Мемлекет басшысының өз Жолдауында қаралған маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту. Өз сөзінде ол: Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек.
Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек.
Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет.
Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін.
Келесі мәселе. Біз макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керек. Мен жаңа ғана экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керек.
Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады.
Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді.
Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.
Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды.
Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында біршама бастамалар бастау алған болатын. Еліміздің барлық аймағында «Қарызсыз қоғам» жобасының биылғы оқуы басталуына орай, «AMANAT» партиясының орталық аппаратында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Мәжіліске аймақтық партия филиалдары бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы қосылды. Партияның Түркістан облыстық филиалында өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары мен жауапты қызметкерлер, салалық басқармалар мен екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба аясында 2023 жылы республикамыздың 8 өңірінде 65 мың тұрғын қаржылық сауаттылық курстарында оқып шыққанын партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мәлімдеді.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын үйлестірушісі баяндама жасады. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде жобаны іске асыруда арнайы топ құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары жауапты болып бекітілгенін, аймақтық деңгейде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары жауапты болып белгіленгенін атап өтті. Жобаны іске асыруда және ауқымын кеңейтуде Түркістан қаласында 3 ғимарат қарастырылғанын мәлімдеді. Аудан, қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету ғимараттары белгіленіп, олар толықтай кеңсе техникаларымен және қажетті жиһаздармен жабдықталғанын жеткізді.
Биыл облыста жоспар бойынша 10500 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтетінін мәлімдеді. Өңірге бекітілген алты менеджер мен қаржы сарапшылары Сауран, Келес, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарының тұрғындарын оқытуды іске асырады.
Атап өту керек, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өткен жылы 12650 адамды қаржылық сауаттылықты арттыру курстарында оқытуы керек болса, жоспар 115,4 пайызға артығымен орындалып, нақты 14600 адам аталған курстарға қамтылып, қаржылық білімін жетілдірді.