«Біздің бағдарламада төрт негізгі басымдық бар. Әрбір азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер беру керек. Мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуі тиіс. Ең бастысы – әлеуметтік әділеттілік. Сондықтан біз мұқтаж жандарды қолдауға көп көңіл бөлеміз.
«Таяудағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетін болады. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Сонымен қатар, біз мұны инфляция деңгейіне екі пайыз қосу арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз», — деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, өткен жылы «AMANAT» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде.
ЗЕЙНЕТАҚЫ 9 ПАЙЫЗҒА, ЖӘРДЕМАҚЫ 7 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Бұл жайында брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бегман Нұрмаханов мәлімдеді.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 9%-ға, ал жәрдемақылар 7%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берген болатын. Аталған төлем 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін төлем 4 көзден яғни, Республикалық бюджет, өмірді сақтандыру қорынан, жұмыс беруші есебінен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді. Ал жұмыс істемейтін төлемге құқығы бар азаматтар үшін Республикалық бюджет және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді», — деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, Департамент 2023 жылы әлеуметтік қорғау саласы бойынша 16 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер аясында жалпы 122 109 қызмет көрсеткен.
«Жалпы облыс бойынша 793 766 адам мемлекеттен төлем бойынша зейнетақы және жәрдемақы алады. Оның ішінде: 190 195 адам – жасына байланысты зейнетақы алушы, 177 980 адам – базалық зейнетақы алушы, 425 591 адам – жәрдемақы алушы. Көпбалалы ретінде жәрдемақы алатын 120 549 отбасы, көпбалалы ана ретінде – 64 354 адам, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын 75 262 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 21 839 және басқа да жәрдемақы алушы – 143 587 адам бар. Зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау жұмыстары бойынша 2023 жылы барлығы 335 958 электрондық іс-құжат қаралып бекітілді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1 қантар айында облыс бойынша мүгедектігі бар адамдардың саны — 98 247-ге жетіп, облыс халқы санының 4,6%-ын құрады. Мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 15,3 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар болса, 84,8 пайызы — 18 жастан асқан ересектер», — деді Бегман Жамалбекұлы.
Департамент былтыр жалпы 27 370 адамды мүгедек деп таныған. Оның ішінде 6 151 адамға алғашқы рет мүгедектік тағайындалған. «Е-Собес» ақпаратттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылы облыс бойынша мүгедектігі бар 63 131 адам оңалтудың техникалық құралдарымен қамтылып, әлеуметтік қызметтер көрсетілген
ТҮРКІСТАН: АЗ ҚАМТЫЛҒАН АЗАМАТТАР ҮЛЕСІ 3,8%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН
Елімізде реформалардың сандық өлшемінен (төлемдердің мөлшері мен мөлшерлемелерін арттыру) сапалық өлшеміне көшуді іске асыру басталды. Үкіметтік деңгейде әлеуметтік-еңбек саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған стратегиялық өзгерістердің бес жылдық және «бес реформалы» жоспары қабылданған болатын. Соған сәйкес, Отбасының цифрлық картасы әзірленді. Цифрлық картаның ерекшелігі: зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмекті белсенді түрде тағайындау, мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету көзделеді.
Осы бағыт шеңберінде елімізде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды, 2024 жылдан бастап балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын аудару көзделді. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарлануда.
Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейлік шегі медианалық табысқа сүйене отырып айқындалатын болады.
Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысында АӘК 154,7 мың адамға тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2% құрады. 2022 жылмен салыстырғанда, облыс бойынша ағымдағы жылы АӘК алушылардың саны 22% — ға төмендеді. Жоспарға сәйкес 2023 жылы әлеуметтік мәселелерімен келетін көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға арналған «Қамқорлық» жанұя орталығы Түркістан қаласында ашылды. Ағымдағы жылға барлық деңгейдегі бюджеттерден жалпы 11,1 млрд. теңге бөлініп, 50 807 техникалық оңалту құралдары мен қызметтері ұсынылып, қажеттіліктің 85,2 пайызы қамтылды. Осы ретте айтатын мәселе, өңірде 97 075 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 82 174 — ересек болса, 14 901 — балалар. Сауран ауданы, Оранғай ауылындағы 50 төсек орынға арналған психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар үшін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2024 жылдың 3-тоқсанында аяқталады деп жоспарланған»,-деді басқарма басшысы.
Түркістан облысында 2024 жылы 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту шараларына бюджеттен 12,2 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінді. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 12,9 мың отбасына немесе 77,5 мың адамға жалпы 2637,4 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 3,6% құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 42,4% азайды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 тоқсанында АӘК тағайындау бойынша белгіленген межеден асырылмады.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау көзделіп отыр деді басқарма басшысы Ә.Темірбаева.
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕЛІ КӨРСЕТІЛІП КЕЛЕДІ
Облыс көлемінде мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында, арнайы оңалту орталықтары мен қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар бюджеттен тиісті мөлшерде қаржы бөлініп отыр.
Атап айтқанда, арнайы протездік-ортопедиялық құралдар, сурдотехникалық, тифлотехникалық жабдықтар мен қоларбалар, санаторийлік-курорттық емдеу орталықтары мен арнайы ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді.
Бүгінде порталда 21 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 146 оңалту техникалық құралдары және 57 санаторий-курорттық емдеу ұйымдары қызметі қарқынды жүргізілуде.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері 98 708 мүгедектігі бар азамат тіркелген. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдаймен 6 875 мұқтаж азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
«AMANAT» партиясының 2023-2024 жылғы «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасының 26 тармағын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар жандар қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында, әлеуметтік инфрақұрылымның облыс көлемінде 667 нысан анықталды. Бүгінгі таңда нысандар тізімі аудан, қала әкімдерінің мүгедектігі бар адамдардың ісі жөніндегі кеңесшілерінің келісімімен аудан, қала әкімдерімен бекітілді. Аталған нысандар арасында білім және денсаулық басқармасына қарасты 235 мемлекеттік нысан, 148 білім беру нысаны, 87 денсаулық сақтау нысаны бар.
Сонымен қатар қолжетімді орта құру мақсатында әкімдіктер жанынан 17 аудан, қалада осы салаға жетекшілік ететін әкім орынбасарының жетекшілігімен жұмысшы топтар құрылды. Ал құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен «Amanat» партиясының аудан, қалалық филиалдарының өкілдері де енгізілген.
Мүгедектігі бар адамдар мен қимыл-қозғалысы шектеулі топтардың қажеттіліктерін ескере отырып, осы бағытта арнайы жұмысшы топ құрылып, өз деңгейінде қызмет көрсетіп келеді.