ТҮРКІСТАН: КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 50%-ҒА ЖЕТТІ – 2

«Өткен жылы  4 ірі жоба аяқталған. Бірінші – Яссы-Шавгар мөлтекауданында су құбыры желілерін қайта құру жобасы.  Жобаны «Азия-Сервис»  ЖШС жүргізуде, одан бөлек 1-2 мөлтекауданы және Ремзауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жобасы. Бұл жобаны «Құрылыс -Тед» ЖШС жүргізді, бұл да 2021 жылы басталған, жыл соңына дейін аяқталып, толықтай пайдалануға берілді.Үшінші бағыт Мақтазауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын «Үш сай» ЖШС жүргізіп жатыр, ол 2024 жылы аяқталады. Ал, төртінші жобамыз «Түркістан қаласындағы жаңа қоныстанған тұрғындарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» деп аталады. Бұл бірінші кезекте, әлбетте су жүйесі тартылмаған жаңа аумақтар, сосын ескі (бұрыннан бар) аумақтарда су тартылмаған көшелерді қамтиды. Бұған дейін қаланың көп бөлігінде ауыз жүйесі құрылмаған, тұрғындар құдық қаздырып, жерасты суларын пайдаланып келген. Мысалы, Шавгар мөлтекауданындағы Н.Төреқұлов көшесіне осы уақытқа дейін су  жүргізілмеген.  (Бұрын ол аумақта түрме болған екен, 90-жылдардан кейін үйлер салынып, бірнеше көше түсіп  қазір үлкен аумақ саналады). Осы Н.Төреқұлов көшесі аумағы,  Отырар тұрғын үй алабында, Оралман, Яссы-Шауғар, Бірлікте (Бірлік аумағы қатты өріс алып, ұлғайып кеткен) қаншама көшелерге ауызсу жүйесі тартылмаған. Жаз айларында ол аумақтарда   жерасты (құдық) су көздері тартылып кетіп, тұрғындар судан тапшылық көреді. Осы жағдайлардың барлығын ескеріп аталған жаңа аудандарды (оның ішінде ескі көшелер де бар) су құбырларын тартып жатырмыз. Бұл жобаны «Бақ береке-2030» ЖШС жүргізуде. Қала  тұрғындарын  ауыз сумен қамту осылай 4 ірі жоба аясында  жүріп жатыр. Осы жобалар толық жүзеге асқанда біз тұрғындарды   ауыз сумен қамтуды – 99,9 пайызға жеткіземіз деп есептеймін».

—  Иә, тұрғын үйлер ауыз сумен қамтылған соң, екінші кезекте туындайтын мәселе сарқынды су яки, кәріз жүйесі.Облыс орталығы болғанға дейін қалада кәріз жүйесімен 27% ғана қамтылған екен. Ол  1-2 мөлтекаудандағы көпқабатты тұрғын үйлер,  осы аумақтағы мемлекеттік және әлеуметтік (мектеп, балабақша, емхана т.б.)  мекемелер  орналасқан нысандар ғана сарқынды су жүйесіне қосылған болатын.

Бүгінде қала бойынша қуаттылығы тәулігіне 20000 м3 сарқынды су тазарту ғимараты бар.  Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500- 5000 м3, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста. Бүгінгі таңда сарқынды су жүйесіне пайдалану көрсеткіші 27%-дан  32%-ға жетіп отырмыз. Бұл әлбетте өте төмен көрсеткіш.  Бұл бағытта да жүйелі және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да бірнеше жоба қолға алынды. Атап өтер болсақ,  2021 жылы басталып 2023-2024 жылдары аяқталатын  жалпы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар: Тұран-2, Отырар-2, Яссы-Ыждыхат, Бекзат, Ортақ-1, Ортақ-2 аумақтары бойынша жүруде.  (Жоба құны 24 009,0 млн.тг,  нәтижесі: 34 157 абонентті қамтиды). Ортақ аумағы өте кең, көлемді аумақ болғандықтан 3 кезеңге бөлініп атқарылуда. Иә, бұл жобалар 2021 жылы басталып, бірқатары биыл аяқталмақ, басым көпшілігі 2024 жылы аяқталады. Кәріз жүйесі құрылысы көбірек уақыт талап ететін ауқымды жоба болғандықтан қаланың түрлі аумақтарында  қолайсыздықтар туындайды, бұрын асфальтталған жолдар бұзылып, шаң-тозаң, қыста лай-батпаққа айналады. Осы сұхбатты пайдаланып қолайсыздықтар үшін тұрғындардан ғафу өтінеміз. Алайда, мұның бәрі халықтың қажеттілігі, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар болғандықтан тұрғындар түсіністікпен қарайды деп сенемін. 2024 жылы бұйыртса, осы  жобаларымыз аяқталған кезде біздің кәріз жүйесімен қамту деңгейміз 50%-ға жететін болады. Бұлардан кейінгі  кезекте «Түркістан-Қызылорда» массивін де сарқынды су жүйесі құрылысы биыл басталады. Яғни, 2 нысанның «Ортақ 3» пен  «Баянауыл» аумағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді, бұйыртса биыл құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады. Сол кезде біздің қаланы  кәріз  жүйесімен қамтуымыз – 95,5 пайызға жетеді.

Кәріз жүйесімен қамту маңызды мәселе. Бірінші кезекте ол қаламыздың экологиялық, санитарлық жағдайының қалыпты болуы,  тұрғындардың  денсаулығы  үшін маңызды. Бүгінде тұрғын үйлердің дені «септикті» пайдаланады. Алайда, олардың көбі талапқа сай емес. (Септик толықтай бетондалып, сыртқа бір тамшы да шықпайтын,  толған уақытында сорғы мәшинелерімен сыртқа шығарып тастап отыруы тиіс). Үй ішінен шыққан сарқынды суды бетондалмаған, жай бір шұңқыр іспетті қазып, бетін жауып қойып сонда жіберетін жерлестеріміз де аз емес. Ол лас су жерастына сіңіп, әлгі біздің 21 су ұңғымасына қосылып жатыр. Ауаны ластап жатыр. Сол себепті де біз әкімдіктің, мемлекет басшысының  тапсырмасына орай мүмкіндігінше таяу уақытта қаланы кәріз жүйесімен толық қамтуға күш саламыз» дейді бөлім басшысы Ержан Имаилов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *