«ОЙЫНШЫҚТАР ӘЛЕМІНІҢ» ХАНШАЙЫМЫ

 

«Қуаныш» ЖШС — жүздеген адамдардың жұмыс орнын тауып, отбасын асырап отырған ежелгі сауда орталығы. Қаншама адам осы жерден нәпақа тауып, қаншама қала тұрғыны сауда жасап, керек-жарағын алып жүрген нанхана.

Қаламызда қаншама сауда орны болса да, кез келген түркістандық үшін «Қуаныш» базарының орны бөлек. Тек Түркістанда ғана емес, бүкіл Қазақстанда атымтай жомарттығымен аты қалған аңыз адам Ғаппар Шәймерденұлы негізін қалаған осы сауда орнында жиырма жеті жылдан бері сауданы күнкөріс көзіне айналдырған есімі ерекше Гүлзина Момыш есімді замандасымыз бар.

Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов ауылының тумасы Гүлзина Әзімқызы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Әзім Тоқтабайұлы бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, ал анасы Әуес тоғыз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ ана. Кішкентайынан адалдықты ту еткен үлгілі отбасында өскен Гүлзина орта мектепті үздік бітіріп, педагогикалық колледжде білім алса да, өз еңбек жолын «Қуаныш» базарында сауда жасаудан бастаған еді. Өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды екен. Сонау 1997-1998 жылдары жан-жақтан тауар әкеліп, сатушыларға таратып шығатын «оптовиктер» болатын еді. Әуелгіде солардан аз-аздан ойыншық алып сатып жүрді де, нанын жегесін осы іске басы бүтін кірісіп кетті. Міне, содан бері де жиырма жеті жыл өтіпті балалар әлемінің құпиясына сүңгіп, кәсібінен нәсібін ажыратып жүргеніне. Оған еш өкінген емес. Кейіннен түркістандық Нұржан есімді жігітке тұрмысқа шыққаннан кейін екеуі сауданы бұрынғыдан да қыздырып жүргізе бастады.

— Мен негізі тұрақтылықты жақсы көрем. Мысалы, біреулер болады ғой «ойбай, ананың заты күшті өтіп жатыр» деп ауысып кете салатын адам емес екенмін. Болсын-болмасын осы саламен келе жатырмын. Құдайға шүкір, одан жаман болған жоқпыз. Осының арқасында үй салдық. Үйлі-жайлы болдық. Бала-шағамызды оқытып жатырмыз. Алланың берген төрт перзенті, Айдын, Айдана, Әлмұхаммед, Аяулым есімді балаларымыз бар. Үлкен қызымыз ХҚТУ-нің ағылшын тілі факультетінің коммерциялық бөлімін бітірді. Екінші қызым Шымкентте физика-математика факультетіне грантқа түсті. Осының бәрі Алланың берген несібесі. Таңнан кешке дейін күннің ыстығы мен суығында аяғымыздан тік тұрып еткен еңбектің арқасы. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы ашық аспан астында шаңға батып тұрып, кешке тауарымызды жинап қоймаға таситын күндер артта қалды. Шаң-тозаңнан аулақпыз. Таза жерде отырмыз. Соған қуанамыз. Қыста жылы. Жазда салқын. Міне, желдеткіштен салқын ауа ұрып тұр. Бұрын сыртта тұрған күндерімізді еске алып, шүкір деп қоямыз. Жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді ғой. Саудаңды жасап, күніңді көре бер. Көтерме саудамен айналысатындар тауарды алдымызға әкеліп береді. Өзіміз барып алған тиімсіз. Өзін-өзі ақтамайды. Сынығы, шығыны көп болады. Сондықтан да көтерме сауда жасаушыларға тапсырыс беріп, керегімізді алдырамыз. Бұйырғанына қанағат, — дейді Гүлзина кең қолтық қазақы мінезбен.

Бір сауда орнында (яғни дүңгіршекте) балалар ойыншығы, балалар сөмкесі және көзілдірік тауарлары біріктірілген екен. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан адамдардың сұранысы да әртүрлі. «Балалардың ойыншығын сату қызық шығар?» деген сауалыма Гүлзина ерекше бір мейіріммен жауап берді:

— Біздің өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. «Немереме уәде беріп қойып едім. Сол уәдемді орындайын деп келдім» деп зейнетақы алғанда үнемі келіп тұратын ата-әжелеріміз бар. «Біз де сіздер сияқты болайық» деп мәз болып қаламыз».

Ойыншық — балалардың көңілін көтеретін ойын құралы ғана емес, баланың дүниетанымын, көңіл көкжиегін кеңейтуге, қиялын дамытуға да ықпал ететіні ежелден белгілі. Гүлзинаның дүкеннің бір қабырғасын алған ойыншықтары, негізінен, бала бақша, бастауыш сынып жасындағы балаларға арналғандай көрінді.

«Қазір қандай ойыншықтарға сұраныс көп?» деген сауалыма Гүлзина:

— Әлеуметтік желілерде қандай ойыншыққа сұраныс болса, соны тапсырыс беріп алдырамыз. Мысалы, қазір «Лабубу» деген мына ойыншыққа сұраныс көп. Балалар сөмкесіне, белдігіне қадап жүреді. «Пикми таяқша» деген ойыншықты да көп сұрайды — деп қызыға әңгімелеп кетті. Әрбір мамандықтың өз ерекшелігі бар. Балбөбек балдырғандарға қуаныш сыйлайтын «ойыншықтар әлемінің ханшайымы» Гүлзина Әзімқызы Нұрмыштың осындай әдемі әлемімен қызыға қоштастық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *