Бүгінде ғылымды танымал ету және отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе.
Осы ретте ғылымның өзекті мәселелерін көтеруде түркітану ғылымының маңызы зор. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен жанынын ашылған «Түркология» ғылыми зерттеу институты түбі бір түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп әлемге танытатын білім мен ғылым ордасына айналып келеді. Осы орайда біз институт директоры Бүлент Байрам мырзамен орталықтағы зерттеулер барысы жөнінде сұхбаттасқан едік.
- Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде өзіңіз басшылық ететін ғылыми-зерттеу орталығының бағыт-бағдарын айтып берсеңіз. Болашақтағы жоба-жоспары қандай?
– Түркология – түркі халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен антропологиясын зерттейтін ғылым саласы. Мәдени және рухани құндылықтарды жинақтап, басын біріктіреді. Нақты айтқанда түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, этнографиясы тарихы, археологиясы, теологиясы сияқты көп нәрсені қамтиды. Сондықтан институттың негізгі бағыт-бағдары – түркі мәдениетіне негізделген, түркология ғылымына тән тілдік, тарихи, археологиялық ескерткіштерге байланысты теориялық-әдіснамалық зерттеу жүргізу. Осы бағыт арқылы ғылым мен білімнің дамуын және өндірістің өркендеуін нығайта аламыз. Түркі жұртшылығының білім ошағы саналатын университеттің де зияткерлік және инновациялық әлеуетін көтереміз.
Түркология Батыста өте жоғары деңгейде дамыған ғылым. Еуропада, Ресейде бұл тарапта жүйелі ғылыми зерттеу мектептері қалыптасқан. Көне түрік тілін зерттеген, грамматикасын жүйелеп жазған Аннемари фон Габайн айтады: «Түркология ғылым, сонымен қатар ол да бір машық немесе кәсіп. Бірақ түрік халықтары үшін кәсіптен гөрі, ұлттық міндет, парыз деп есептеймін», дейді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Сондықтан біз ұлттық міндетті атқарғандаймыз. Тарихымыз бен тек-тамырымызды зертеп-зерделеу бойынша жұмыс істеуге міндеттіміз. Институтта тіл бойынша еңбектер жазған ғалымдар, фольклортанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, археологтарымыз бар. Әрқайсысы өз саласы бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. Бірақ біз мұнымен ғана шектеліп қалмаймыз. Бүгінде Түркістан түркі халықтарының рухани орталығына айналды. Сондықтан, біз Түркологияны тереңдеп зерттеуге міндеттіміз, осы бағытта көп жұмыс істеуіміз керек. Түркіні зерттеу тек Түркияның не Қазақстанның ғана мүддесі емес. Ол тұтас түркі халықтарының Еуропадан Камчаткаға, Солтүстік мұзды мұхитқа, Үндістанға дейін, араб елдеріне ұласқан тұтас аймақтарда өмір сүретін түркі халықтары бар. Олардың кейбірі өзгеріп, тілдері ұмытылып өзге халықтардың құрамына еніп кеткенмен олардың түбі бір түрік халқынан тараған ұлттар мен ұлыстар екені мәлім. Міне, біз осынау үлкен географиялық аймақты алып жатқан Түрік дүниесін, түркі халықтарының тілі мен әдебиетін, этнографиясын, тарихын, археологиясын зерттеу мақсат-міндетіміз деп есептейміз.
Болашақта қандай міндеттер қойылмақ? Түркістанды – түркі дүниесінің рухани астанасы деп білсек, біз осы түркілерді біріктіретін рухани тамырларымызды зерттеуіміз керек. Іргелі зерттеулер Түркістанда жасалуы тиіс. Түркология ғылыми зертеу институтын түркология ғылымы бойынша үлкен орталыққа айналдыруымыз керек. Біздің бірінші міндетіміз осы. 2002 жылдан бері институт жанынан шығатын (тоқсандық) үш айда бір жарық көретін «Түркология» журналын шығарып келеміз. Осы ғылыми басылымымызда, өткізіп жүрген конференция, дөңгелек үстел материалдарында Түркологияның өзекті мәселелері талқыланады. Ғылыми принциптерге сүйене отырып, өз көзқарасымызды, ұстанымымызды танытудамыз. Қысқасы, алдағы уақытта институтты түркология ғылым бойынша ірі, іргелі зерттеулер жасайтын орталыққа айналдырсақ деген жоспар бар.
– Түркі халықтарының тарихи тамыры, рухани-мәдени өмірі бір-бірімен етене байланысып жатыр. Бұл турасында кезінде «Ататүріктің де айтқаны бар: «Тіл деген бір көпір, тарих бір көпір, мәдениет деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек». Болашақта өзара ықпалдастық, ынтымақтастық тұрғысынан қандай мәселелерде бірігуіміз керек деп ойлайсыз?
– Ататүрік бұл пікірін білдірген кезде Кеңес үкіметінің кезі еді. 1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткен жиында Мұстафа Кемал Ататүрік: «Бүгін Кеңестік Ресей – көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия-Венгрия сияқты оның да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Бүгін қолында мықтап ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлемде сонда жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз – сол күнді күтіп отыру деген сөз емес. Әсіресе, рухани көпірлерге мән беруіміз керек. Тіл – бір көпір, наным-сенім – бір көпір, тарих – бір көпір… Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстардан да ажырап, өте алыста қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған деңгей дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек, — деген болатын. Содан 58 жыл өтіп, КСРО ыдыраған кезде, Ататүріктің сөзін ұмытпаған Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындады.
1991 жылы Кеңес үкіметі құлап Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген осы оқу ордасы, оның іле-шала Қазақ-түрік университетіне айналып, қос елдің достығының символына айналып күллі түрік балаларын бір шаңырақ астына біріктіріп білім беріп отырған осы Ахмет Ясауи университетінің өзі туыстығымыздың, достығымыздың, яки Ататүріктің жоғарыда айтылған пікірінің жемісі деуімізге болады.
Түркология ғылымы, түркі тануды зерттеу бұл университетміздің алғашқы жылдарынан бастау алады. Университетттің бірінші жылдарынан бастап негізінде бар дүние деп айта аламыз.
Жалпы алатын болсақ, Түркияда түркология ғылымы Ататүріктің тұсында бастау алған. Ол «Түрік тілі», «Түркі тарихы» орталықтарын құрды. Өткен ғасырдың басында, осыдан 100 жыл бұрын шамасында Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ә.Бөкейхандар, Еділ-Жайық бойындағы түріктер: татар-башқұрттар, татар зиялысы Ы.Гаспыралы, өзбек зиялысы Абдулла Чулпон болсын, Анадолы зиялылары болсын, қысқасы сол дәуірдегі түрік халықтары зиялылары бір-бірінің шығармаларын оқып, аудармасыз-ақ түсінетін халде еді. Ол кезде түрік халықтары оқымыстыларында өзара мықты мәдени байланыс, жақындық болған. Үлкен Түркістан, Ұлы Түркістан ұғымы болды. Бірақ, түрлі саяси жағдайлардың әсерінен біз бір-бірімізден алшақтап кеттік. Қазір, бір өкінішті жайт: туыс болсақ та біз бір-бірімізді аудармасыз түсіне алмаймыз.
Жалғасы бар