«AMANAT» партиясы елдегі ірі, ықпалды саяси күш ретінде осы сайлау науқандарының бел ортасынан табылды.
Партияның Түркістан облыстық филиалы қоғам мен мемлекет игілігі жолында қандай қызмет атқарып жатыр? Осы сауалдың жауабын білу үшін саяси ұйымның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Енді партияның сайлау алдындағы уәделерінің орындалуы мәселесіне тоқталсаңыз. Партияның Түркістан облыстық филиалы жоспарлы көрсеткіштерін орындауда халықтың сенім үдесінен шыға алды ма?
– Халқымызда «Байламы жоқ уәде – қанаты жоқ бос сөз» дейтін даналық бар. Партия қабылдаған сайлауалды бағдарлама – халықтың талабымен пісіп-жетілген, қолда бар мүмкіндік пен атқарушы биліктің әлеуеті ескеріліп, өлшеп-пішілген нақты жоспар. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картамызда Түркістан облысы көлемінде алдағы бес жылда атқарылуы тиіс жұмыстар түгел қамтылды.
Партия филиалы қабылдаған Жол картасы облыс үшін маңызды 4 негізгі бағытты қамтиды. Бес жыл ішінде 136 индикатор бойынша 542 іс-шараны атқару жоспарланған. Партия белгілеген міндеттер шеңберінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, жастар үшін мүмкіндіктер туғызу, туризмді дамыту, сапалы білім беру мүмкіндігін кеңейту, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамту, мәдениет, спорт салаларын ілгерілету, халықты тұрғын үймен қамту, жол сапасын жақсарту, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға қолдау көрсету, азаматтардың қауіпсіздігін қамту, экологиялық ахуалды жақсарту бастамаларын жүзеге асырудың кезеңдік жұмыстары белгіленген.
2023 жылдың қорытындысымен өткен жылға жоспарланған 118 атаулы іс-шаралар тармақтарының 110-ы толықтай жүзеге асып, жоспарды іске асырудағы орындаушылық тәртіптің деңгейі 93 пайызға жетті. Қалған көрсеткіштердің орындалуы жылдың қорытынды статистикалық есептерінің нәтижесімен белгілі болмақ.
Жол картасын іске асырудың нәтижесінде облыс көлемінде бірқатар жаңа кәсіпорындардың ашылуына мүмкіндік туды. Оның ішінде инновациялық жобалар ретінде: керамзитті кірпіш өндіру, алюминий профильдер шығару ісі жолға қойылды. Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген облысымызда жаңадан 10 тауарлы-сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 6 жылыжай кешені және 7 балық өсіру фермасы іске қосылды. Қосымша мыңнан астам жұмыс орыны ашылды.
Жалпы көлемі 898,8 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 5150 оқушыға арналған 20 мектеп, Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» кешені, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында спорт кешендері салынды. Өңірдің туристік тартымдылығын нығайтуда
2 заманауи қонақүй кешені, 2 емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылды. Партия ұйытқы болған «Туған жер» арнайы жобасы бойынша, меценаттардың есебінен 127 қоғамдық маңызға ие нысан салынып, техникалық жаңартуды қажет ететін 86 нысан жөндеуден өтті.
Сондай-ақ, облыстағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға көңіл бөлінді. Жол картасында 2023 жылы 39 елді мекенді газбен қамту жоспарланса, нақты 44 елді мекен газбен қамтылды, ауыз су жүйелерін 18 елді мекенде жүргізу жоспарланса, жыл ішінде 20 елді мекен ауызсумен қамтылды. Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы іске қосылса, Кентау қаласында 55 көпқабатты тұрғын үй модернизациядан өтті. Облыс бойынша 85 мектептің қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтуда Келес, Созақ, Сауран, Ордабасы, Сары-
ағаш, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласында 8 өрт сөндіру бекеті құрылды.
Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайының авиарейстер географиясын ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып, Стамбул, Эль-Кувейт, Абу-Даби бағыттары бойынша 3 халық-аралық және Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай маршруттары бойынша 7 республикаішілік әуе бағыттары халыққа қызмет көрсетуде.
Табанды еңбекпен келген осынау табыстар сөз басында айтқан байламды уәденің баянды жемісі. Өңір жұртшылығының бізге көрсеткен жалынды қолдауы жүрекке жігер беріп, білекке күш дарытты десем артық айтқаным емес.
– Елдегі жетекші саяси ұйымның дербес партиялық бастамалары жөнінде айтып өтсеңіз. Партиялық жоба деген айдары бар бастамаларыңыздың қоғамға тигізетін пайдасы қандай?
– «AMANAT» партиясының басты идеологиялық ұстанымы – адам және азамат құндылығы болып белгіленген. Біздің басты байлығымыз – адам деген тұжырым партияның саяси тұғырнамасының өзегі болып айқындалған. Партия қойған міндеттер аясында 16 партиялық жоба түзілген. Олар – «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек», «ТазаLike», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастарға жұмыс», «Кітап-AMANAT» «TOMIRIS», «QAISAR, «Жас саясаткерлер мектебі», «Менің елім – менің тілім», «Ұлттық мұра» жобалары.
Құрылымы жөнінен тізбектегі алты жоба халықтың өзекті мәселелерін шешуге арналса, төрт жоба – нақты әлеуметтік топтарға бағдарланған. Тағы алты жоба – халықтың мәдени-рухани құндылықтарын ілгерілетуге, патриоттық тәрбие беруге арналған.
Айта кетуіміз керек, «AMANAT» партиясы белгілеген партиялық жобалардың кез келгені Түркістан облысы үшін өте өзекті болып табылады. Халықтың сұранысын дөп басып, қоғамдағы актуальды мәселелерді қамтиды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны халық игілігіне беру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы міндетті орындауда «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» жобасын қолға алды.
«Жер аманаты» жобасы бойынша Түркістан облысында 2022 жылы 1 миллионнан астам гектар жайылым жер ортақ игілікке қайтарылса, өткен жылы 335 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтты. Ауылдардағы тарылған өрістердің ахуалын осылайша реттейтін боламыз. Бұл жұмыстар жүйелі жалғасуда.
«Ауыл аманаты» да – ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге арналған бірегей жоба. Жобаның тиімділігі Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылды.
Өткен жылы мемлекеттен бөлінген мақсатты 19,7 млрд. теңгеге облысымызда 3256 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан 16 аудан, қаладағы 64 ауылдық округте жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашылықтары құрылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында егін, мал шаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру істері де жолға қойылды. Өндірістік кооперативтердің құрал-жабдықтарын жаңарту бастамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды.
Түркістан облысында республика халқының он пайыздан астамы тұрады. Халықтың қаржылық ұйымдар алдындағы борышкерлік міндеттемелерінің шектен тыс белең алуы – алаңдатарлық мәселе. «Қарызсыз қоғам» жобасымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру ісіне басымдық берілді. Бұл мәселеге де Президент өзінің Жолдауында айрықша тоқталғаны белгілі. 2023 жылы жоба аясында Түркістан облысында 12 650 адамды оқыту курстарына қамту жоспарланса, нақты
14 600 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылып, жылдық жоспар 115 пайызға артығымен орындалды.
Бұдан бөлек «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра», «Кітап-AMANAT» секілді жобалар да сәтті жүзеге асырылуда. Айта берсек, ауыз толтырып тізбектейтін жұмыстарымыз өте көп. Бірлікке бастайтын, ымырашыл тірлікке жұмылдыратын, ортақ мақсат үшін айрандай ұйыстыратын мұндай санаттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да үздіксіз жалғасып, партияның шын мәніндегі халықтық ұйым ретіндегі мәртебесін биіктете береді.
Біз өзіміз қызмет етіп отырған қоғамға мейлінше ашық болып, қоғамның белсенді өкілдерімен ынтымақтастығымызды арттыратын боламыз. Қоғамымыз ортақ, мемлекетіміз бір деген ұстанымды жақтап, алға қойған мақсатымызға нәтижелі еңбекпен жетпекпіз.
– Уақыт бөліп, мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан А.Сайлауұлы.