Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында елдегі саяси реформаға қатысты билік ұстанымын жеткізді. Сұхбаттағы Дихан Қамзабекұлы «2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?» деген сауал қойды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы қойылған сұраққа тура жауап берді:
– Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күштеріміздің жоғары басшылығын тағайындайды және оларды қызметінен босатады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы саналады.
Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым.
Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.
Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды.
Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шықтық. Азаматтарымыздың бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады.
– Қаңтар оқиғасынан кейін Сіз түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асыруға кірістіңіз. Оны Батыс та мойындап отыр. Енді кешегі күнге оралмайтынымызды аңғартатын «асудан» астық деуге бола ма? Қайтадан кері кетпейтінімізге қандай кепілдік бар?
– Мен саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтып өттім. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастамалар әзірленіп, жүзеге асырылды. Сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілді. Елімізде олигополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.
Бұл өзгерістер саяси және экономикалық монополия үстемдік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айналдырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ.
Қаңтар оқиғасынан кейін бәзбіреулер «енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады» деп қауіптенді. Бірақ біз керісінше жасадық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық.
Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Реформаның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қайтару мүмкін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды.
Біріншіден, біз Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік. Біреулерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді.
Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақы жоқ.
Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.
Конституциялық Сотта он бір қазы бар екені белгілі. Соның алтауын, яғни көпшілігін, Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағасын Президент тағайындағанымен, міндетті түрде Сенаттың келісімі қажет.
Екіншіден, негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заңның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.
Үшіншіден, реформалардың нәтижесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталатын болды. Мәжілістің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді.
Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін.