Жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұралары» тақырыбындағы халықаралық конференциясы өткен болатын. Біз бұл мақалада төл тарихымыз зерделенген ғылыми басқосудың мән-маңызы облыс оқырмандарына тарқатып айтып, шолу жасасақ дейміз.
Конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Катар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысты. Қатысушылар «Фараб» кітапханасында «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысып, Түркістан туралы бейнероликті тамашалады.
Конференцияның ресми бөлімінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн және Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, ғылыми жиынның маңызына тоқталып өтті. Алғаш сөз тізгінін алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, биылғы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі аясында ұйымдастырылғанын айтып, , Президенттің арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті конференция қатысушылары, сіздерді «Алтын Орда және оның мұралары» атты Халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Алтын Орда – Орталық Еуразияның ұлаңғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттың саяси-экономикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір, Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!», делінген құттықтау хатта.
Министр өз сөзінің тұжырымды сөзінде Алтын Орданың мәдени мұрасын сақтап, осы ұлы империяның тарихы туралы ғылыми ақпаратты, білімді халыққа кеңінен түсіндіріп, насихаттаудың маңызды екенін атап өтті.
Ал, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бұл ғылыми жиынның руханият ордасына айналған Түркістанда өтуі – өңір жұртшылығы үшін үлкен мәртебе екеніне ерекше тоқталған болатын. «Түркі әлемінің тұмарына айналған қасиетті шаһарда басталған бүгінгі жиынның тереңге кеткен тарихымызды зерделеуде маңызы зор деп есептеймін. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында Халықаралық деңгейдегі мәні жоғары жиындар көптеп өткізіліп келеді. Руханият ордасына айналған Түркістанда «Алтын орда және оның мұрасы» атты ғылыми конференцияның өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Келелі жиында маңызды мәселелер талқыланып, шешімін табады деп сенеміз. Биылғы жылды «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесін ала отырып, табысты бастап отыр. Конференцияны өткізуге мұрындық болған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне және әлемнің озық ғалымдарына алғыс білдіремін. Мемлекет басшысы «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Бұл басқосудың – тарихи шаһардың төрінде өтуі – тарихты терең тануға бет бұрудың жаңаша көрінісі деп білеміз» деді ол.
Конференцияға арнайы келген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн Түркістан қаласы мен түркі әлемінің ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Ясауидің халықаралық ортадағы рөлі мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тарихы тереңге бойлаған қазақ даласының ежелден саяси ортада әлеуеті жоғары болған мемлекеттерге мекен болғанын атап өтті.
Келесі сөз кезегін алған Ахмет Ясауи университеті ректоры Жанар Темірбекова Ұлттық құрылтайдың мінберінен қозғалған бұл жиынның маңызына тоқталды.
«Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жетекші мамандары мен эксперттерінің қатысуымен өткелі отырған Халықаралық деңгейдегі бұл Бас қосудың басты мақсаты – Алтын орданың дүниежүзілік тарихта алатын орны мен маңызын академиялық және заманауи ғылым-білім беру қауымдастығының өкілдерінің алаңын құрып, онда аталмыш тақырыпты зерттеудің жаңа концептуалдық тәсілдері мен тенденциялары, сондай-ақ болашақта бірлескен ғылыми зерттеулер стратегиялары бойынша пікір алмасу», — деді университет ректоры.
Бұдан әрі конференция пленарлық және секциялық отырыстармен жалғасты. Баяндамалар екі негізгі тақырып аясында өрбіді – «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері бойынша Көшпенділер мен фермерлердің тарихи-мәдени симбиозы: міндеттері, ерекшеліктері мен перспективалары». Конференцияда Татарстан Республикасының М.А.Усманов атындағы тарих Институтының Алтын орда және татар хандығын зерттеу Орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Аймақтану» кафедрасының профессоры Айболат Кушкумбаев, Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоглу, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы археология ұлттық орталығының директоры Фархад Максудов, Назарбаев Университеті жаратылыстану, әлеуметтану және гуманитарлық ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркология кафедрасының профессоры Юлай Шамильоглу, Жошы Ұлысын зерттеу Ғылыми институты директоры Жақсылық Сабитов, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов тың ақпаратқа толы тарихи деректермен бөлісті. Жалпы, конференция жұмысы көшпелі қоғамның саяси және этноәлеуметтік институттарының негіздерін, пәнаралық синтез негізінде Алтын Орданың этномәдени құндылықтарының ерекше белгілерін зерттеуді қарастыруға бағытталған. Сарапшылар Жошы ұлысының, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық қаласы, қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қалашығының рөлі мен маңызына тоқталып, жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениеттерінің өзара ықпалы мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен өзіндік тұжырымдарына баға береді.
Конференцияның – академиялық және заманауи ғылыми-білім беру қауымдастықтарының өкілдері әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөлі мен маңызын талқылай алатын, осы тақырыпты зерттеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері мен үрдістері, сондай-ақ стратегия, болашақ бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша пікір алмасатын алаң құруды мақсат етеді.