Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып, «Аманат» партиясының тізімімен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған Қайрат Рахымұлы БАЛАБИЕВ Үкімет алдында өзі туып-өскен өңірдің өзекті проблемаларын үнемі көтеріп келеді. Жуырда өңірімізге келіп, ауылдарды аралап, сайлаушыларымен жүздесіп қайтқан халық қалаулысына бірқатар сауалдар қойылды.
– Сарыағаш пен Жетісай арасындағы жолдар тозып, қозғалыс қиындап кеткен. Халық қалаулылары бұл проблеманы ұмытып кеткен жоқ па?
– Мәжіліске депутат болып сайланғалы облыс бойынша маған шағымын айтатындар өте көп. Тіпті, олар округіңе қарамаса да, шағымдарына құлақ аспасқа амалың қалмайды. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тасжол жыр болды. Расында да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Бұл жолды республикалық маңызы бар трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілердің жанайқайын жоғарыға жеткіздім. Индустрия және даму министрлігінің мәліметінше, «Жызақ–Гагарин–Жетісай–Киров–Қызыләскер–Сарыағаш–Абай–Жібек жолы» автожолын орташа жөндеуден өткізу биыл басталып, келер жылы аяқталады екен. Қозғалыс қарқындылығының өсуіне байланысты, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында ұзындығы 102 шақырымды құрайтын (4 жолақты) «Қонысбаев өткізу пункті» арқылы Өзбекстан Республикасына шыға отырып, Сарыағаш қаласын айналып өту жолын салу көзделген. Жоба республикалық маңызы бар мәселе болғандықтан халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылады.
– Соңғы кездері жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың айналасында да дау-дамай көбейіп кетті. «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі онсыз да күнін әрең көріп жүрген халықтың қалтасын қағып, елдің жаппай наразылығын туындатуда. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
– Айыппұл мен салық айналасында дау мен шағым, наразылық өте көп. Реттейтін уақыт жетті деп есептейміз. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың мүлтіксіз орындалуы «AMANAT» партиясының қадағалауында. Қазақстанда негізінен
19 029 «Сергек» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде ол ел бойынша 3 413 308 рет жол ережелерін бұзу фактілерін тіркеген. Олардың ең көп орнатылған жері – Астана және Алматы қалалары.
«Жол жүру ережесінің» талаптарына сәйкес стационарлық бейнебақылау камералары және жылжымалы қондырғылардың алдында «Ескерту белгілері» болмағанда айыппұлды жарамсыз деп тануын, осы уақытқа дейін және кейін ескерту белгісі қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалғандарға салған айыппұлдарды төлеушілер тізімінен алып тастауын, айыппұл сомасын азайту мен айыппұл түрлерін қысқартуын сұрап сауал жолдауға тура келді. Өкінішке қарай, көпшіліктің осындай қалауы мен талап-тілегіне Үкімет әлі жауап берген жоқ. Біздіңше айыппұл мөлшерін төмендету керек.
Мені Президент тапсырмаларының жетер жеріне жетпей жататыны алаңдатады
– Сіз өзіңіз Парламент мінберінен мақта шаруашылығының өзекті мәселесін көтердіңіз. Жалпы отырыста еліміздің трансшекаралық өзен-су проблемасын айттыңыз. Бұлардан қандай да бір нәтиже шығып жатыр ма?
– Түркістан облысы – мақтаның мекені. Өкінішке қарай, үлкен сұранысқа ие болған мақта алқаптары азайып барады. Оңтүстік өңірді көзге мақтасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан «ақ алтынның» жойылып кетуіне жол бермеу керек. Қайта керісінше мақта кластерін құрып, өңдеу ісін жолға қою қажет. Мақташылар біресе судан, біресе бағадан қиналды. Өздеріне тиесілі гектарлық субсидиясын ала алмай Астанаға дейін ат терлетіп барып келді. Мақташылардың мұңын Үкіметке жеткіздік. Біріншіден, отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғары дәрежелі шит сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғары дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді, екіншіден, шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімнің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, үшіншіден, елімізде өндірілген мақтаны тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұрап депутаттық сауал жолдадым. Тоқыма өнеркәсібі арқылы әлемдік нарықты жаулап алған мемлекеттер баршылық. Өзімізде мақта өсіріп, жіп иіріп, мата тоқып, киім тіге алмау ұят. Бұған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабын алдық. Онда тоқыма кластерінің 2026 жылға дейін құрылатыны, бұл бағытта бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны айтылған. Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінбей тұрғанда мақта кластері құрылып, бірқатар кәсіпорындар іске қосылған еді. Енді облыстың өз алдына еркін экономикалық аймағын құрып, мақта өсіру және өнім өндіру мәселесін мықтап қолға алу керек деп есептеймін. Өйткені, мақта алқаптары жалпы егістіктің 70 пайызын құрайды. 1 миллиондай адам осы шаруаның басы-қасында.
Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың бір жыры – ағын су. Тоқсаныншы жылдары лотоктардың тоналып, каналдар мен су тораптарының қараусыз қалғаны мәлім. Біреулер құдықты, біреулер скважинаны, ал, біреулер ауыл маңындағы көлдер мен тоғандарды да иеленіп алды. Ел ес жиып, мал мен егінмен айналыса бастаған соң, су проблема боп қалды. Енді сол бүлінген дүниенің бәрін бүтіндеу керек. Президент пәрменімен егістік алқаптарының аясы мен төрт түлік малдың өрісін кеңейту жұмыстары басталды. Түркістан облысында да су, канал, тоған проблемасы күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылданып жатыр. Ағын су мен каналдар бойынша сайлаушылардың сұранысын Үкіметке жеткіздім. Құзырлы министрліктің сауалға берген жауабына қарағанда бұл бағытта қыруар қаржы бөлініп, қауырт жұмыстар қолға алынып жатқан сияқты. Рас болса «ауылдарға ағын су неге жетпей жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Мені Президент тапсырмаларының жетер жеріне жетпейтіні алаңдатады. Сонымен министрліктің мәліметінше Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы ағын судың тапшылығының негізгі себебі көптеген жылдар бойы мемлекетаралық «Достық» магистральды каналына жөндеу жүргізілмеген. Каналдың түбі құмға, қиыршық тастарға толып, қақпалары тозғандықтан орын алған. Күрделі жөндеуді талап ететін каналдың меншік иесі – Өзбекстан. Екіншіден, трансшекаралық объектілерден келетін су ағынының төмендеуінен Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан бөлінетін судың азайып кететіні қиындық тудырады. Су тапшылығының тағы бір себебі – Тәжік-
стандағы Қайраққұм су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетін су көлемінің күрт төмендеуіне де байланысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында сырттан келетін судың азайып, бар судың 40 пайызының құмға сіңіп кетіп жатқанын айтты. Судың құмға сіңіп, елге жетпеуіне заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар да кінәлі. Түркістан облысында 60 шақты өзен бар. Оның ең үлкені – Сырдария мен Арыс өзендері. Сырдария республикалық маңызы бар стратегиялық өзен екені белгілі. Алайда, оның маңыздылығына мән беріп, қауіптілігін ескермейтіндер жағасынан құм ұрлауын тоқтатар емес. Осы уақытқа дейін заңсыз карьер қазушылар қанша ұсталып жатса да, облыс өзендеріне тыныштық жоқ. Жалпы, өзендердің жағасына жер қойнауын пайдаланушыларды жолатпау керек. Шардара, Арыс, Отырар, Сауран, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандарынан карьерлерге қатысты шағымданушылар өте көп. Заңсыздықтарға барғандар мен соларға жол беріп қарап отырғандарға қатаң шара көру керек. Табиғат қорғау полициясы, прокуратурасы, қала берді, эколог мамандар мемлекеттік маңызды нысандарға жанашырлық танытуға міндетті. Бас прокурорға жер қойнауын заңсыз пайдаланып, Сырдария және өзге де өзендердің жағасын қазып жатқандарды тексеріп, тиісті шара көруді, сондай-ақ, туризмді дамыту мақсатында Бұғы тоғай мен Тұттыбұлақ учаскелеріне жол салу, сол арқылы келетін туристердің санын көбейтуді, 2 шақырым қорғау аймағының аясын (буферный зона) екі есеге кеңейтуді, карьер қазуға рұқсат беруді мүлдем алып тастап одан әрі қаталдатуды, Сырдария өзенінің суы мен жағалауын да облыстық әкімдіктің қарауына беруді ұсындым.
– Сайлаушылармен кездесіп жатсыз, кездесуде бұқара тарапынан қандай мәселелер қозғалды?
– Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдарда мәдени, спорттық нысандар ашу ісін жандандыру мәселесі көтерілген еді. Барлық ауылдарда Мәдениет үйі, спорт кешені заманауи талапқа сай болса, жергілікті жұртшылықтың сұранысын қанағаттандырар еді. Сайлаушылардың осындай да аманатын тиісті министрліктерге депутаттық сауал етіп жолдадық. Туризм және спорт министрлігі ауылдар мен қалаларда клуб пен кітапхана және спорт кешендерін салу облыстық әкімдіктің міндетіне кіретінін хабарлады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп-көп рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Баян ДАРҒОЖИНА