ТҮРКІСТАН: НЕСИЕ АЛУДА НЕНІ БІЛУ КЕРЕК? — 2

Ең жақсы нұсқаны таңдаңыз

Fingramota.kz бірінші кездескен кредитті ала салмауды ұсынады. Әр түрлі нұсқаларды зерттеп, әуелі қайсысы сізге дұрыс келетінін біліп алыңыз. Егер сіз кәсіпкер болсаңыз, онда сізге арналған жалақы жобасы бар банкке барыңыз. Менеджерден сізге мысал ретінде 1 миллион теңгені есептеп беруді сұраңыз. Алдымен 12, 15 және 18 айға есептеу жасаңыз. Нәтижесінде, бұл мерзімдердің әрқайсысының шарттары бөлек-бөлек болып шығады. Айтпақшы, сіз аннуитет кестесін жасауды өтіне аласыз, бұл ай сайын тең төлемдер мен сараланған төлемдер жасау дегенді білдіреді, яғни сіз алдымен сәл көп, содан кейін аз төлейсіз. Біріншісі қысқа мерзімге, екіншісі – ұзақ мерзімге алғанда тиімді болады. Қалай болғанда да, екі тәсілді де зерттеп алғаныңыз жөн.

Дәл осы есептеулерді басқа банктерге де барып есептетіп көріңіз. Сонымен сізде 1 млн теңге мөлшеріндегі бірдей сомаға несие алудың жиырмаға жуық нұсқасы кездеседі. Және олардың ішінен ең тиімдісін таңдауға болады. Кейбір нұсқа сізге тиімсіз, себебі артық төлемі көп, одан бас тартасыз. Екіншісінде ай сайынғы төлем мөлшері өте көп, сізге ол да дұрыс келмейді. Нәтижесінде алып тастау әдісімен сіз бірнеше қолайлы нұсқаларды таңдай аласыз. Несиенің төлеуге ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді болуы маңызды. Ақша алу немесе ақша салу не банктер арасында аударымдар жасау, комиссияларды төлеу үшін кассаға барудың қажеті болмағаны жақсы. Қысқасы, талдау жасаңыз және бірінші нұсқаны емес, ең жақсысын таңдаңыз.

Ендігі кезекте шешуші фактор – жалпы артық төлем. Бұл көп жағдайда несие мерзіміне байланысты, өйткені сіз ақшаны пайдалану уақыты үшін төлейсіз. Ақшаны неғұрлым ұзақ пайдалансаңыз, соғұрлым артық төлейсіз. Әрине, мөлшерлеме де әсер етеді, несие мерзімі ұзақ болған сайын артық төлемді көбірек төлеуге тура келеді. Дәл сол миллион теңгені номиналды мөлшерлеме бойынша 30 немесе 32 пайызбен алсаңыз, айырмасы шамалы болады. Бірақ бір жылға емес, екі жылға алсаңыз, артық төлем әлдеқайда көбірек болады. Екінші жағынан мерзім неғұрлым қысқа болса, ай сайынғы төлем соғұрлым көп болады. Сондықтан зерттеу жүргізіп, бір жағынан көп төлегіңіз келмейтінін, ал, екінші жағынан ай сайын көп төлегіңіз келмейтінін түсінуіңіз керек. Қай жағынан да қолайлы шарттарды табу маңызды.

Айтпақшы, мынадай лайфхак бар. Бірден кредит алудың қажеті жоқ. Көптеген елдерде қағидалар бойынша кредит өтінім берілген күні берілмейді. Қарыз алушы осы уақыт аралығында өз ойына талдау жүргізіп, барлық жағдайды әбден зерделеп, несие алу қажеттілігінің қаншалықты маңызды екенін саралайды. Өз ойының дұрыс екеніне әбден көзі жеткен соң ғана шартқа қол қояды.

Бөліп төлеу – бұл да кредит! 

Бөліп төлеу, кредиттік карталар, ипотека, автокредит те, тіпті 3-4 айға өнімдерден бастап билеттерге дейін кез келген нәрсені бөліп алуға мүмкіндік беретін банктік өнімдер де – бәрі кредит ретінде есептеледі. Айтпақшы, олар да кредит тарихына әсер етеді. Ал, олар міндетті түрде БЖК есептеу кезінде, яғни борыш жүктемесі кезінде ескеріледі. Егер Сіздің атыңызда бірнеше бөліп төлеу болса, мысалы, сізге ипотека немесе ақшалай кредит берілмеуі мүмкін, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе жастардың кіріс көзі болғанымен, ипотека бағдарламаларына қатыса алмау жағдайлары жиі кездесіп отырады, себебі олар әртүрлі техникаларға (әдетте смартфондар мен компьютерлерге) бөліп төлеуді өз аттарына ресімдеген болып шығады, сол себепті оларда кредиттік жүктеме орын алады. Бөліп төлеуді жауып, келесі кезекті күтуге тура келеді. Бұл факторларды да ескеру қажет. Сондықтан қандай жағдайда болсын несие рәсімдеуге асықпай, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақалды ескерген жөн.

Нені тексеру керек?

Несие рәсімдегенде қосымша факторлар әр түрлі комиссиялар, тараптардың құқықтары мен міндеттері, мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігін қарастырған жөн. Әсіресе, төлеу күніне мән беріңіз. Оны жалақы алғаннан кейін екі-үш күннен кейін қоюға тырысыңыз. Сіз осы уақыт аралығында ақша табуға мүмкіндігіңіз  болатындай және техникалық іркілістер болған жағдайда төлем жасап үлгеретіндей болуыңыз керек. Айтпақшы, төлем күнін өзіңіз белгілей аласыз, бірақ, әдетте, бұл шартқа қол қойылғанға дейін жасалуы керек, себебі келешекте банктер мен МҚҰ төлем күнін өзгертуге байланысты өтініміңізді бірден орындай қоймайды.

Құжаттағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін шартқа қол қойылғанға дейін оқып, танысып алған жөн. Шартқа қол қою арқылы сіз барлық шарттармен келісетініңізді мақұлдайсыз.

Материалды дайындаған А.ПАЙСХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *