Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфрақұрылымдық бастамалар айтылды.Әр кәсіпорынның тарифтік смета құрылымы жеке болады. Сондықтан тарифтерді қандай да бір бір стандартқа келтіруді көздемей ақ, әділ тарифтерді белгілеу қажет.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауда инфрақұрылымның тозуын ескере отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі, сарапшылардың пікірінше, қазірдің өзінде күн тәртібінде тұр. Көрші елдерге тәуелді болмас үшін өзіміздің энергетикалық ресурстарымызды пайдалану қажет. Осыған байланысты алдағы бес жылда көлемі кемінде 14 гигаватт болатын жаңа энергетикалық қуаттар енгізілетін болады. Осы жұмыс шеңберінде жаңартылған энергия көздерінің дамуына байланысты энергетика саласын басқару бойынша тәсілдерді жетілдіру жоспарлануда. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жаһандық күрделі салымдардың шамамен үштен бірі қазірдің өзінде жаңартылатын энергетика жобаларына тиесілі. Бұл мәселеде табиғатты қосымша электр энергиясын өндіру үшін пайдалануға мүмкіндік беретін гидроэлектростанцияларды салу мен жаңғыртуға ерекше рөл берілген.
Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы стандарттарын ескере отырып, экономиканың барлық секторларының қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын, оның ішінде ресурс үнемдеу жөніндегі нормативтік талаптарды енгізу жолымен қайта қарау жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты нормативтен тыс тұтыну кезінде жоғары тариф белгілей отырып, жаңа тарифтік саясатты әзірлеу басталды. Мәселен, 2029 жылға қарай өнеркәсіпте энергия сыйымдылығын 15%-ға, энергетика секторында 10%-ға төмендету, бір аудан бірлігіне энергия тұтынуды 15%-ға, жан басына шаққандағы энергияны тұтынуды 10%-ға қысқарту жоспарлануда.
Осы орайда Сауран ауданындағы 35 елді мекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елді мекен күн сәулесі батареяларынан қуат алуда. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, ағымдағы жылы 37 дана орнатылады. Сонымен қатар, елді мекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде (Еңбекші Дихан, Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Оранғай, Бабайқорған, Жүйнек). «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары: Шорнақ және Ескі Иқан ауылдық округтерінде 10 кВт – 6,4 шақырым электр желісі, Үшқайық, Шаға және Бабайқорған ауылдық округтеріне 0,4 кВт – 10,6 шақырым электр желісі ауыстырылады. Шорнақ, Үшқайық, Ескі Иқан ауылдық округтеріне 3 дана трансформатор орнатылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы елімізде іске асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы іспетті.
Президент жаңа экономикалық жүйеге көшу кезеңінде алдымен еліміздің оған қандай мүмкіндіктері мен әлеуеті бар екенін, қандай тәжірибеге сүйеніп, экономиканың қай секторын дамыту арқылы қол жеткізуге болатынын нақты зерделеген. Тоғыз нақты бағыттар бойынша тапсырмалар берілді.
- Өнеркәсіптік саясат.
2. Аграрлық сектор және азық-түлік базасы.
3. Инфрақұрылымды жаңғырту.
4. Көліктік-логистикалық әлеуетті іске асыру.
5. Цифрландыру, инновация және креативті индустрияны дамыту.
6. Орта кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту.
7. Макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу.
8. Адами капиталды нығайту.
9. Тиімді мемлекеттік аппарат.
Қазақстан экономикасының жаңа парадигмасы өндірістің барлық негізгі факторлары – еңбек, капитал, ресурстар мен технологиялардың әлеуетін тиімді пайдалануға негізделмек.
“Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады.Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет”, деді Президент.
Айта кетейік, қазір елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 жаңғырмалы энергия көзі (ЖЭК) нысаны бар. Былтыр қуаты 495,6 МВт болатын тағы 16 ЖЭК нысаны іске қосылды. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға дейін төмендеген. Жыл басында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін энергетика саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтқан еді. Соның негізінде шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуатты енгізу қарастырылады.
Электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асырылса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады:
- Жаңартылатын энергия көздері – 24,4%;
- Гидроэлектр стансалары – 10,8%;
- Газ – 25,8%;
- Көмір – 34,3%.
Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр.
«Елімізде азаматтардың кейбір санаты үшін (аз қамтылғандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, т.б.) жаңа тарифтер ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ бүкіл әлемде бұл жүктемені төмендетудің басқа тетігі әзірге жоқ. Бюджет арқылы субсидиялау және энергия үнемдеу бойынша неғұрлым белсенді жұмыс жүргізу және ғимараттар мен үй-жайлардың энергия тиімділігін арттыру сияқты шаралар қажет. Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекет үшін маңызды. Өйткені бұл сала елдің экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және жалпы әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Энергетикалық қауіпсіздікке түрлі әдістер және ең алдымен энергия көздерін әртараптандыру шараларын қолдану арқылы қол жеткізіледі және шешіледі. Экономикамыздың 60%-ға жуығы көмірмен қамтамасыз етілетіні жасырын емес. Сондықтан энергетикалық құрылымды әртараптандыру арқылы біз энергия көзіне тәуелділікті азайтамыз. 2023 жылғы жолдауында Мемлекет басшысы «жаңартылатын энергетика және ГЭС жобаларын іске асыруды жалғастыру» қажет екенін айтты. Бұл ретте әрине, атом энергиясын қосар едік. Жаңартпалы энергия көздерін дамыта отырып, энергияны жинақтау жүйесін де дамыту қажет. Бұл өте маңызды», дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.
Сарапшылардың айтуынша, төмен және әділетсіз тарифтерге байланысты салаға сыртқы инвестиция ағыны қысқарып қалды. Бұл жайт біздің қазіргі апаттарға, табиғи апаттарға, кибершабуылдарға және басқа қауіптерге төзімділікті әлсіретіп жіберді. Энергетикалық жабдықталуымыз төмен болғандықтан көршілерімізбен халықаралық ынтымақтастықты нығайта беруіміз өте маңызды. Бұл, ең алдымен Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдері. Біз олармен қазіргі уақытта параллель режімде жұмыс істеп жатырмыз. Атап айқанда, ынтымақтастықты дамыту, тең серіктес болу, трансшекаралық энергия саудасына қатысу, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар құру және төтенше жағдайларда бірлесіп әрекет ету маңызды дейді палата өкілдері.
«Энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу көпқырлы тәсілді талап етеді. Онда біздің мемлекетіміз үшін қазіргі уақытта энергетикалық ресурстарымыздың, қолданыстағы инфрақұрылымның, сондай-ақ геосаяси факторлардың болуын ескеретін шаралар болуы керек. Тәуекелдердің тұрақты мониторингі және оларды ауыртпалықсыз жоюды білу маңызды», деп атап өтті Жақып Хайрушев.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингинмен кездесті. Кездесуде Түркістан облысында 2 күн және 2 жел электр станцияларын салу мәселесі талқыланды.
– Біз сіздердің біздің өңірде жалпы қуаты 1 ГВт-тан астам күн және жел электр станцияларын салу бойынша ниеттеріңізді білдірген болатынсыздар. Ол ұсынысты жан-жақты қарап, зерделеп шықтық. Бұл ауқымды жоба болғандықтан, Үкіметке, энергетика саласына жауапты министрлікке тиісті хаттар жолданды. Жұмыс жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асуына мүдделіміз. Бүгін осы жобаны іске асырудың алғашқы қадамы ретінде арнайы меморандум жасалады. Бұл әріптестік алдағы уақытта басқа да бірлескен жобаларды іске асырудың бастамасы болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
«China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингин әріптестік орнатып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді. Бұл электр станциялары Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сонымен бірге экологиялық жағдайды жақсартуға да үлес қосатынын атап өтті.
Аталған компания Түркістан облысының аумағында жалпы қуаты 1,3 ГВт күн және жел энергетикасы нысандары бойынша 4 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Атап айтсақ, Сауран ауданы, Ибаата ауылында қуаты 240 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында қуаты 300 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылында қуаты 300 МВт Жел электр станциясын салу, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылады. Жобаларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.
Электр энергиясын өндіретін 4 нысанды пайдалануға беру арқылы жылына 4 млн. тонна көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және 900 млн. текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы инвестор 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады деп жоспарланған.
Кездесуде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «China Gezhouba Group Overseas Investment CO., LTD» бас директорының орынбасары Ма Йингин арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Келіссөздер сәтті жүзеге асып, жұмыс басталса, электр станцияларының біріншісі 2025 жылы, ал соңғысы 2028 жылы пайдалануға берілмек.
Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген.Ағымдағы жылы Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылды.Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысына 2023 жылға 229,9 млн. теңге қаржы бөлінді.3 шалғай орналасқан елді мекендерде кешенді блок модуль орнату қарастырылуда. 12 елді мекенде «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қоры зерттелуде. Сонымен қатар, Майдантал ауыл округі, Ынталы елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне (құны – 23,0 млн. теңге) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша 69 үй таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендерде нысандардың құрылысына (2-ші кезеңіне) жобалық сметалық құжаттары әзірленуде, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, қаржыландыруға ұсынылатын болады. Атап айтқанда: Еңбекші Дихан, Ескі Иқан, Ибата, Шорнақ, Жүйнек және Қарашық елді мекендері.
Ауданда 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. Осы жылы 5 елді мекенге табиғи газ қосылады. Табиғи газбен қамту бойынша, Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендерінде (4,5 млрд. теңге) және Жүйнек және Қарашық ауыл округтерінде (4,9 млрд. теңге) ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары толық әзірленді. Сонымен қатар, Бостандық, Қосқорған және Еңбекші Дихан елді мекендерінде ішкі табиғи газ құбыры құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл оуругтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын шілде айында алу жоспарлануда.
Сауран ауданы бойынша 36 елдімекен ішінде, тұрғындарының саны 5 мың адамнан асатын 6 елді мекен және 5 мың адамға дейінгі 26 елдімекен бас жоспармен және оңтайландырылған жобалармен қамтылған.Аудан орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың және инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы жүруде.Бабайқорған елді мекенінде «Спорт зал» құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы нысанды тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар, Бабайқорған елді мекенінде «Клуб және кітапхана» құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Аудандық бюджет есебінен Шорнақ, Иассы, Үшқайық, Шаға ауыл округтерінде ветеринарлық бекеттің құрылысына, Үшқайық және Жаңа Иқан ауыл округтерінен «Спорт зал» құрылысына, Жібек жолы ауыл округі әкімшілігі ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы- халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі, өйткені ол азық-түліктің негізгі өндірушісі болып табылады. Ауыл шаруашылығы АӨК құрылымында ерекше орын алады. Бұл,біріншіден, азық-түлік өндірісі функционалдық рөлді атқарады.Екіншіден,ауыл шаруашылығы кәсіпорындары оның өнімдерін тұтынатын немесе ауыл шаруашылығы тұтынатын өнімді шығаратын ондаған саламен байланысты.
Жуырда ғана Парламент палаталарының бірлескен отырысында ауылды дамытудың тетіктері туралы тапсырма берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Ауыл аманаты» жобасына айрықша тоқталып, шаруаларға қажет болса, техника сатып алу үшін субсидия берілетінін айтқан еді. Сондай- ақ, Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” жарлыққа қол қойған болатын.
Бүгінде оңтүстік өңірлерінде де, соның ішінде Сыры терең Сауран ауданы да – Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл – ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.
Сонымен қатар, 2023 жылы 6 млрд. 428,9 млн. теңге инвестиция тартылды. Ағымдағы жылы жалпы құны 13 млрд. 129,0 млн. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жергілікті бюджетке қосымша 106,4 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсек: «Балмұздақ» ЖШС-ның – “Балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 2 млрд. 562 млн. теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 36,8 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда; «Ныш Ер» ЖШС-ның – Демалыс аймағы және қонақ үй салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 2 млрд. 200 млн. теңге, 40 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 21,3 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда; «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның – Шаға ауылдық округінен жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасы. Инвестициялық құны 578 млн. теңге, 30 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 3,7 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда; «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның – Балық шаруашылығын дамыту жобасы (Үшқайық ауыл округі). Инвестициялық құны 600 млн. теңге, 12 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 1,8 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда; «Sauran Plast» ЖК-ның – Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы (Шорнақ елді мекені). Инвестициялық құны 675 млн. теңге, 60 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 8,6 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда; «AgroFoodTrade» ЖШС-ның – Мақта майын өндіру цехы жобасы (Ескі Иқан елді мекені). Инвестициялық құны 500 млн. теңге, 10 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 8,6 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда.
Сауран ауданы бойынша бастауыш және жалпы орта білім беретін 48 күндізгі мектеп жұмыс атқаруда. Ондағы балалар саны – 23 мың 719 бала. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы және Оранғай ауыл округінде 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, нысандар осы жылы пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар, “Жайлы мектеп” ұлттық пилоттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы жоспарланған: 2023 жылы Үшқайық ауыл округі, С.Қожанов ауылында 300 орындық мектеп, Иассы ауыл округі, Еңбекші Дихан ауылында 600 орындық мектеп және Шорнақ ауыл округі, Аша ауылында 900 орындық мектеп. 2024 жылы Майдантал ауыл округі, Ынталы ауылында 900 орындық мектеп, Қарашық ауыл округі, Құмтүйін ауылында 900 орындық мектеп құрылысы жоспарланған. Ауданда 12 мектепте оқушылар тасымалы ұйымдастырылған. Осы жылы барлық қауіпсіздік құралымен қамтамасыз етілген 5 арнайы автобус алынды.
Ауданда 41 спорт нысандары бар. Жалпы ауданда бұқаралық спорттық іс-шаралармен 39,9 мың адам қамтылды. Қазіргі таңда ауданның жастары Кентау және Түркістан қалаларында спортпен шұғылдануда. Осыған байланысты ауданда 2 спорт мектебін ашу бойынша жұмыстар жүруде. Шорнақ елді мекенінде «Спорт кешені» құрылысына, Ибата және Теке елді мекендеріне спорт зал құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, ауданда 4 мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб және 29 кітапхана қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қарашық ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға өтінім жолданды. Сондай-ақ, Шорнақ елді мекенінде “500 орындық мәдениет үйі” құрылысының жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.