Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек екені және кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгіну қажеттігі айтылған болатын. Бұл тапсырма негізінде «Прокуратура туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бизнесті қорғауда прокуратура рөлі күшейтілген. Енді кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Түркістан қаласы прокурорының айтуына қарағанда, заңнаманың жаңа талабына сүйене отырып тексерілген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында көптеген жүйелі заң бұзушылық анықталған.
Атап айтқанда, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған, керісінше 134 тұлға әкімшілік жауаптылықтан негізсіз босатылып, бюджетке 11 млн теңге айыппұл түспей қалған, 8 кәсіпкерге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылса, 2 кәсіпкерге қорытынды заңсыз берілген, 6 кәсіпкердің өтінішіне жауап кеш берілген. Прокуратураның ұсынуы негізінде 11 кәсіпкердің құқы қорғалып, басқарманың 3 қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 5 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылған. Ал басқарма басшысы тексеру барысында өз еркімен қызметінен кетті. Осылайша, прокурорлық тексеру нәтижесімен басқарма құрамы толығымен дерлік жаңартылды.
Қаңтар оқиғасы кезінде Түркістанда да аздаған топ жиналып, тіпті арандатушылық әрекеттер жасауға талпынған болатын. Бұл орайда қала прокуроры жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде «Қасіретті қаңтар» кезінде қала аумағында жаппай тәртіпсіздік пен тонаудың алдын алып, қоғамдық-саяси ахуалдың шиленісуіне жол берілмегенін айтады. Заңсыз жиналыстар мен шерулерге қатысқан 123 адам полицияға жеткізіліп, әкімдік, прокуратура қызметкерлері, қоғам белсенділерінің қатысуымен түсіндірме жұмыстарынан кейін қайтарылған, ал 15 адамға ресми заңға түсіндірме берілген. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін 22 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды. Бұзақылық жасаған немесе заңсыз қару сақтаған 4 адам қылмыстық жауапқа тартылып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. «Жалпы, қала прокуратурасы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау, яғни қылмыстық қудалау және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау барысында соңғы 3,5 жылда қылмыстық істер бойынша 622 нұсқау беріп, 58 рет процестік прокурор тағайындалды, 697 заңсыз қаулының күші жойылды, 44 іс қосымша тергеуге қайтарылса, прокурормен 9 қылмыстық іс және 36 жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылды. Жасырылған 23 қылмыс анықталды, қалалық полиция басқармасының қызметтік бөлмелерінен заңсыз ұсталып отырған 14 адам босатылды. Заң бұзушылықтарға жол берген 111 полиция қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Мемлекеттік айыптауды қолдау және қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласында прокурорлар соттарда қаралған 747 адамға қатысты 650 іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған. Апелляциялық өтінішхаттар негізінде 6 адамға қатысты 3 іс бойынша үкімдер өзгертілді. Соңғы 3,5 жылда қадағалау актілері бойынша 132 970 жеке және заңды тұлғаның, соның ішінде 5 898 кәсіпкер мен 78 395 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалды. 5 981 заңсыз құқықтың актінің күші жойылған немесе заңнамаға сәйкестендірілген. Тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа 451 адам тартылды. Тексеру нәтижесімен тіркелген материалдар бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды», – дейді Жаннұр Асқарбекұлы.