашық жүзді, сөзі жылы жан екен. Бұрыннан таныс адамдарша бірден шүйіркелесіп, әңгімелесіп кеттік.

— Бала күнімнен тәтті тоқаш, бауырсақ-самса пісіруге құмар едім. Есейе келе қызығушылығым артып, кәсібіме айналды. Жүйнек ауылында Коммуна орта мектебінде ұзақ жылдар бастауыш сыныптарға сабақ берген ұлағатты ұстаз Фазил әкем мен жастайынан еңбекке араласып, бейнетті серік еткен Турош анам Каххаровтар отбасында дүниеге келдім. Жүйнек ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Ташкент қаласына барып, алты айлық кондитер курсында білімімді жетілдірдім. Алғашында үйден аз-аздап пісіріп, базарға әкеліп сатып жүрдім. Кейіннен түркістандық жігіт Фархад Мамадалиевке тұрмысқа шыққаннан кейін бұл кәсіпті жолдасым екеуміз бірлесіп жүргізе бастадық. Бұл шамамен, 2004 жылдар болатын, — деп бастады әңгімесін Дильбар Мамадалиева.

Әрекет етсең, Алла берекетін береді. «Дарақ бір жерде көгереді» деген тағы бар. Бұрынғыдай жалғыз жүріп сауда жасағандай емес, екеуі біріккесін жұмыстары да алға жылжи бастады. Қай істе болсын ер азаматтың көмегі, қажыр-қайраты керек екені даусыз. Фархад та Дильбардың жүрек қалауымен таңдаған кәсібіне қолдау көрсетіп, көмегін аяған жоқ. Үйде пісірген торт, тоқаштарды «мұртын бұзбай» базарға жеткізіп, орналастырудың өзіне де қабілет-қарым, шапшаңдық пен тиянақтылық керек. Оның үстіне күнбе-күн сүйікті тәтті тағамдарын үзбей алып тұратын тұтынушы қауымның сұранысын дер кезінде қамтып отыру да оңай емес. Таң атса, күн бататын қарбалас тіршілік. Осындай тынымсыз бейнетті атқара жүріп, балалы-шағалы болды. Жахангир, Чарос, Бехруз, Фарангиз есімді екі ұл, екі қыз дүниеге келіп, қуаныш үстіне қуаныш қосылып, тамырын жайған әулетке айналып келе жатты. Бірден бір күнкөріс көзі осы болғандықтан да, Фархад өздері тұрған үйден атшаптырым цех салып, кәсіптерін кеңейтті. Жеті-сегіз адамды тұрақты жұмысқа алып, күніне 50-60 торт, 300-400 тәтті тоқаш пісіретін деңгейге жеткізді. Адал жұмыс, сапалы өнім өз жемісін берді. Дильбар және Фархад Мамадалиевтердің дақпырты Түркістаннан асып, көршілес жақын жатқан Жаңақорған, Шиелі, Төретам, Жетісай аудандарынан тұтынушылар келіп, тапсырыс бере бастады. Бүгінгі таңда олар Түркістан қаласының Қазыбеков көшесіндегі тап-тұйнақтай кондитер цехына үзбей ат ізін салып тұрады. Өзі де піскен тоқаштай томпиған, жылы жүзді, сабырлы, мәдениетті Дильбардың тұтынушылар сұранысына орай түрлі-түрлі етіп пісіретін, бағасы да көңілден шығатын торттары мен тоқаштары арнайы тоңазытқышы бар көліктермен алып кетіп жатады. Әсіресе, жаңа жыл, 8 наурыз мерекелерінде сұраныс артып, келісімшартпен жұмыс істейтін мамандар саны да жиырмаға дейін жетеді. Күнбе-күн «Қуаныш» сауда орталығындағы жабық павильон сөрелеріне де дайын өнім жеткізіп үлгеру керек. Бәрі де жақсы еді. Тынымсыз еңбекті қажет ететін осы кәсіппен үлкен бір әулетті асырап, күндерін көріп жүре берер еді. Әттең, әттең… «Бір кем дүние…» дейді Дильбар жанары жасаурап:

— Бәрі де жетеді. Барлық нәрсе орнында. Тек өмірлік жарым, Фархадым ғана жоқ жанымызда. Төрт жыл болды арамыздан кеткеніне. Ауырмай, сырқамай, шам намазын оқыды да «Диля, көк шай демдеші» деген соң, жанына барсам, «мына жерім шаншып тұрғаны» деп кеудесін ұстады да жүре берді. Бала-шағам, Дильбарым қиналмасын деп барлық жағдайды жасап, қырық бір жасында дүниеден өтті. Ағам, сіңлім, өзімнің отбасым ауызбірлік-ынтымақ танытып, отағасы салып берген кондитер цехының жұмысын жалғастырып келеміз. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» мектеп сияқты, «Қуаныш» базарына бұлаңдаған бойжеткен болып кіріп едік, қырықтың бесеуіне аяқ бастық. Екінші үйіміз десек те болады. Бұл жерден басқа сауда орнын көз алдымызға елестете алмаймыз. Жағдайымыз жақсы. Талоншымызға «Бүгін сауда болмай тұр. Ертең төлейік» десең де түсіністікпен қарайды. Жиырма бір жыл болыпты «Қуаныш» базарының табалдырығын аттағанымызға. Ғаппар ағайдың кезінде келген едік. Әдемі, салмақты, салиқалы, халықтың жағдайын жасайтын, дауыс көтеріп сөйлемейтін кісі еді. Жайы жәннаттан болсын! Инара Әбдіғаппарқызы да жұмысты жақсы жүргізіп келеді . Бірақ, біз барлық өтініш-тілегімізді Асқар Оспановқа айтамыз, — дейді жеке кәсіпкер.

Дильбар Фазилқызы айтса айтқандай, қаз-қатар тізілген тәтті өнімдер тұтынушыға жеткенге дейін қаншама кезеңнен өтеді. Өнімді ыстық лебі сыртқа ұрып тұрған арнайы пештерге салғанға дейін мамандар қолынан өтетін торттың түр-түрі де көп. «Сникерс», «Бупипай», «Тасбақа», «Королевский», «Милка», «Молочная девочка», «Сметан-ный», «Банановый», «Творожный»… әйтеуір не керек, торттардың түрі көп. Қайсысын таңдарыңды білмейсің.

— Біздегі баға да қол жетімді. Сапасы фирмалық кондитер дүкендердегіден кем емес. Жалпы көпшілікке арналған. Торттарымыз екі мың теңгеден басталады. Тойханалар да тапсырыс береді, — дейді Дильбар ханым. «Сіздерді кремін маргариннен жасайды. Ал, қымбат торттарды сары маймен істейді деп жатады» деген сауалыма:

— Біз де өнімімізді сапалы азық-түліктерден жасаймыз. Нашар болса осынша клиент жинамас едік қой, — деп жауап берді өнім өндіруші. Әсемдігімен көз тартқан тоқаштарға көз жүгіртіп «Түрлері әдемі. Дәмі қандай екен?» деп ойлағаным сол еді, ойымды оқып қойғандай Дильбар «Сізге пирожный салып берейінші, үйге барып шай ішесіз. Міне, мынау «Афганский», ал мынау «Наполеон», енді мынау какао қосылған, мынау жаңғақ қосылған» деп, сыпайылық танытқаныма қарамай төрт дана тоқаш пен тортты сыйға тартты. Жанында тұрған аз-кем уақытта тұтынушылар да толассыз келіп жатты.

 

Р.S. Айтпақшы, Дильбар Фазилқызы берген тәтті тоқаштың құрамын зерттей отырып, отбасымызбен шай ішіп алдық. Тәп-тәтті екен. Бұрын тәтті торттар тек фирмалық дүкендерде ғана болатын шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем, «Қуаныш» базарында да «қолы тәтті», өнімі сапалы өз ісінің мамандары еңбек етеді екен. Енді торт іздесек, Дильбар Фазилқызына баратын болдық. Ісіңіз оңынан болсын, ерінбейтін еңбек адамы Дильбар замандас!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *