Ахмет Ясауи университетінде өткен Жас ғалымдар саммиті тағлымы мол шара ретінде ел есінде қалары анық.
Айта кетейік, екі бөлімнен тұратын айтулы саммит он екінші сәуір – Ғылым күні Астана қаласында бастау алған болатын. Ал, екінші бөлімі өңірлерде жалғасын тапты. Көптеген өңірлік университеттерде отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында осы бағыттағы ғылыми жиындар өтуде. Соларың бірі де бірегейі түркі жастарының басын қосқан білім ордасы , Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінде жалғасты.
Жас ғалымдар саммиті – ғылымның түрлі салаларындағы Қазақстанның дарынды жас ғалымдарының басын қосатын жыл сайынғы шара. Яғни, идеялар алмасу, ғылыми-технологиялық жобалар бойынша ынтымақтастық және елдегі ғылымның дамуына мүдделер мен көзқарастарды талқылайтын алаң. Сонымен қатар, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын нақты белгілеп, ғылымның дамуына серпін беретін шара.
Саммиттің негізгі мақсаты – жас ғалымдардың өзара іс-қимылын ынталандыру, оларға әртүрлі пәндер бойынша тәжірибе және білім алмасуына мүмкіндік беру, оларды ғылыммен, зерттеушілікпен айналысуға бағыттау.
Салтанатты жиынды ашып беру үшін алғы сөзді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов алды. Сондай-ақ, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов пен ЮНЕСКО аймақтық кеңсесінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар секторының меңгерушісі Мақсат Байбеков құттықтау тілектерін жеткізді.
Келесі кезекте, университет ректоры Жанар Темірбекова:
«Құрметті әріптестер, аса қымбатты жас ғалымдар, түркі әлемінің рухани, ал қазақ елінің мәдени астанасы, түркі елдерінің туризм орталығы – қасиетті Түркістан шаһарына қош келдіңіздер!
Біздің оқу ордамызда маңызды іс-шаралар көптеп өтіп жатады. Бірақ, бүгінгі іс-шараның орны ерекше. Себебі, бұл жиынға – қазақ елінің болашағы, сіздер, жас ғалымдар әр өңірден бір-бірлеріңізбен танысу үшін, келешекте еліміздің ғылыми дамуына қалай үлес қосамыз деген үлкен идеялармен алмасу үшін келді деп сенеміз. Біздің университет үшін бұл үлкен қуаныш!»,-деді. Сонымен қатар, жас ғалымдардың дамуы мен еліміздің ғылым саласының өркендей түсуіне үлес қосып келе жатқан Ғылым және жоғары білім министрлігі мен оған қарасты Ғылым комитеті мен Ғылым қорына ризашылығын білдірді.
Ректор өкілі м.а Наджи Генч те Жас ғалымдар саммитінің ашылуымен баршаны құттықтап, шараның маңызы жөнінде тілге тиек етті.
Ашылу салтанаты Жапония мемлекеті, Цукуба университетінің профессоры Такаши Ниномианың «Жапония мен Қазақстан арасындағы халықаралық ынтымақтастық» атты лекциясымен жалғасты. «Цифрландыру, Индустрия және Ғарыш» тақырыптық бағытындағы Қазақстандағы ғылым және инновация бойынша ЕО негіздемелік бағдарламаларының Ұлттық үйлестіру орталығыың сарапшысы Виктория Осипова «Бизнеске арналған Horizon Europe зерттеу жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктері» туралы баяндады.
Жалпы іс-шарада климаттың өзгеруіне байланысты күрделі сын-қатерлерде сарапшылар мен жас ғалымдар бас қосып, осы құбылысқа қарсы тұрудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ, қазіргі экологиялық өзгерістер мен оларды энергетика мен көлікті тиімді дамыту арқылы еңсеру жолдарын қарастырды.