Ел Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында шетелдің озық тәжірибелерін қолдану ел болашағы үшін маңызды екенін жеткізді:
Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын.
Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды.
Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн.
Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет.
Келесі. Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.
Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.
Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия.
Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес.
Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.
Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек.
Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын.
Енді орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді.
Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.
Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.
Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн.
Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн.
Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс.
Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды. Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды. Реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет.
Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.
Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет.
Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек, деді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы сөзінде.