ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРҒА САЯ БОЛАР САЯБАҚТАР — 3

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында киелі шаһардың қақ төрінде қаз дауысты Қазыбек биге ескерткіш ашылған еді. Монументтің ашылуына ұлтымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров арнайы ат басын бұрып, түркі жұртының рухани астанасында дәл осындай ескерткіштің болуы заңдылық екеніне тоқталған еді. Ол өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық»-деп ағынан жарылған болатын Халық қаһарманы. Иа, Тоқтар ағамыздың сөзінің жаны бар. Ұлтымыздың ұлылығының үлгісіне айналған Қазыбек бидің сан тарихтың сақталған сырлы сандығындай киелі Түркістанда ұлықталуы дау тудырмас мәселе. Ендігі кезекте осы ескерткіш орын тепкен аллея жайында айта кетейік.

Аллея 2020 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің тапсырысына сәйкес, «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысы жүрген. Жалпы аумағы 0,20 гектарды құрайды. Бұл жерде 200 м2 аяқжол, 20 дана жарықшам, 20 дана орындық және 20 дана қоқыс жәшігі орналастырылған. 600 м2 жер көгалдандырылып, сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы, футбол алаңшасы және street workout-пен жабдықталған. Аллеяға кіреберісте орналасқан әсем аркалары да аталған тынығу орнының ажарын аша түскен. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.

Шаһар көркін ашқан саялы саябақтардың бірі — қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.

«Парасат» саябағының құрылысы Түркістанға  облыс орталығы мәртебесі берілмей тұрғанда құрылысы басталған. Негізігі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіре беріс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған. Саялы демалыс орнында жасанды көл салынып, көпір орнатылған. Тұрғындарға жайлы, қолайлы жағдай жасау мақсатында жаздың ыстық күндерінде салқын ауа сыйлауға сеп болатын арықшалар қоқыстардан тазартылып, көміліп қалған, сондай-ақ топырақ басқан арықтардың көзі ашылған болатын.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Байжанов Алмас мырзаның мәліметіне сәйкес, жаңа жоба бойынша саябақтың бас жоспары өзгертіліп, барлық инженерлік жүйелер (су, кәріз, суару жүйесу, электр жүйелері, жарықтандыру, бейнебақылау) қайта жүргізіледі. Оған қоса Амфитеатр, арка, көлеңкелейтін шатырлар, пергола, кіші-архитектуралық формалар, балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, баскетбол, теннис алаңдарын салу, автокөлік тұрақтары салынады деп күтілуде. Жалпы жобаға сәйкес құрылыс алаңы: 4498,7 м2, жабындылар алаңы: 41 514,0 м2, көгалдандыру алаңы: 87 024,3 м2 құрайды.

Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізіліп, жер тегістеу, аяқжолдар төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2024 жылдың көктем мезгілінде аяқтау жоспарлануда.

Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістан төрінде «Руханият» саябағы ашылған болатын. Саябақ Яссы мөлтек ауданы тұрғындарының ұсынысымен бой көтерді. Алғашқыда тұрғындар бос орынға мектеп салынса деген тілектерін білдірген-ді. Себебі, аталмыш аумаққа жақын білім ордасы жоқ. Оның үстіне бос жатқан жер қоқыстан көз ашпай қараусыз қалған еді. Бүгінде бұл орын шаһарымызға көрік берер саялы саябақтың біріне айналады.

Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын саябақтың ішінде 200 дана жарықшам орнатылса, демалушылар үшін жалпы саны 120 орындық қойылған. Өз кезегінде саялы бақтың ішін жасыл желектендіру жұмыстары да қолға алынған. Яғни мұнда 8000 түп ағаш егіліп, балалардың ойнауына ыңғайлы ойын алаңшалары да салынған. Сонымен бірге жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған арнайы аяқжолдармен қатар үш автотұрақ аумағы мен веложол да қарастырылған. Аталмыш қоғамдық орын демалуға таптырмас мекен.

Қаланың ең көрікті саябақтарын айтқан кезде 2022 жылы пайдалануға берілген «Денсаулық» саябағы жайында сөз қозғамай кетуге болмайды. «Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің» тапсырысымен құрылыс жұмыстары жүргізілген нысанға «Мрамор Гранит Тас» ЖШС мердігерлік еткен. Қазіргі таңда күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ атқарып келеді. Жоба құны 3,0 миллион теңгеге бағаланған баққа 531 түп ағаш егілген. Жалпы аумағы 1,01 гектарды алып жатқан жасыл желек «Түркістан қалалық модульді аурухана» маңында орын тебуінде үлкен мән бар. Себебі, дәл осы денсаулық сақтау мекемесінде дертіне шипа іздеген жандардың бір сәт бой жазып, саялы мекенде демалуына таптырмас орын. Бұл ретте «Денсаулық» саябағы — осындай күрделі міндетті, жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан ақ халаттыларға көрсетілген құрмет және қолдау деп санауға болады.

Жалпы аталған саябақта 19 542,5 шаршы метр аумаққа газон төселген. 10 субұрқақ жаздың аптап ыстығында көлеңке іздеп теңселген әрбір жан үшін таптырмас олжа. 2 үлкен жарық шамдары саябақтың кешкі көрінісін де әрлей түскен. Демалыс орнында балаларға арналған ойын алаңы да бар. 101 орындық пен 101 қоқыс жәшігі келушілер үшін қолайлы. «Денсаулық» саябағы қала үшін аса маңызды аумақта орын тепкен. Ол «Ортақ» мөлтекауданы мен Жаңа қала аудандарын тікелей жалғап тұрған аралық. Сондықтан, бұл маңдарда жаңа нысандардың бой көтеруі орынды.

Киелі қаланың тұрғындары мақтаныш тұтатын тағы бір демалыс орны – Президент саябағы. Жалпы, аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын бұл жер бос алқап болатын. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Биыл көктемде осы су айдынында триатлоннан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өткізілді. Мамандар мен спортшылар Түркістандағы жасанды көлге оң пікірлерін білдірген болатын.

Аталмыш саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрі гүлмен көмкерілген екен. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге, жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері отырғызылып, жарықшамдар орнатылған.

Бұл қаламыздағы саялы саябақтардың бір тізбегі ғана. Көркіне көз тоймайтын демалыс орындары әлі де жеткілікті. Саннан сапаға көшуді талап еткен бүгінгі уақытта 45 саябақтың барлығына емес, олардың жылдар өтсе де өзіндік тартымдылығын жоғалтпағанына мақтануымыз қажет. Осы орайда, жауаптыларға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ауқымы ай санап артқан қасиетті қалада әлі талай жасыл желекпен көмкерілген саялы саябақ бой көтереріне  күмән жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *