Қала прокурорлары соңғы 3,5 жылда кәсіпкерлер құқықтарының сақталуына қатысты 20 арыз-шағымды қарап, 7 заң бұзушылық анықтаған, 8 қадағалау актісін енгізген. Нәтижесінде, 5 900 кәсіпкердің құқы қорғалған. Кәмелетке толмаған балалар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын адамдардың құқын қорғау әрқашан ерекше назарда. Мысалы, прокурорлық қадағалау актілері негізінде қамқорлықсыз қалған 18 бала тұрғын үй кезегіне қойылған, мектептерде заңсыз сақталған адам денсаулығына қауіпті 2 мыңнан астам люминесценттік шамдар жойылып, 29 мың оқушы мен мектеп қызметкерінің құқы қорғалды. «Түркістан су» кәсіпорны мүгедектер санаттағы 88 тұтынушыға 1 380 000 теңге мөлшерде коммуналдық қызметінің шығындарын өтеп бермегені анықталып, құқықтары қалпына келтірілген. Тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылған әлеуметтік осал топтағы 14 отбасы анықталып, қайтадан кезекке қойылыпты. Халықты жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен жұмысқа орналастырылған азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны анықталып, 1 684 жұмысшының құқы қалпына келтірілген.
Заңды білу – заман талабы. Әрбір адамның өз құқығын бес саусағындай жақсы білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты.Азаматтардың басым көпшілігі өз құқығын жете білмесе де, оны білуге аса қызығушылық танытпауда. Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де өзгерістер енгізіліп тұрады. Адамдар да осы ағымнан қалмай, қатар жүруге үйренуі тиіс. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды. Әрине, барлық адамның заң баптарын жаңылмай айта алуы шарт емес. Десек те, адамның өмірі мен қызметіне қатысты құқықтық-заңдық сауаттылығының тым төмен болуы оны талай бас ауыртар мәселемен бетпе-бет жүздестіруі мүмкін.